«50-60-жылдардағы әдебиет жайын айтқанда, ең алдымен көңіл қоятын нәрсе – бұл кезеңнің өзіндік заманалық ерекшеліктері бар екендігі. 1956 жылдың басында КОКП-ның ХХ съезі өтіп, онда Сталиннің жеке басына табынушылықтың қоғамға орасан зор зиян келтіргені анықталған соң, рухани өмірде біраз өзгерістер болды. Әсіресе, 1957 жылы жеке адамның басына табыну қалдықтарын жою туралы Орталық партия Комитетінің қаулысынан соң жұрт қоғамда біраз жаңалықтар болар деп күткен еді. Идеологиялық шылбыр едәуір босаңсып, еркіндік белгілері нышан берді. Бұл әдебиет пен өнерге біраз оң ықпалын тигізді. Ғылымда да солай болды,» – деген әдебиетші-ғалым М.Базарбаев тың игеру тұсындағы әдебиеттің жаңғыру кезеңіне ұласқанын айтады.
Осыған байланысты Сталин қайтыс болғаннан кейінгі дәуір, мәселен, 1967 жылдарға (Қазан төңкерісінің 50 жылдығы) дейінгі кезең, тоқырау заманы бәрі-бәрі әдебиет тарихының үлкен бір тараулары. Бұл туралы ғалым «Әдебиеттің жаңа көзқараспен жазылып отырған тарихы болғандықтан, өткен оқиғалардың осындай шын, объективті суретін беру қажет, ол үшін сол замандардағы әрқилы қоғамдық жайлар ескерілуі керек» дейді.
Қысқа қайырып айтқанда, 50-60-жылдардағы әдебиетте өткен дәуірдегі халық өмірін, оның бостандықты аңсаған үміт-арманын көрсету үлкен орын алды. Қазақ әдебиетінде бұл тақырыпта халқымыздың өткен ғасырдағы ұлы перзенттері, прогресшіл мәдениет қайраткерлері, ағартушылар: Абай, Шоқан, Уәлиханов, Ыбырай Алтынсарин т.б туралы тарихи фактілерге сүйенген бірнеше көркем шығармалар жарық көрді. М.Әуезов «Абай» (1949), «Абай жолы» (1954) романдарын, Ғ.Мүсірепов «Оянған өлке» (1952) романын, С.Мұқанов «Шоқан Уәлиханов» (1954) пьесасын жазды. Х.Есенжановтың «Ақ Жайық» (1954) романы жарық көрді.
1959 жылы «Абай», «Абай жолы» атты төрт кітаптан тұратын романы үшін М.Әуезовке Лениндік сыйлық берілді. 1961 жылы жазушы қайтыс болғаннан кейін оның «Өскен өркен» романы жарық көрді.
Тарихи тақырып Х.Есенжановтың «Ақ Жайық» атты романында да көтеріледі. Онда Батыс Қазақстанда революция дәуірінде болған күрес-тартыстар баяндалды.
1960 жылдары Ғ.Мұстафиннің «Көз көрген», «Дауылдан кейін» роман-повестері жарияланды.
Ақын Т.Жароков «Қазыналы Қазақстан» (1958) өлеңінде бейбіт өмірдегі еңбек жемісін жырлады. Ә.Тәжібаев «Европаға саяхат» деген өлеңдер циклында соғысқұмарлардың арам пиғылдарын батыл сынап, зұлымдық пен қатыыгездікке қарсы өзінше айбат білдіреді. Сонымен бірге, дүние жүзінде кең өріс алған бостандық үшін қозғалыстың жеңімпаздығын мақтан етіп, сол кездерде көп айтылған жер шарын билеп-төстемек болған импералистерге қарсы үн көтерді.
Көп ақындардың өлең-жырларына Отан келбеті, бейбіт өмірдің шырайлылығы, еңбекші халықтың тіршілік, тұрмыс сипаты, жарқын болашақ, бесжылдықтар табысы негізгі тақырып болды. Кеңестік идеологияны сүйретіп жазу өз кезегінде логикалық тапқырлық, астарлы балама ойлар тудыруда табыс әкелгені сөзсіз ындық. Әсіресе, поэзия арнасында адуыны қатты, толқыны толымды әрі қуатты ағын арпалысып жатты.
Бірсыпыра шығармалардың негізгі мақсаты екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан ер-азаматтардың батырлық бейнесін көрсету, жастарды патриоттық рухта тәрбиелеу еді. Жазушы Т.Ахтановтың «Қаһарлы күндер» романында (1958) және басқа шығармаларда қатерлі кезеңнің шынайы көріністері суреттелді. Оның «Дала сыры» (1963) повесі де соғыс әсерінен туған тұнық шығарма еді.
Аталмыш кезең әдебиетінде осындай әрқилы тақырыптар көтерілді. Өзге халықтар секілді қазақ әдебиетінде де ұлттық ұғым-түсінік қайта өріс алды. І.Есенберлин шығармалары осыған дәлел. Әдебиетке жаңа шығармалық күш келіп қосылды. Әдебиеттің жалпы тұлғасы, өсу-өрбуі ерекше, ешкімге ұқсамайтын өзіндік сипатта көрінді.
Майданнан (Ұлы Отан соғысы) оралған Х.Ерғалиев, Д.Әбілев, С.Мәуленов, Ж.Молдағалиев, С.Сейітов тағы басқан көптеген ақындар соғыстың не екенін, бейбітшіліктің қадірі мен қасиетін көзімен көріп, көңілімен сезініп, жанымен ұғына отырып тұщымды туындылар тудырды. Халықтық трагедия... Соғыс туралы жазу – азаттық туралы жазу, бейбіт өмір жайлы жырлау – соғысқа қарсылық. «Түрі – ұлттық, мазмұны – социалистік» деген құрсау принциптің ыдырауының басы жеке адамға табыну әндетін әшкерелеу кезеңінен бет алады. Сәйкесінше С.Мұқановың алты томдық, Қ.Аманжоловтың үш томдық таңдамалы шығармалар жинағы жарық көрсе, 1956-58 жылдары Қ.Бекхожиннің «Мариям Жагор қызы» дастаны, Ғ.Қайырбековтің «Дала қоңырауы», Б.Аманшиннің «Жылқылы ауылда», Ж.Молдағалиевтың «Жыр туралы жыр» поэмасы, Д.Әбілев пен С.Мәуленовтардың «Таңдамалысы», Х.Ерғалиевтің «Құрмағазы» поэмасы, М.Әлімбаевтың «Лирика» жыр кітаптары жарық көрді.
Сонымен қатар, бұл кезеңде прозаның роман, повесть, әңгіме жанрлары көркемсөз өнерінің өзге жанрларымен шығармашылық бәсекеге түсіп, қоғам мен адам өмірінің қилы-қилы тұстарын әрі көкекесті мәселелерін кең ауқымды қамтып, әдебиеттің етекші саласына айналды. Үлкен проза – Ұлы сөз өнері өнімді әрі өрісті даму жолына түсті. Ал, қазақ дараматургиясы туралы әдебеттанушы, ғалым Б.Дәрімбет «бұл кезеңде бұрынғы коммунистік бағытынан айныған жоқ» деген ғылыми пікірін білдірген. Және елуінші-алпысыншы жылдардағы драматургия біртіндеп өзінің тақырып аясы мен айтылар ойдың көкжиегін кеңейте түскенін білдірді. Әдебиеттану мен сын да өзіндік кәсіби іргесі бекіп, жаңа теориялық-әдсітемелік тереңдеу танытты. Жаңа буын, құбылыстар туды.
Осындай «Тар жол, тайғақ кешуден» өткен төл әдебиетіміз бүгін де ұрпақ, ел игілігіне жарап, ұлттық мәдениетіміздің айшықты көріністеріне, сөнбес сәуле, өшпес ізге айналды.
Оқи отырыңыз:
1. Шоқан Уәлихановтың зерттеу еңбектері
2. Сабақ жоспары: М.Жұмабаев «Батыр Баян» поэмасы
3. Cәбит Мұқанов «Аққан жұлдыз» романының көркемдік, композициялық ерекшеліктері
4. Ғабит Мүсіреповтің «Қазақ солдаты» романына талдау
Сурет: 4.bp.blogspot.com