- Негізгі бет
- Үй тапсырмасы
- Тұманбай Молдағалиевтың «Шақырады...
Тұманбай Молдағалиевтың «Шақырады көктем», «Құстар қайтып барады», «Өмір, қымбаттым менің» өлеңдеріне талдау
Тұманбай Молдағалиевтің ақындық өнері мен шығармашылық жолы дүние танудан, адам сезімінің сан алуан үйлесімділігін тоғыстырудан тұратынын байқаймыз. Ақын жырларының өн бойында мейірім, шапағат, жақсылық, адамгершілік, азаматтық, күрескерлік, ата-баба рухына тағзым, атамекенге деген сүйіспеншілік сияқты ұғымдардың асқақтығын неғұрлым биіктету алдыңғы саптан көрінеді. Тұманбай Молдағалиев қашан да толассыз жазып, тебіреніп тереңнен жыр толғап келеді. Ақынның қайсы бір өлеңін оқысаңыз да, отсыз, ойсыз дүниені кездестіре алмайсыз. Ақынның «Шақырады көктем» атты өлеңі де осы ойды қуаттайды.
Бұл өлеңнің желісі алдымен адалдықты, айнымас достықты, ақ ниетті жырлауға құрылса, екінші жағынан барлық өзен-суымен, иісі аңқыған көгі, гүлімен асығып келе жатқан көктемді аңсау деп білеміз. Ақын көктем жайлы бір ауыз сөз айтпағанымен, оның белгілерін жырлағанының өзін – көктемді жырлағаны деп ұғынамыз.
Ақынның сезімге бай өлеңдерінің бірі – «Құстар қайтып барады». Өмірді – асуға, биікке, түпсіз шыңырау, тұңғиыққа балап, табиғаттың әсем шынарын сұлу жырларына қоса білген. Ақынды, жазушыны әдебиетке әкелетін сұлу сезім ол – сағыныш. Сағыныш – өмірге, тіршілікке, туған жерге деген махаббаттан тұрады. Ақын осы өлеңінде сағынышты – табиғатпен, сарала жапырақпен өте әсерлі ұштастыра жазады. Көктемде туған ақынның күн нұрына теңелер жырында адамды неше түрлі қияға, арманға жетелер қуат бар.
Ақынның бүкіл мүддесі, тірлігі – поэзия. Ол біреуге алғысын айтса да, жырмен толғайды, бәзбіреуден орынсыз жапа шексе де өлеңмен тебіренеді. Тағдыр үнемі маңдайыңнан сипап тұрмайды. Тірлікте қаншама шаттық пен қаншама ренішті жағдайлар сабылып, бірінен соң бірі алмасып отырады. Мұндайда ақын өзінің іңкәр сүйіспеншілігін, жан тебіренісін – өлеңіне шағады. Бұл ретте ақынның ақындық парасаты мен болашаққа деген нық сезімі тоғысқан «Өмір, қымбаттым менің» атты өлеңі еске түседі. Өлеңде өмірдің асау толқындарына деген қуатты қарсылық, оқушының бойын шымырлатар сенімді серпіліс бар. Жырдағы жібек сезім, терең ой, бай мазмұн арқылы адамның ұлылығын, қайрат-жігерін, береке-бірлігін дәріптейді.
Ақын өлең жайлы, өлеңнің ғажайып қасиеті туралы жан-жақты толғай келіп:
Өлеңге айтам, өзгеге айтпас нәрсемді,
Бақытыма балам сенді, жар сенді.
Өлең менің – тәтті үнім естілер,
Өлең менің – сәтті күнім – сәрсенбі» - деп, қасиетті өлеңнің құндылығын сезіне білген. Тұманбай Молдағалиев ақындықты, ақын болуды жоғары бағалайды. Себебі ол өзінің бар байлығын да, базарын да өлең-жырмен өлшеген.
Ұқсас жазбалар:
"Құстар қайтып барады" әнінің шығу тарихы
Ж. Исакаев