- Негізгі бет
- Үй тапсырмасы
- Тектоникалық тақта дегеніміз...
Тектоникалық тақта дегеніміз не?
Тектоникалық тақталар литосфераның бөлінбейтін бөлшегі ретінде жер қыртысының тұрақты аймағы болып саналады. Тақталар тектоникасы теориясына орай, литосфералық тақталар сейсмикалық және тектоникалық белсенді территориялармен шектеледі. Тақталардың шекарасы дивергентті, конвергентті және трансформды болып үшке бөлінеді.
Геометриялық өлшемдерге орай, бір аймақта үш тақта ғана шектесе алады. Тектоникалық тақталар географиялық аймаққа байланысты континенттік және мұхиттық болып екіге бөлінеді. Олар көбіне су астында шектесіп жатады. Тақталардың ең үлкені – Тынық мұхиты тақтасы.
Төмендегі картадан Жапония, Исландия, Филиппин аралдары, Чили, Сібір, Кариб теңізінің аралдары және АҚШ-тың Калифорния штатының қауіпті аймақта жатқанын көруге болады. Аталған аймақтарда жиі болатын жер сілкінісінің арқасында үнемі Цунами көтеріліп, жанартау атқылайды.
Сейсмикалық зерттеулер тақталардың үнемі өзгеріп отыратынын дәлелдеген. Айта кетсек, жер қыртысының қозғалуы кезінде болатын рифтинг, жанартаудың атқылауы, цунами сынды табиғи апаттардың есебінен тұрақты шекарасын өзгереді.
Әлемдегі ең ірі тектоникалық тақталар:
1. Аустралия тақтасы
2. Антарктида тақсаты
3. Арабия субконтинентінің тақтасы
4. Африка тақтасы
5. Еуразия тақтасы
6. Үндістан тақтасы
7. Кокос тақтасы
8. Наска тақтасы
9. Тынық мұхиты тақтасы
10. Скотия тақтасы
11. Солтүстік Америка тақтасы
12. Сомали тақтасы
13. Оңтүстік Америка тақтасы
14. Филиппин тақтасы
Литосфералық тақталар ішкі ядроның қысқаруынан да шөгіп отырады. Сондықтан бүгінде Жердің беткі қабаты біркелкі нормаға тең емес. Көптеген жыл барысында кіші аймақты қамтитын тақталар жойылып, орнына эволюциялық жолмен жаңа тақталардың территориясы нақтыланып отырады.
Ал мына суреттен әлемдегі белсенді сейсмикалық орталықтарының тектоникалық тақталардың шектескен аймақтарында шоғырланғанын көруге болады.
Тектоникалық тақталар шектескен аймақтар сейсмикалық белсенді территориялар болып саналады. Мысалы, Исландия елінің аймағы Еуразия және Солтүстік Америка тақталарының шекарасында жатыр. Сол себепті әлемдегі ең қауіпті әрі белсенді Гекла, Ок, Катла және Лаки сынды жанартаулар дәл осы Исландия территориясында қалыптасқан. Одан бөлек, тақталардың айырықтары да жер бедерінің өзгеруін қамтамасыз етеді. Мысалы, Еуразия тақтасы жылына 4-5 сантиметр жиырылады. Сәйкесінше, Гималай тауы да соның есебінен өсіп отырады. Расымен тау өседі. Сондай-ақ, Гималай әлемдегі ең жылдам өсетін тау болып саналады.
Сан-Андреас айырығы
Одан бөлек, Қызыл теңіз болашақта мұхитқа айналуы мүмкін деген ғалымдар арасында теориялық пікір қалыптасқан. Себебі Еуразия тақтасының жиырылуы арқасында Қызыл теңіз соңғы мың жылда 5 метрге дейін кеңейген.
Ж. Өрісбай