- Негізгі бет
- Үй тапсырмасы
- Тұманбай Молдағалиев шығармаларында...
Тұманбай Молдағалиев шығармаларында дәстүрді шығармашылықпен игеру мәселелелері
Тұманбай Молдағалиев 1935 жылы Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Жарсу деген ауылда дүниеге келген. 1956 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін бітірген. Өзінің шығармашылық еңбек жолын "Лениншіл жас" газеті мен "Пионер" журналынан бастайды.
Тұманбай Молдағалиев- таланты ерте танылған ақындардың бірі. Ол әдебиетке 1956-1957 жылдары келген. Тұңғыш жинағы "Студент дәптері" деген атпен 1957 жылы жарық көрген. Содан бергі уақыт ішінде ақынның қырықтан астам кітабы шықты. Алғашқы өлеңдерінен-ақ ақын жаңа кезең талабына сай жаңа ізденістердің бетін таныта білді. Елуінші жылдардың орта кезінен күнделікті баспасөз беттерінде жариялана бастаған оның өлеңдері оқырмандарды селт еткізіп, әдебиет сүйер қауымды өзіне баурап алды. Оның себебі ақынның адам сезімін, оның көңіл-күйін, жастықтың құпия сырын шынайы бейнелеуінде еді. Адам еркін тежеген, ойыңдағыны еркін, ашып айта алмайтын осы бір тұсаудан бізді партиямыздың ХХ съезі құтқарды. Тұманбай осы бір тұста әдебиетке келді де адам ырқына ғана тән еркін ойды, ашық, бүкпесіз сөзді айтты. Жастығын, махаббатын, туған елінің табиғатын, көктемін жырлады. Шын сезімді, сүйіспеншілік сырын аңсап отырған қауым ақын өлеңдерін ду көтеріп әкетті. Ол әдебиетке осылай жастықтың, махаббаттың, көктемнің жыршысы болып енді.
Сыршыл лирикалары. Ол қазақ поэзиясына жаңа лепті, адам сезімін, махаббатты өзіндік бір нақышпен , нәзіктікпен, шынайы тебіреніспен беруді алып келді. Өмірдегі қандай құбылысты алса да, ақын адамның өміріне, тіршілігіне, асыл мұратына бағындырады, заманымыздың алдыңғы қатарлы идеялы тұрғысынан бағалайды. Ол әдемілікті, жарасымдықты жырлайды. Адам жанының сұлулығын іздейді. Табиғат құбылыстарынан да осыны іздеп, соған құмартады. Жыл мезгілдерін жырлай отырып, адамның көңіл-күйін айтады.
Арман көп-ау жетпей жүрген жетем деп,
Туған елге қайтсем қарыз өтелмек.
Үйден шығам, үйдей жүкті мойнымнан,
Бүгін тағы түсіріп қайтсам екен деп,-дейді оның лирикалық кейіпкері. Ақынның лирикалық кейіпкерлерінің парасатты ойы бар, сезімі таза, гуманистік сипаты айқын, арманшыл, қиялшыл, ізденгіш жандар. Оның өлеңдерінде адамда болуға тиісті табиғи сезімдер, үміт, арман, күйіну, өкініш барлығы да еш жалғаны жоқ, таза, табиғи күйінде беріледі.
Үлкен гуманистік, адамгершілік мұраттарды дәріптеп жырлау қай кезде де болмасын өзекті. Бүгінгі оқырман үшін де, ертеңгі оқырман үшін де бағасын жоймақ емес. Мұны ақын жақсы түсінген.
Адал жанға оқ атпасам деп жүрем,
Ақ жүрегін қанатпасам деп жүрем,
Онсыздағы қасіреті көп өмірде
Қасиетімді жоғалтпасам деп жүрем,-деп ақын қасиет деген адамға берілген айрықша сын екенін паш етеді. Ақынның "Айтшы, Алатау" атты өлеңінде:
Өмір деген алысқа аттаныс,
Қайда ұшсаң да қасиетіңді сақтап ұш.
Бүгін дырдай көрінгенмен, күні ертең
Мен сендергебола алам ба мақтаныш?- деп, өзіне-өзі сауал қоя білген ақынның өр мінезбен қайраттана, еңбектене беретініне оқырман сенеді. Оның жырларында кездесетін ұшу, алға самғау образы осының дәлелі.
Махаббат лирикасы. Ақын бүгінгі замандасымыздың ішкі жан дүниесіне зер салады, оның рухани байлығын барлайды. Тұманбай Молдағалиевтің махаббат тақырыбындағы өлеңдерінде мұңаю, елжіреу, өкіну көп кездеседі. Ақынның "Шығармадың әдеттегі салтпенен" деген өлеңінде:
Сыр берместен өлсем-дағы тегі мен
Көзімдегі жасты сүртіп жеңімен
Ауылыңнан мен алыстап кеткенше
Қимай қарай қалды деген сеніммен...
Мұнда лирикалық қаһарманның қызды сүйетіні, қимауы, қиналуы-бәрі нақты арпалыс сезім арқылы суреттелген. Тұманбай Молдағалиевтің қай өлеңінде болмасын терең ой, нәзік сезім мол. Ақын күннің нұрына, айдың жарығына, жұлдыздың жымыңдағанына құмартады. Ол көктемнен жастықты, гүлден махаббатты табады. Ақын лирикасындағы тұрақты образдар: күн, жарық сәуле, көктем, жаз, күз, жасыл жапырақ, жайқалған гүл. Ақын:
Ақ қайыңым сен болып тұра берші,
Мен болайын көктемің көптен күткен,-деп өтініш жасап, қайыңды сүйген жар бейнесінде алады. Ақынның "Феруза туралы жыр" поэмасы махаббат жайлы әсем айтылған сыр. Поэмада бай мазмұн, биік идея, нәзік те нәрлі лиризм бар. Ақын мұнда албырт жастықты, адал махаббатты жырлайды. Түркімен аңызының ізімен жазылған поэманың оқырманға айтары- махаббатты, қасиетті сезімді қастерлеу. Осы арқылы адал, абзал қасиеттерді биіктету идеясы анық байқалады. Ақын поэзиясы ешкімге ұқсамайтын өзгеше әлем. Сарынынан жаңылмайтын, сағасынан асып -тасып шықпайтын, сабырлы да саялы сұлу дүние. Ақын Тұманбай балғын жас кезінен ақырғы сағаттарына дейін өмірді кең толғап өтті, халқына тән дістүрмен тебіреніп өз жолын тапты. Ақынның өзі қандай мейірбан, бауырмал, адамсүйгіш болса, поэзиясы да сондай мөп-мөлдір , тап-таза қалпында адам жанын жылыта білді. " Сезім, шіркін,ақ жаңбырға ұқсайды, Алматыда жаңа жауып басылған" деп өзі айтқандай , ел құлағын елең еткізген лирикасы да ақ жаңбырдан кейінгі тау самалындай тыңдаған жанның жүрегіне әп-сәтте жетіп тынады. Бояуы анық сурет, тартымы терең асыл ой , әуез, аңсап тұрған әсем лебіз, мөлдір сезімнің сәулесі Тұманбай өлеңдерінің негізін құрады.
Тұманбай Молдағалиев шетел тақырыбына қалам тартқан алғашқы ақындардың бірі. Ақын шығармашылығының елге танылар тағы бір аренасы- ән-өлең жанры болып табылады. Оның "Куә бол", "Шақырады көктем", "Бақыт құшағында", "Құстар қайтып барады",сияқты өлеңдері әдемі әуенмен жарастық тауып халық арасына кеңінен таралып кетті. Ақын заманның ағымына сай өзгерген әлеуметтік жаңалықтарға жіті қарап, Тәуелсіздік әкелген жаңа өмірдің ең озық жаршысына айналды.
Ә. Жутаева