Ақын неғұрлым халық өмірімен тығыз байланыста болса, оның өнері де өмірлі болмақ. Ал халықпен үні үндес, ұраны бір өнер жанашыры жұртшылық жүлдесіне ие, әрдайым ел ардағы, қауым құрметтісі саналмақ. Поэзияны, өнерді таптырмайтын тәрбие құралы деп ұққан, саналы өмірінде туған еліне өлең сөзімен қалтқысыз қызмет еткен ақын Тұманбай Молдағалиев есімі ерекше аталады. 1935 жылы 20 наурызда Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданындағы Жарсу ауылында дүниеге келген ақын саналы ғұмырын тағылымды істерге жұмсаған. Талай қауымның талғамына татырлық шығармалар жазған Тұманбай Молдағалиевтің алғашқы өлеңдер жинағы 1957 жылы «Студент дәптері» деген атпен жарық көрді. Содан бергі уақыт ішінде ақынның қырықтан астам кітабы шықты. Бірнеше жинағы орыс тілінде Мәскеу, Алматы баспаларынан жарық көрген.
Ақын өлеңдерінің негізгі тақырыбы – адамның рухани дүниесімен астасқан гуманистік, адамгершілік мұраттар. Шығармалары халықтың ең ізгі ойымен, арманымен астасып жатқан Тұманбай Молдағалиев үміт, күйіну, сүйіну, өкініш т.б. сезім күйлерін ерекше тебіреніспен өлеңге айналдыра біледі. Туған елінің өнер дариясынан еркін сусындап, бойындағы бар асылын жұртына қалтқысыз жұмсаған ақын тағдыры – бақытты тағдыр. Ақынның ақындық сыры шынайы адамдық қылықтарға, жас адамға лайық сезім шыншылдығына, терең астарлы ойға құрылған.
Тұманбайдың сыршыл ақын екендігі оның табиғат туралы жырларынан да байқауға болады. Өлең жолында игілікті еңбек еткен ақынның жырларында табиғат шаттанып, күйзеліп, мұңайып, ойланып тұрғандай күйде болады.
"Алма ағаштар жырлады
Ақшыл көйлек киіп ап", - дейді ақын. Көктемде гүлдеген алма ағаштарының ақ бүршіктерінің көйлекке теңестірілуі ерекше әсер етеді. Адам табиғаттың бір бөлшегі екені сезілетін «Алматыда қар жауды түніменен», «Көктемдей бейне айрылған ерте көріктен», «Шақырды дала, шақырды кел деп Алатау» т.б. өлеңдерінен астарлы мағыналар аңдалып қалып отырады. Кейде жыл мезгілдерінің әрқайсысынан белгілі бір мағына тауып алып отыратыны бар.
Тұманбай ақын өлеңдерін оқып отырып, ақын бойындағы сүйіспеншілік сезімі туған табиғат арқылы келгендей күй кешесің. Сонымен қатар халықтың ғасырлар бойына аңсап күткен асыл арман, үмітін, бар талап-тілегін айтуды да ұмытпайды. Ақын ылғи оқырманын толғанысқа бөлеп отырады.
"...Өмір деген – алысқа аттаныс,
Қайда ұшсаң да, қасиетіңді сақтап ұш.
Бүгін дырдай көрінгенмен, күні ертең,
Мен сендерге бола алам ба мақтаныш?" ... Бұл тамаша өмір – қол жетпес қиял, арман емес, қазіргі біздің шын, күнделікті бақытты өміріміз деген өзінің қуанышын білдіреді. Қазақ ақыны Тұманбай үшін Отаны, елі, жерінің тағдырын жырлау – негізгі мақсат, биік мұрат іспетті.
"Қайда жүрсем, ойлап сені жүремін,
Сүйікті елім, момын елім, ұлы елім.
Саған ғана арқамды мен сүйедім,
Саған ғана аяғымды тіредім", - деп ақын үлкен тебіреніспен сыр шертеді. Тұманбай Молдағалиевте өмірден, тұрмыстан алшақ алынған тақырып жоқ. Ол үнемі күнделікті өмір құбылысын, адам тіршілігін жырлады.
Ақын өлеңдерінің бір тобы – арнау өлеңдер. Олардың әрқайсысы белгілі бір адамға, көрнекті тұлғаға арналып жазылғанымен, әр өлең философиялық ойға бейім. Атап айтқанда, ол үшін Абай, Мағжан, Қасым, Әбділдалар көркем ойдың келісті үлгісі сынды.
Өлеңмен арнау, халықпен сырласу – Тұманбай Молдағалиевтің творчестволық әдісіне, сүйікті жанрына айналады. Ақын жүрегінен жалын боп атқан жыр оты жыр сүйер қауымға мұқалмас қайрат қосты.