Төлеген Айбергенов 1937 жылы 8 наурызда Қарақалпақ елінің Қоңырат деген жерінде дүниеге келген.1959 жылы Ташкенттің Низами атындағы педогогика институтының қазақ тілі мен әдебиеті факультетін бітіріп, туған ауылында мұғалімдік қызмет атқарады.
Низами атындағы Ташкент педагогикалық институтын бітірген (1959). 1959-62 жылдары Қоңырат ауданындағы орта мектепте мұғалім, 1962-65 жылдары Шымкент облысының Сарыағаш ауданындағы кешкі жастар мектебінде директор. 1965 жылдан бастап Қазақстан Жазушылар одағы жанындағы әдебиетті насихаттау бюросында қызмет істеді. Айбергеновтың өлеңдері республикалық баспасөзде 1957 жылдан бастап жарияланды. Туған жерге деген албырт сағыныш пен мөлдір махаббатқа толы бір топ өлеңдері 1961 жылы шыққан "Жас дәурен" атты жинақта басылды. Отанға, туған елге деген сүйіспеншілігін, замандастарымыздың рухани сезім байлығын, ізгі тілеу, ақ ниетін жарқырата ашқан, қазақ поэзиясында өзіндік жаңа ырғақ, тегеурінді екпін әкелген поэтикалық жыр кітаптары - "Арман сапары" (1963), "Өмірге саяхат" (1965), "Құмдағы мұнаралар" (1968), "Мен саған ғашық едім" (1970), "Аманат" (1975), "Бір тойым бар" (1981), балаларға арналған "Бақшаға саяхат" сурет-кітапшасы (1985) жарық көрді. Сондай-ақ, орыс тілінде "Мир созвездья" (1987) деген атпен таңдамалы өлеңдері аударылып басылды. Айбергеновтың "Ақ ерке, Ақ жайық", "Жаңғырған Маңғыстау", "Қазақстан", "Сені ойладым", "Мені ойла", "Ақ қайыңдар", "Бір тойым бар", т. б. өлеңдеріне жазылған әндер ел арасына кеңінен танымал. Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты (1974, қайтыс болғаннан кейін). 1997 ж. ақынның "Таңдамалы өлеңдер" жинағы мен ол турапы жазылған "Біргемін мен сендермен" атты естелік кітабы жарық көрді.
«Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп», Абай сүрлеуін салып, Алаштың болмысын адам баласына паш еткен қазақтың түпсіз тұңғиық жер асты суындай тұнық та, мөлдір поэзиясының саф таза сағыныш пен махаббатқа толы мекені - Айбергенов әлемі десек артық айтпаймыз. Айбергеновтің ай сәулелі жырлары жанымызды ізгілік пен мейірімге бөлеп, өмірді сүюге үндеп тұр.
Адамдар
О, адамдар, біргемін мен сендермен,
Ықыласыңа еш нәрсені теңгермен.
Сендер менің бақытымның бұлағы,
Сендер менің дарыныма жел берген.
Өздеріңмен өмір шыңын бірге астым,
Жарты құртты бөліп жедім, сырластым.
Дүниеге келгенім жоқ шет жүріп,
Рақатын ойлау үшін бір бастың.
Гүлстанға айналдырған тақырды,
Болат қолдар, алғыр милар ақылды,
Сүйемін мен, сүйемін мен сендерді
Алар демім қалғанынша ақырғы.
Менің үшін бірдей тілің, жынысың,
Көбің ана, көбің аға-інісің.
Достық өскен, ерлік өскен ортаңа
Енген сайын кеңи түсер тынысым.
Не кездессе өздеріңмен көрмекпін
Қарапайым адамдары еңбектің!
Барлығын да бағыштар ем сендерге
Махаббатын маған берсе жер-көктің.
Қолыңнан қала тұрса тас қаланып,
Құдіретіңе табынса аспан алып.
Сен жасаған бақытты көріп тұрып,
Сені сүймеу не деген масқаралық.
Алдымнан көрген емес жол кесіліп,
Келемін демеуіңмен өрге шығып.
О, адамдар, ғапу ет, шалыс бассам,
Кешіріңдер,
Менікі пендешілік.
Айбергенов поэзиясының әсеріне елігіп, ақ жүректі ақынның егіле-төгіле жырлауына еліктеп өскен жыршылардың бірі - Мұхтар Шаханов. Талай шырғалаңға ұшыраса да Махамбет мінезді Төлегенше жазуға талпынған ақын. Ол өз сөзінде: «Төлеген Айбергенов, Шәмші Қалдаяқов үшеуміз ерекше достық қарым-қатынаста болдық. Анам марқұм 13 құрсақ көтерген, соның ішінде менен басқасы түгел о дүниелік болып кеткен. Неше балаңыз бар деп сұраған адамдарға: «Менің үш балам бар: үлкені – Шәмші Қалдаяқов, ортаншысы – Төлеген Айбергенов, кішісі – мына Мұхтар» – дейтін. "Шәмші де, Төлеген де анамды ерекше қадірлейтін"- деді. Мұхтар Шаханов Төлеген шығармаларынан нәр алып, ағалық ақылын тыңдап, қасында жүріп, көп нәрсені үйренген. Тіпті Төлегеннің мықтылығын мойындап, күллі қазақты таң қалдырған ақын деп, "Айбергенов шыңы" деген өлең шығарған.
Бәйшешектің ғұмырындай тағдыр
кешкен мәрт батыр,
Өлеңінде ешбір ғасыр өшіре алмас өрт жатыр,
Намысынды дәуіріңе еткізбедің қақпақыл.
Міне содан, ұлтымызды рухсыздан күзетіп,
Сенің жырың шекарада әлі күнге сапта тұр.
Пайымдаймын, мойындаймын, сен данасың,
мен бала,
Ұлтына кім жақын, алыс, айқындайтын ел ғана.
Он том өлең жазғандарды кетті ұмытып кең дала.
Бірақ шағын он өлеңмен он миллион қазақты
Толғандырған, таң қалдырған
Махамбет пен Сен ғана.
Адамдықсыз ақындық жоқ, тырмыссаң да жан сала,
Жомарттықсыз тағы алысқа шабамын деп шаршама,
Батырлығың қанша болса ақындығың соншама.
Тіпті өзіңді сыйдырмаған даңқтың тар төріне,
Мені бірге ап шыққың кеп арпалыстың қаншама.
Заманының ыңғайына жүрмей кеткен, іңкәрім,
Саф өнерде қызғанышты білмей өткен, іңкәрім,
Иығына бүтін бешпет ілмей кеткен, іңкәрім
Жер астынан сәлем жолдап жатырсың
сен күн сайын,
Қазағымның мандайына сыймай кеткен, сұңқарым.
Не жақсылық болса алдымен елге болсын дегенсің,
Сондықтан да сенің даңқың, сенің салтың көгерсін.
Сайын далаң жырыңды еске ап
күлкісін сәл шегерсін.
Әр жүректе бұлтқа оранған қасиетті бір шың бар
Ол - ақындық мәрттік шыңы,
Айбергенов деген шың...
Ұлт рухы қай кезде де қанаттыға астана,
Айбергенов шыңын көрсең атыңнан түс, жас бала!
Міне, екі ақынның өлеңдеріндегі, поэзиясындағы байланысты осыдан-ақ көруге болады. «Ақынның аты өлмейді» дейді дана халқымыз. Шынайы талант – мәңгілік ғұмыр. Төлегеннің өмірден көшкеніне біраз уақыт өтсе де есімі елімен бірге келе жатуы соған дәлел. Оның өлең өлкесіндегі құс жолындай нұрлы соқпағы кейінгі толқын інілерге өшпес өнеге. Жастарды ақын мұралары қашанда қызықтырып, өзіне тартып тұрады. Қалың оқырман қауым Төлегеннің беймәлім күнделігі мен өлеңдерін өте жылы қабылдайды. Сол секілді Мұхтар Шаханов та әдебиет әлемінде есімі алтын әріппен қалатын ақын.
Сурет: Massaget.kz
Бәйшешектің ғұмырындай тағдыр кешкен мәрт батыр, Өлеңінде ешбір ғасыр өшіре алмас өрт жатыр, Намысынды дәуіріңе еткізбедің қақпақыл. Міне содан, ұлтымызды рухсыздан күзетіп, Сенің жырың шекарада әлі кұнге сапта тұр. Пайымдаймын, мойындаймын, сен данасың, мен бала, Ұлтына кім жақын, алыс, айқындайтын ел ғана. Он том өлең жазғандарды кетті ұмытып кең дала. Бірақ шағын он өлеңмен он миллион қазақты Толғандырған, таң қалдырған Махамбет пен Сен ғана. Адамдықсыз ақындықжоқ, тырмыссаң да жан сала, Жомарттықсыз тағы алысқа шабамындеп шаршама, Батырлығың қанша болса ақындығың соншама. Тіпті өзінді сидырмаған даңқтың тар төріне Мені бірге ап шыққың кеп арпалыстың қаншама. Заманының ыңғайына жүрмей кеткен, іңкәрім, Саһ өнерде қызғанышты білмей өткен, іңкәрім, Иығына бүтін бешпет ілмей кеткен, іңкәрім Жер астынан сәлем жолдап жатырсың сен күн сайын, Қазағымның мандайына симай кеткен, сұңқарым. Не жақсылық болса алдымен елге болсын дегенсің, Сондықтан да сенің даңқың, сенің салтың көгерсін. Сайын далаң жырыңды еске ап күлкісін сәл шегерсін. Әр жүректе бұлтқа оранған қасиетті бір шың бар Ол - ақындық мәрттік шыңы, Айбергенов деген шың... * Ұлт рухы қай кезде де қанаттыға астана, Айбергенов шыңын көрсең атыңнан түс, жас бала!
Дереккөзі: https://www.zharar.com/kz/olen/1317-muhtar.html?Like
© www.ZHARAR.com