«Тортай мінер ақ боз ат» әңгімесіне негіз болған ауылдың күйбең тіршілігі әңгіме басында азды-көпті айтылып кетеді. Шілде айындағы саф ауа, керемет табиғат көрінісі мен күндіз-түні тыным таппайтын ауыл өмірі әдемі суреттелген. Бұл – автордың шеберлігі. Қазақ ауылының қайнап жатқан тіршілігі, ара-арасында шырқалған ән, маздап жанған ошақ, жиналмайтын алтыбақан – тірлік пен думанның астасқан ортасы.
Моңғолияның бер жағындағы Салықсалғанның иығында орналасқан ауыл. Осы ауылда Тортай мен Ораштың балалық шағы өтті. «Біздің ауыл Салықсалғанның иығында орналасқан...» Осылай басталатын әңгіме сөзімізге дәлел. Әңгіме басын оқып отырып, жаздың жайма-шуақ күніндегі ауылдың табиғаты көз алдыңызға бейнелене кетеді. Суға бай, құнарлы жерде мал да қоңды болатыны белгілі. Бұл ауыл мал өсіріп, өнімін алып отыр.
«...Ол кезде колхоз. Колхоздың сиыры күніне үш рет сауылады. Ал әр сауынның арасында шөп шауып, оны маялайтын. Кешке, тіпті, түні бойы сеператорға сүт тартып, май шайқайтын. Шаршау дегенді білмейтін қыз-келіншектер соғыс жылынан кейінгі бейбіт күннің шуағына жылынып, сызылта ән салатын...» Осы бір үзіндіден-ақ ауыл тіршілігін көруге болады. Сиыр күніне үш рет сауылады, оның арасында шөп шабылып, маяланады. Бірі сауып, бірі шөп шауып, бірі шөп басып, бірі маялап, енді бірі таңды-таңға атырып, сүтті сеператордан тартып, бірі май шайқап, өз күндерін өздері көреді. Кешкісін ауыл ішін жастардың шырқаған әні шарлайды. Бейбітшілік орнаған заманның тыныштығында тек осы бір ауылды шарлаған ән естілгеніне не жетсін?
«...Біздер, балалар, күні бойы өгіз үйретіп, бұзау жаямыз, үш уақ сиыр сауғызамыз...». «...Жайлаудың жадыраған ашық күндерінің бірінде Тортайға еріп, бұзау бағуға шықтым. Менікі еріккеннің ермегі сықылды еді. Тас шоқының шұба басына дейін бұзауларды өргізіп бардық та, еркіне қоя бердік...» Мына үзінділерден ауыл балаларының бұзау бағудан қолдары босамайтынын көреміз. Қолдары босай кетсе, көкжиекке қарап, әңгіме дүкен құрады.
«Ымырт үйіріле алтыбақан құрған азаматтардың маңайында арпалысып, тиіп-қашып, ұлардай шулап ойнап жүргеніміз...» Ауыл қауырт шаруасымен арпалысып жатса да, алтабақандары бір жиналмайды екен. Ара-арасында көңілдерін көтеріп, сауық құрады. Ойын балалары да осы кезді пайдаланып, ауылды шулатып жібереді екен. Ал күз жақындағанда, фермадағы барлық бала жайлаудан ауылға оқуға аттанады. Бұл кезде ауыл тынышталып қалатыны сөзсіз.
«Былтыр жазда демалыс алып, ауылға тағы бардым. Әкемнің төрт бөлмелі, бау-бақшалы үйінде еркін сайрандап, тойып жеп, тасыраңдап жүрмін» деген автор сөзінен ауылдың мал өсіруден басқа, бау-бақшамен, егістікпен де айналысатынын көруге болады.
Міне, «Тортай мінер ақ боз ат» әңгімесіне негіз болған ауыл тіршілігі осылай өтіп жатады. Қарапайым қазақ ауылының тіршілігі.