Қазақ халқының ұлттық мәдениеті мен әдебиетінің қалыптасып даму кезеңінде өшпес өнеге қалдырып, рухани болмысымызды жетілдіру жолында таусылмас терең тағылым көрсетіп, әдебиет әлеміне ұлттық нәр, сан қырлы нақыш сыйлаған жазушыларымыздың бірегейі – Тынымбай Нұрмағанбетов. Жазушы қаламынан туған сан-салалы шығармалары қазақ халқының басынан өткерген тарихи кезеңінің, өз заманының көкейкесті мәселелерінің талай тылсым тұстарынан хабардар етеді.
Тынымбай Нұрмағамбетов шығармаларының көбіне тән бір ерекшелік - кейіпкердің жан әлемін бейнелеудегі нәзік сыршылдық, көңіл-күйінің толқымалы құбылыстарын сезімталдықпен аша білу, шығармада парасат нышанының адамгершілік сипаттарымен үйлесімді дамуы десек болады. Жазушының шығармаларында басты идея кейіпкердің іс-әрекеті, әлеуметтік тіршілігі арқылы ғана емес, тебіреніс-толғаныстары, қуаныш-сүйеніші, өмірге көзқарасы, әртүрлі сезім күйлері арқылы да көрініс табады.
«Жазушы көргенін емес, сезінгенін жазады». Рас-ау, әйтпесе, мына өмірде не болмай жатыр!? Бәрі бірдей қағазға түсті дей аламыз ба? Болмаса, бір жазушы бүкіл көргенін жаза бермейді ғой. Сезім деген нәзік тамыр бар ғой, соған тиіп кеткен кездеее... міне, осы кезде ғана бірдеңе шығады сыртқа.
Толғаныс әр қаламгерде болады. Жиі болады. Оған бірдеңенің әсер ететіні тағы анық. Өзге адам, өзге елдің басындағы қиындық әлгі нәзік тамырды шертіп кеп жібереді де... күйдей төгіледі...
Белгілі қаламгер Тынымбай Нұрмағамбетовтың «Айқай» повесі сонау грек-түрік соғысы тақырыбына арналған. Жазылмас дертке ұшыраған қарапайым түрік баласының тағдырын арқау ете отырып, жазушы соғыс жеңімпазының қуанышы, жеңілушінің қайғысы ғана емес, сонымен бірге соғыс – зауал деген ой тұжырымдайды.
Жазушы бұл повестің алғысөзінде Түркияға барған сапардың әсерінен туғанын жазады: «көне түрік биі... ескі Анкара қорғаны... және фильмдегі алапес дертіне ұшыраған түріктердің тағдыры... уақыт өте келе осы повестің тууына себеп болды».
« ...Ол бір замандарда жас түрік жігіттерінің арманы не еді? Ертерек ержетіп, жорықтарға аттану. Жорықтарда да жеңіске жетіп, елдеріне оралу. Сұлу жар сүю, ұл қызды болу. Ұзақ-ұзақ бақытты өмір кешу. Оһо дегеніңіз... Ол замандарда түріктің жас жігіттерінің қандай арманшыл болғанын сіз, сірә, сол жас түріктің өзіндей болып қиял дүниесіне шым батып кете алмаған жағдайда толық мәнін түсіне алар ма екенсіз!?» - деп жазушы шығарманың басталуында өзге ел өмірінен оқырманға дерек беріп қояды. Түрік ұлтының Қазақпен түбі бір болғанымен салт санасы, дәстүр мәдениеті бөлек. Осы орайда өзге ел туралы, оның тарихының бір бөлігі туралы мұндағы қазақтың жазуы әлбетте оңай емес. Ол үшін үлкен ізденістің керегі анық еді. Шағын әңгіме жазу үшін де сол жазбақ елдің өмір сүру қалыбын білмек керек. Ал осы аталмыш повестің өне бойынан Тынымбай жазушының тымбай еңбектенгені көрінеді. Торо тауының баурайында ержеткен Мехметтің бүкіл өмірін повеске арқау ете отырып, грек-түрік соғысын егжей-тегжейлі баяндайды.
Сурет: bookcoverimgs.com