- Негізгі бет
- Үй тапсырмасы
- Уақыт және мен...
Уақыт және мен (эссе)
Уақыт – біздің өміріміз. Уақыт өмірімізден бөлек емес, уақыт пен өмір арасындағы байланыс күн мен оның сәулесі, ағаш пен жемісі, көз бен көру арасындағы байланыс секілді өте тығыз. Басқа жаратылыстарды айтпағанда, адамзаттың уақыт пен мекенге мұқтаж екеніне ешқандай талас жоқ. Уақытты босқа өткізу – мезгілі өлшеулі, құны өлшеусіз өз өмірімізді рәсуа қылу.
Уақытты тоқтатар шамаң бар ма?
Бәрі өтеді: дәуірлер, замандар да.
Менің жаным ашиды бұл өмірді,
Өтпейтіндей көретін адамдарға!-
дейді Мұқағали Мақатаев. Расында кейбір адамдар уақытты өміріміздің ұрысы деп есептесе, бірі уақытты ұлы ұстаз дейді. Ал мен уақытты ұстаз санайтын қауымның қатарынанмын. Уақыттың мені сүріндірген кезі болған емес дей алмаймын. Алайда қолдаған, басымнан сипап көтерген сәті аз емес. Ес біліп, етек жинаған сәтімнен бастап саналы әрекет етуіме, сылбыр ойға жол бермеуіме, ақыл таразысына абай болуыма әсер еткен отбасымдағы тәрбие десем, тәрбиенің бойыма сіңімділігіне әсер еткен уақыт пен оның төрелігі дер едім.
Уақыт – менің өмірім. Мен уақыттан, ол менен ажырай алмаймыз. Ширек ғасырға жетпейтін жиырма жылдық өмірімді уақыт таразысына салып қарасам, ол мені біраз есейтіпті. Бір түйгенім: уақыт бізге жаңа болып көрінген нәрсенің бәрін ескіртеді екен. Сыйлаған қуанышы мен қайғысының төрелігін өзі беріп, емін де өзі жасайды. Біздің қолымыздан бәрі келеді. Біз біраз нәрсені жасап өзгерте аламыз. Тек уақытты емес. Біз уақытқа ешқашан әсер ете алмаймыз.
Адам баласының ғаламшарға бір-ақ рет келетін қонақ екені барлық пендеге белгілі жай. Мұны әлемдік заңғар жазушы Шыңғыс Айтматов «Өмір – бар табиғатымен трагедия, адам баласы көзін ашып пәниге келген сәттен бастап өлімге біртіндеп таяй береді»,– деп қорытындылаған. Ұлы жаратылыстың шетсіз де шексіз уақыт өлшемі бойынша қарағанда бір адамның бұл дүниеде ұзақ ғұмыр кешуінің өзі қасқағым сәттей ғана іс. Тіршіліктің басымен аяғына бағамдай қарасаңыз, адам өмірінің алтын дәуірі, нәтижелі, мағыналы, саналы ғұмыры тіпті қысқа. Жер бетінде су ішері көп болып, жүз жасаған адамның балалық шағындағы жиырма жылымен қартайған тұсындағы қырық жылын шығарып тастасаңыз оның мағыналы, мәнді ғұмыры, алтын дәуірі тек қырық жыл ғана болмақ. Талайына бұйырған алтын дәуірі ұзын не қысқа болсын, оны алтындай ардақтап, өз биігінде оңды пайдалана алған зерделі жандар артына мәңгілік өшпестей із қалтырып кетеді, ал өмірін санасыз мақұлықтай, сенделіп өткізетін зердесіз жандар өзінің адамдық, азаматтық борышын да өтей алмай артына ешбір із, белгі қалдыра алмай кетеді.
Дүниеге уақыт және өмір көзқарасы бойынша талдау жасап, адамдарда болатын уақыт танымының күшті-әлсіздігіне негізделе отырып, адамдарды үлкен жақтан ең әуелі уақытты қадірлейтіндер және уақытты қадірлемейтіндер деп екі үлкен топқа жіктеуге болады. Бірінші, уақытты қадірлейтіндер. Мұндай адамдар уақытпен жарысады. Оларда мейлі қандай іске болмасын алдын-ала дайындаған айқын мақсаты мен нысанасы, соған жету үшін белгілеген жоба-жоспары, соған сай өзіне қойған қатаң талабы, берік ирадасы болады. Олар күн мен сағатты былай қойып, минут не секундты санап, соған сай іс тындыруға құлшынады. Олар тіпті жатқан, тұрған, жүрген, отырған кездерінде өзінің көздеген нысанасына тез жетуге асығады, соған бас қатырып, амал қарастырады. Олардың барлық ісі алдын ала белгіленген жоспар бойынша өз уақытында орындалады. Олар күнделікті өмірде қажырлы, қарапайым, үнемшіл болып, аз бодау беріп көп іс тындырады. Олар өзін алдайтын, уақытты босқа өлтіретін баянсыз, мән-мағынасыз іспен айналыспайды. Тұрмысы әрқашан ретті, жинақы болады. Кей кездері уақытты қадірлейтіндер әлгі уақытты қадірлемейтін тоғышарлар жағынан “Орынсыз әлек болушы, өзін бекер азаптаушы, тіпті дені сау еместер” делініп түрлі жазғырулармен даттауларға ұшырайды. Уақытты қадірлейтіндердің тынбай құлшынуынан күндер өте келе таудай табыс, мол нәтиже туындайды да ол уақытты қадірлемейтін жалқау, тоғышарлар жағынан жазғыруға, көре алмауға, күндеуге ұшырайды. Уақытты қадірлейтіндер әртүрлі іске біртіндеп даму заңдылығы бойынша талдау жасап, көздеген шыңына бағытталған алғашқы қадамының өзін зор сеніммен, үміткерлікпен бастап, көңілге алған биігіне бір-бір қадамнан өрлеп шығуға, онда жолығатын әрқандай қиындыққа бас имеуге белін бекем буады. Ол әсте әлгі уақытты қадірлемейтін жалқау, тоғышарлар сияқты бетке алған ісінің қиындығына төзімсіздік танытып, бастаған ісін жол ортада қалдыратын тұрлаусыз қылықтардан аулақ болады. Соңғы нәтижеде уақытты қадірлемейтін жалқау, тоғышарлар ұтылып, бұл өмірден із дерексіз кетсе, ал уақытты қадірлейтіндер ұтып, артына мәңгі өшпестей белгі, із қалдырып кетеді. Уақытты қадірлейтіндер өзінің шекті өмірінде, артына шексіз байлық, соңғылар алқап, аузынан тастамайтын, үлгі-өнеге етерліктей адами құндылық, ұлағатты ұстаздық обыраз тіктеп кетеді.
Екінші, уақытты қадірлемейтіндер. Мұндай адамдар өз өмір кешірмесіне қарата алдын-ала айқын мақсат-нысана, жоба-жоспар, талап-тілек қоя білмейді. Бұлардың көбі дүрмекке ілескіш болып, артық ұйқы, яғни орынсыз күлкімен тозады, не болмаса екі қолын алдына сыйғыза алмай өмірін жалығумен, зерігумен, өзін алдаумен өткізеді. Олар көбінесе сөйлесе, сөздің майын тамызатын, зырылдауық, құбылмалы қу, өзгелердің көркейгенін көргісі келмейтін іші тар, өсек-өтірікпен жақсыларды даттай жүретін зиянкес, еңбек етіп тер төгуді, бас қатырып ғылым-білім үйренуді қаламайтын жалқау болады. Ондайлар өз үйінің шаруасына қол ұшын беруі былай тұрсын, өз басын дұрыс алып жүруінің өзі мұң болады. Олардың көбі кезеген аяқ, қаңғыбас ішімдік құмар, содыр болып жаман әдеттерді өзіне тез жұқтырғыш келеді. Қоғамдық өмірде сол жағымсыз әдеттерінен тиісті жазаларын да тартады, бірақ одан сабақ қабылдаулары аз ұшырайды. Олар кейде түрлі қылмыстық әрекеттерге араласып түрмеге түседі, әкімшілік жазаға тартылып әке-шеше, туыс-туғандарына айып төлетіп, оларды қарызға батыра жүреді. Тіпті олардың қатарынан өз малын өзі ұрлап сататындар да табылады. Бұлардың көбі өзіндегі олқылықты өз басынан емес, өзгеден іздейді. Өз басындағы кемшілігін әке-шешесімен туыс-туғандарынан, қоғамнан, үкіметтен көреді, соларға міндетси жүреді. Әуелі олар қоңырқалта не кедей отбасынан шыққанына қарамай, жасанды серілікке бой алдырып, өзін сырттай қарамаққа, парасатты, ақылды, қолы ұзын, жомарт, мырза етіп көрсетуге тырысады да, көп жағдайда өзін-өзі жұбатып, сырт көзге жүнін қампайтып көрсетіп, рухани сорлы болып тозып жүреді. Ол өзгелер істеп жүрген шаруаны менсінбегендей, ол шаруамен айланысудан арланған, ұялған, қорланғандай бейне байқатады, іс жүзінде әлгі шаруаның ыңғайын келтіріп істеу оның қолынан келмейді. Бірақ, қолынан іс келмей құр сенделіспен жүргеніне арланбайды. Қашанда барды киіп, бақанын қолына алып, өзі сияқтылардың қатарына қосылғыш болады. Олар алуан сылтаумен отырыс жасағыш, сейіл құрғыш болады. Өзі не бір тиын таппайды, не отбасына бір тиындық қарайласпайды. Өз үйіне өзі қонақ тәрізді өмір өткізеді. Мұндай адамдардың өмірі ата-анасы қартайған шақта да оларға ауыртпалық, масыл болып өтеді. Бұл топтағы адамдар саны жағынан өмірде аз ұшырайды, өкінішке орай, олардың саны аз болғанымен қоғамдық өмірге тигізер кері ықпалы төтенше зор болады. Бұндай адамдар өздерінің тіршілік дағдысын әрқашан оңды санап, оны өзгертуді ойлап та қоймайды. Олардың тұтас ғұмыры өз отбасына айықпас алапат дерт, жасап отырған қоғамдық ортасына ауыртпалық болады. Осылайша, бұндай адамдардың өмірі мән-мағынасыз өзін-өзі алдаумен өтіп, түптің-түбінде опық жеумен арпалысады. Күнделікті өмірде бір адамның уақытты қадрлеуі, өз өмірін қадірлеуі, уақыттың құнын дұрыс түсініп, оны ардақтауы болып табылады. Өйткені уақыт – өмір, уақыт – алтын, уақыт – табыс, уақыт – мезеттік орай. Уақыттың құнын дұрыс түсінетін зерделі жандар осындай талғамда болады. Уақыт жөнінде көзқарасы ұқсамайтын адамдардың өмірде жаратқан құны да ұқсас болмайды. Дұрыс бағалай білген адамға, уақыт–ـ адам өміріне қарата жарылқаушы рөлін атқарса, ал дұрыс бағалай білмеген адамға, уақыт – адам өмірін ұрлап, тоздырып жоғалтатын тонаушы. Құн көзқарасы бойынша қарағанда да қазіргі қоғамымыз уақытты қадірлейтіндерді қуаттайды. Сондықтан адам өз құлшынысы арқылы адамдық құнын айқындап, кейін “қап!” деп опық жеп қалмаудың қамын алдын ала ойлай жүргені жөн. Өйткені, уақытты қадірлейтіндер реал өмірдің саралауында өз еңбекқорлығымен, ізденгіштігімен лайықты орынға шығады да, ал уақытты қадірлемейтін жалқау, тоғышарлар реал өмірдің сын-талқысында менмендігінің кесірінен өздігінен екшеліп ырықсыз күйге түсіп қалады. Әуелі уақытты қадірлемейтін жалқау, тоғышарлар қоғамдық ортада өз күн көрістері үшін амалсыз уақытты қадірлейтіндерге өздігінен бағынышты болып, жалданып өмір кешіруге мәжбүр болады. Мейлі қандай жағдайда болсын, адам уақытты қадірлеп, оны өз лайығында икемді пайдаланып, дұрыс бағытта құлшыныс жасауы үшін ең әуелі өзін жақсы тани білуі тиіс. Ұлы данышпан атамыз Абай адам өміріне қарата: «Егерде есті кісілердің қатарында болғың келсе, күнінде бір мәртебе, болмаса жұмасында бір, ең болмаса айында бір, өзіңнен өзің есеп ал! Сол алдыңғы есеп алғаннан бергі өміріңді қалай өткіздің екен, не білімге, не ахиретке, не дүниеге жарамды, күнінде өзің өкінбестей қылықпен өткізіппісің? Жоқ, болмаса, не қылып өткізгеніңді өзің де білмей қалыппысың?»– дейді. Міне бұл тағылымды сұрау сіздің де өмір сапарыңызға үнемі қойылып отыруға тиіс. Айталық, сіз өзіңізге қарата – өз бойымда, өзіме тән қандай кемшілігім мен артықшылығым бар, қай бағытта, нендей кәсіпке ыңғайым келеді, оған қалай ұмтылғаным жөн және осы кәсіптен бірер нәтиже шығара аламын ба жоқ па, өмірімнің қымбатты кезеңін дұрыс пайдалана алып жүрмін бе, жоқ па деген сияқты сұрауларды үнемі жүргеніңіз жөн.
Адам баласы әрқашан уақытты босқа өткізбей өзіне және қоғамға пайда келтіретін іспен айналысуы, айталық қызмет ететін сәтте құлшына қызмет істеуі, дем алатын уақытта демалып тынығуы, тамақтанатын кезде тамақтануы, мәдени тұрмыспен айналысатын, сейілдеп бой жазатын, спорттық шынғумен шұғылданатын тұста оны да өз лайығында дұрыс пайдалануы қажет. Қысқасы, уақытты дұрыс пайдаланған адам – өзінің дене ақаусыздығын сақтап, рухани жан дүниесін онан ары кемелдендіріп өмірде көздеген мақсатына тез жете алатын болады. Адам өз тіршілігінің әр сәтін үнемі алдынала жоспарлап дұрыс бағытта пайдалануы, уақытты алтыннан да ардақтап жоғары бағалауы қажет. Себебі алтынды ақшаға сатып алуға болғанымен уақытты ешқандай бағада сатып ала алмайтынымыз, өтіп бара жатқан уақытты іркіп, аялдатып, не өтіп кеткен уақытты қайта шегіндіре алмайтынымыз белгілі ақиқат. Біз реал өмірде дүниедегі құбылыстарды өзімізге алданыш етіп, ағарып атқан әр таң мен бозарып батқан әр күннің өзімен бірге біздің ең қымбат, ең асыл затымызды, алтыннан да ардақты уақытымызды қайта оралмасқа алып бара жатқанын сезбей де қаламыз. Сондықтан өмірді шынайы сүйсең уақытыңды, баға жетпес асылыңды аялай, ардақтай біл. Бейне Абай атамыз айтқандай: «Білмеген – соқыр, қайғысыз отыр, тамағы тойса – жатуға»,– дегендей іс қыл. Уақытты қайтып меңгеру, қалай қадірлеп, қайтып толық пайдалану, шекті өмірді қайткенде нәтижелі, мағыналы, мәнді өткізу, сол арқылы нұрлы болашақ жарату – міне бұл көкірегінде жылты, көкейінде ұжданы бар әрбір саналы, есті жанның ең биік ой талғамы болуға тиіс. Өйткені бір адамның уақыт талғамы сол адамның өз өмірін қайтып, қалай өткізуі жөнінен үлкен сын есептеледі.
Өмір бейне жел өтіндегі шырақ тәрізді. Әр адамның жарық күні санаулы ғана. Әр пенденің тіршілік күйі тоқтаусыз кетіп бара жатқан өмір паравозының жолында бір бекеттен шығып, келесі бекеттен түсіп қала беретін жолаушыға ұқсайды. Атамыз Қазақ адам ғұмырының қысқалығын тек қамшының сабына теңеген және халықтық әндерінде «Өткізген жақсыменен жарты сағат, жаманның өтіп кеткен өміріндей»,– деп уақыттың құнын өте жоғары бағалаған. Сондықтан әр күніңді, уақытыңның әр сәтін саналы меңгергенің, мағыналы, мәнді өмір өткізгенің – тұтас ғұмырыңды ұзартқаның болмақ. Қысқасы, уақыт, құнын дұрыс бағалай білген адамға – аса қымбат сезілсе, ал құнын дұрыс бағалай білмеген адамға – мән-мағынасыз, арзан сезіледі. Әуелі ішінара уақыт көзқарасы жоқ адамның өмір сүру тәсілі – хайуан малдың тіршілік дағдысынан тым парықталып кетпейді. Адам өмірінің мезгілмен байланысты үш шағы болады, ол өткен шақ, осы шақ, келер шақ. Өткен шағымыз енді қайтып оралмасқа кетті, онан пайдалану мәңгі мүмкін емес, ал осы шағымыз қолымызда дегенімізбен бірдемде ол да өте шығатын болады, келер шағымыз да тірі пендеге тез жетіп оралады, оралады да аялдамай ол да өте шығады. Оны сөзсіз мынадай игіліктенемін деп алдын ала кесіп айтуыңыз мүлде мүмкін емес. Сонда мәселенің тетігі – осы шақты мықты игере білуіңізде. Әрбір осы шақты мықты игеруіңізден тұтас ғұмырыңызға жетерлік таусылмас байлық, ортаймас ырыс, өмірлік азық, тән дүниеңіз бен жан дүниеңізге қажетті күш-қуат, ақыл-парасат табасыз. Үйренуде, еңбек етіп жақсы тұрмыс кешіруде ешқашан да арлылық болмайды, әрі үйренудің, еңбектенудің шеті мен шегі де болмайды. Ғалымдардың межелеуінше бір қарапайым адам тұтас өмірінде ми энергиясының тек 1 де 2 пайызын ғана істете алады екен. Үйрену қимылының өзі бір түрлі ой еңбегімен шұғылдану есептеледі. Қалыпты деңгейдегі ой еңбегі болсын, әлі де дене еңбегі болсын, ол адам денсаулығын жақсартып, ғұмыр жасын ұзартатын пайдалы қимылдар екендігін ғылым әлде қашан тұрақтандырған жұмыс. Өмірде сіз өз қатарыңыздан оза шауып алда жүруді ойласаңыз онда өзіңізді үйренуге, қажырлылықпен еңбек етіп еңсе көтеруге қамшылаған үстіне қамшылай түсіңіз. Себебі, дәуір доңғалағы сізді жетіп алсын деп тосып, тоқырап тоқтап тұрмайды. Сіздің дәуірмен тең алға ілгерілеуіңіз үшін жалықпай үйреніп, тынбай еңбектеніп, құлшына алға ілгерілеу рухын жетілдіруіңізге тура келеді. Қысқасы, беріле үйрену, құлшына еңбектену сізді барлық келеңсіздіктен, кемістіктен арылтып кемелді кісілікке жеткізеді. Әр қашан білгеніңіз молайып, ой өрісіңіз кеңейген сайын ойыңыз жеткен жерге қолыңызда жететін болады.
Жaйшылықта адамдардың бәрі бұл дүниеге бір-ақ рет келген қонақ екенін әбден сезіп біледі. Бірақ бұл бір-ақ реттік тамаша орайды жеткілікті қадірлеп, өмірін мән-мағыналы өткізу адам біткеннің бәрінің қолынан келе бермейді. Әсіресе жас шағыңызда адам өлмейтіндей, өмір таусылмайтын күндерден құралғандай сезіліп, адамды алдайды. Бейне өмір озбайтындай, тозбайтындай сезіледі де тұрады. Сондықтан әрқашан адам жігер, қайратының бар кезінде үйрену, еңбектену, басқа да түрлі ізденіс жасап, алға ілгерілеуге тиісті жақтарда барынша қарманып қалуға құлшынуы, уақытпен, аймен, күнмен, тіпті сағат-минутпен жарысып оны неғұрлым өз игілігіне жаратып, ұта түсуге ұмтылыс жасауы қажет. Бұл әрбір саналы, есті адамның бойынан табылуға тиісті асыл қасиет деп ойлаймын.
Ә. Жутаева