Оралхан Бөкейдің туған жерді сипаттауында өзгешелік бар. Бұл туралы Қасым Қайсенов «...Өзі туған Өр Алтайындай оның асқақ та биік адамдарын өршіл рух, кестелі тіл бедерімен жыр ететін Оралхан Бөкей – сөз өнерінің әлеміндегі ірі құбылыс болып қалды. Оралхан өзі туған табиғатына ұқсас еді. Алтайдай асқақ, оның оқ жетпес шыңдарындай биік еді. Өркеш-өркеш тастарындай ірі еді. Қалам сілтеген алыптардың бірі еді. Шығыстан жарқырап шыққан жұлдыз еді» деген екен. Оралхан Бөкейдің барлық шығармасымен таныс оқырман Қасым Қайсенов айтқан әр сөзге дәлел тауып отырады. Себебі оның шығармасында ауылы, туған жері, туған елі ерекше суреттеліп, онымен қоса, өзінің тілдік тұлғасы көрініп отырады. Оның шығармасындағы табиғатты, пейзажды, соның ішінде, заңғар тау-тасты бейнелегенін оқып, автордың өр тұлғасын, алыптығын көруге болады.
Салықсалғанның иығында отырған ауылдың көрінісінен бастау алатын әңгіме табиғаттың сиқырымен оқырманды бірден баурап алады. «...Шілденің дәл ортасы болса да, бұл жерде қоңыр салқын, бұлтсыз күндері тамылжыған тамаша мезгіл басталушы еді. Не ыстық емес, не суық емес жайлаудың жайма-шуақ сәтінде төбеңде көкпеңбек болып төңкеріліп тұрар аспанға қарағайдың бүршігін лақтырып ойнайсың. Қанша құласаң, ауырсынбайтын, қанша аунасаң, жапырылмайтын күлтеленген күреңсе балапан табанымызға кілемдей жұмсақ тиюші еді-ау. Теңіз бетінен қаншама биік болғанмен, осы Салықсалғанның кез келген жерінен жер ошақ қазсаң, көлкілдеген су шыға келетін. Әсіресе жаңбырлы күндері қырдан құлаған бұлақ лайсаңға айналып, шошайтып-шошайтып қарағай бөренеден қиып салған үйлердің мазасын кетіретін...» Дәл осы пейзаждың шынайылығы мен ерекшелегі «Қанша құласаң, ауырсынбайтын, қанша аунасаң, жапырылмайтын күлтеленген күреңсе балапан табанымызға кілемдей жұмсақ тиюші еді-ау...» деген тұстан көрінетіндей.
Автордың палитралар мен бояуларды қанық бере алатын қасиеті оқырманға көз алдына елестетуге мүмкіндік беретіндей. «Салқын, бұлтсыз күн», «тамылжыған тамаша мезгіл», «жайма-шуақ сәт», «көкпеңбек болып төңкеріліп тұрар аспан», «қанша құласаң, ауырсынбайтын, қанша аунасаң, жапырылмайтын күлтеленген күреңсе», «балапан табан», «көлкілдеген су», «жаңбырлы күн» деген эпиттетті тіркестер Салықсалғанның демін сездіретіндей. Күлтеленген күреңсенің жас балалардың табандарына мамықтай сезілуін «кілемдей жұмсақ» деп теңеумен суреттеуі де тым әсерлі. Салықсалғанның сулы-нулы жер екенін «Салықсалғанның кез келген жерінен жер ошақ қазсаң, көлкілдеген су шыға келетін» осы сөйлем арқылы түсіндіреді.
«Ол кезде колхоз. Колхоздың сиыры күніне үш рет сауылады. Ал әр сауынның арасында шөп шауып, оны маялайтын. Кешке, тіпті, күні бойы сеператорға сүт тартып, май шайқайтын. Шаршау дегенді білмейтін қыз-келіншектер соғыс жылынан кейінгі бейбіт күннің шуағына жылынып, сызылта ән салатын. Тау арасында жылтылдатып от жағып, ән шырқағанда, лаулаған жалын бақсыдай тілін жалаңдатып күй шертіп, тау-тасты күңірентіп тұрғандай әдемі сезілуші еді-ау...» Ауылдың табиғатпен астасып жатқан күйбең тіршілігі осылай қайнап жатады екен. Ауыл қыз-келіншектерінің уақыттары өлшеулі. Құдды бір таудың кешіне үлгеруге асығатындай. Бейбіт күннің кешкі салқынында, тау арасында, жиында лаулаған жалын ауылды әлдилейтіндей. Осы суреттеулерде автордың қолданысындағы теңеулер үйлесімділікпен орын тапқан. Тау арасында лаулап жанған жалынды бақсының кейпіне теңеуі әлгі отқа жан бітіргендей әсер береді.
Бұл жайма-шуақ күннің суреті еді. Ал жауынды күні табиғат бұл әңгімеде былай суреттеледі. «Жаңбыр толастар емес, құлаққа тасқа тиіп тайғанап жатқан сыбдыр-сыбдыр үн естіледі. Күркіреп-сарқырамай, ұрлана жауған нөсер қайдағы-жайдағыны еске түсіріп, қиял дүниесіне жетелейді немесе маужыратып ұйқыны келтіреді екен...» Осы тұста жаңбыр тамшысының сыбдырын қалай естіртеді десеңізші. «Тасқа тиіп тайғанап жатқан сыбдыр» секілді дейді. Күркірсіз, сартылсыз. Өз бабымен, жаймен жауып, тіршілікпен арпалысқан ауыл тұрғындарына қиялға батыратындай сабырлық сыйлайтындай.
Жайлаудың жадыраған ашық күні. Автор осы сәттерді қимастықпен еске алып отыр. «Биіктеген сайын қалың барағы орман таусылып, таудың таз төбесі басталатын. Заңғар таудың төбесінде үнемі суық жел соғып тұратындықтан, ағаш болмайды және шөп те бойлап қалың өспейтін тақыр. Жазды күндерде үнемі сезіміңді сергітер майда леп есіп тұрар еді. Ал шоқырлар өркеш-өркеш болып, көк күмбезіне найзадай кіріп, ұшпалана қол бұлғайтын. Қыздың жиған жүгіндей тай-тай, тең-тең жақпар тастың ара-арасына тас сарымсақ өседі...» Автор «заңғар таудың төбесінде үнемі суық жел соғып тұратындықтан, ағаш болмайды және шөп те бойлап қалың өспейтін тақыр» деп не үшін ағаш өспейтінін анықтап түсіндіріп, өз оқырманына ауылды таныстырып жүргендей. Шоқырларды түйенің өркешіне теңеп, көк аспанға найза секілді сұғылардай етіп суреттейді. Ал көлемдері бірдей тау тасын қыздың жиған жүгіне теңегені автордың шеберлігі секілді. Осы әңгімені оқып отырып, мынадай ой туады: егер автор бұл әңгімені басқа өлкеде суреттесе дәл осылай әсерлі туар ма екен?! Жоқ. Себебі осы суреттелген Моңғолияның бер жағындағы Салықсалғанның тау-тастары Тортайы мен Орашын өзге жерге қимас еді.