- Негізгі бет
- Үй тапсырмасы
- Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ...
Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ драматургиясының жай-күйі
Бүгінгі қазақ драматургиясында ұлттық тарихымыздағы ақтандақ болып келген тақырыптар, көркем шындықпен кестеленген кесек туындыларға айналып көпшілік назарына ұсынылып келеді. Бұл да болса тәуелсіздігіміздің бір жетістігі болса керек.
Қазақтың ұлттық тарихындағы дербес мемлекеттік құрылыммен қалыптасуымызға, халық болып танылып, сақталуымызға қайраткерлікпен-көсемдікпен өмірін арнап, еңбек еткен хандарымыздың (Керей, Жәнібек, Абылай, Кенесары), би-шешендеріміздің (Төле, Қазыбек, Әйтеке, т.б.), ақын-жырауларымыздың (Асан Қайғы, Бұқар, Махамбет, т.б.), батырларымыздың (Қарасай, Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай, Сырым, Исатай, Жанқожа, т.б.), ғұлама-ағартушыларымыздың, қоғам қайраткерлерінің (Әбунасыр әл-Фараби, Абай Құнанбайұлы, Ыбырай Алтынсарин, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Сәкен Сейфуллин, Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов), т.б. ондаған тарихи тұлғаларымыздың сөз өнері туындыларындағы көркем бейнеленуі жаңаша серпінмен өркендеді. Әсіресе, XX ғасырдың 80-жылдарының ортасынан басталған ұлт тарихының бұрын әдейі назарға алынбай келген тұстары асқақ рухты романтизм мен сыншыл реализм көркемдік әдістері тұрғысынан мол қамтыла жазыла бастады. Әдеби тек түрлері (эпос, лирика, драма) жанрларының барлық салаларында елеулі туындылар жазылып, оқырмандарға ұсынылды.
Бүгінде халық ықыласпен қабылдаған тың туындылар жазылып, республика театрларында сахналанып келеді.
Сәкен Жүнісовтің "Кемеңгерлер мен көлеңкелер" (Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов, Сәбит Мұқанов бейнелеріне арналған), Әбіш Кекілбаевтың "Абылай хан", М. Байсеркеұлының "Абылайханның ақырғы күндері", "Кек қылышы Кенесары", Жолтай Әлмашұлының "Сана дерті", "Абақты-ғұмыр", "Фрустракция" (Нәзір Төреқұлов, Мағжан Жұмабаев, Сұлтанбек Қожанов, Сәкен Сейфуллин туралы) пьесалары – қазақ тарихының ақтандақ беттерін көркем шындықпен өрнектеген туындылар.
Жолтай Әлмашұлының пьесаларындағы қазақ тарихының қайраткер тұлғаларының бейнеленуі – әдебиетіміздің өзекті тақырыпты игерудегі жаңашылдық. XX ғасырдың басындағы қазақ сөз өнеріндегі шығармашылықты мемлекеттік жауапты қызметтерімен сабақтастыра еңбек еткен қайраткерлердің саяси қуғын-сүргін жазалауларына ұшыраған – Ұлттық трагедиямыз. Табиғи қабілеттерін туған халқына, ұлтына қызмет етуге арнаған дарынды тұлғалардың жазықсыз жазаланғаны – қазақ ұлтын әлсіретуге, тарих сахнасынан біржолата жоюға арналған зұлым саясаттың жендеттік ұстанымының нәтижелері.
Қазақстан Республикасы дербес мемлекетке айналған соң бұрын айтуға, жазып жариялауға жабық болып келген көптеген тарихи құбылыстар, ұлттың мақтанышы болған ұлы қайраткерлер өмірі мен қызметі драма шығармалар арқауына айнала бастады. Ысқақовтың "Жан қимақ", Оразбаевтың "Шыңғыс хан", "Естайдың қорланы", С.Сматаевтың "Той үстінде топалаң", Б.Әбілдаұлының "Төле би", О.Дастановтың "Әзірет Сұлтан", А.Бекбосыновтың "Соңғы сезім", Таразидің "Алатау сынды алабым", Шахимарденнің "Томирис" пьесаларында халқымыздың басынан кешкен сан қилы тағдыры тарихи дәлдікпен, ерекше көркемдік қуатпен бейнеленген. Ал Сүлейменов пен Мұқаевтың "Заманақыр", Р.Мұқанованың "Мәңгілік бала бейне" пьесалары экология тақырыбын, әлемге әйгілі болған Семей полигонының қазақ халқына әкелген трагедиясын суреттейді. Қазіргі қазақ драматургиясы туралы филология ғылымдарының докторы Темірхан Тебегеновтың мақаласында нақтырақ талдау жасалған.
Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ әдебиетінің драматургия саласы бойынша мына шығармаларды атап өтуге болады: Ә.Кекілбаевтың "Абылай хан", Ә.Таразидің "Ақын, Періште. Махаббат", С.Жүнісовтің "Кемеңгерлер мен көлеңкелер", М.Байсеркеновтің "Абылай ханның ақырғы күндері", Р. Отарбаевтың "Бейбарыс сұлтан", Шахмардан Құсайыновтың "Томирис", И.Оразбаевтың "Шыңғыс хан", Т.Нұрмағамбетовтің "Бес бойдаққа бір той", Қ.Ысқақовтың "Қыл көпір", "Жан қимақ", Қ.Ысқақ пен Ә.Таразидің "Алатау сынды алыбым", И.Сапарбайдың "Сыған серенадасы", С.Балғабаевтың "Тойдан қайтқан қазақтар", "Ғашықсыз ғасыр", "Ең әдемі келіншек", Ә.Ақпанбетұлының "Дүние-думан", Д.Амантайдың "Сәлеметсіз бе, қоңыр мұң", С.Сматаев пен Т.Теменовтің "Көгілдір такси", А.Жағанованың "Жан алқым", Н.Әбутәлиевтің "Өттің, дүние", А.Бекбосыновтың "Соңғы сезім", Д.Исабековтың "Актриса", "Тор", "Ескерткіш", Иран-Ғайыптың "Естайдың Қорланы", Б.Мұқайдың "Сергелдең болған серілер", "Өмірзая" т.б. Аталған драмалық шығармалар – тәуелсіздік жылдарында қазақ әдебиеті қорына қосылған рухани қазына деп танылады.
Драмалық шығарма – театрмен тығыз байланысты бола отырып, сол күші арқылы оқырманын, көрерменін ерекше әсерге бөлейтін жанр. Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ драматургиясының даму қарқыны мен жай-күйі туралы жоғарыда айтылып кетті. Бұл ретте Жазушылар Одағы басқармасының төрағасы Н.Оразалиннің: "Театр өнері арқылы Республикамызды бүкіл әлем таныған ел дәрежесіне көтеріп, бүгінгі заманға сай өркендеуімізге толық мүмкіндік бар. Бұл іргелі міндеттің жүзеге асуына қаламгер-драматургтеріміз де өз үлестерін қосып келеді. Болашақта да қоса бермек. Қосуға тиіс. Өйткені, театр өнерінің қайнар көзі мен арқауы – ұлттық драматургия", – деген пікірін келтіру орынды болмақ. Қазақ қыздарының өр әрі еркін бейнесі – тек ауыз әдебиеті мен поэзия, прозаның ғана емес, драматургияның да өзекті тақырыбы. Қазақтың батыр қыздары дегенде, әрққайсымыздың көз алдымызға бірден Әлия мен Мәншүк келетіні белгілі. Негізінде, қазақ қыздарының батырлық жолы Томирис – Тұмар анамыздан бастау алатыны белгілі. Тәуелсіздік алған Қазақстанның драматургиясында тарихи бейнелер мол-мол сурттеле бастаса, соның бір шырайын шығарған туынды – Шахмардан Құсайыновтың "Томирис" драмасы. Бұл пьеса – Томирис анамыздың өмір сүрген б.э.д 503 жылдардағы ата- бабамыздың атамекенді қалай сүйгенін, қалай қорғағанын, қалай сақтағанын суреттеген биік парасатқа жетелейтін көркем туынды. Томирис туралы Геродот жазбаларынан жеткен мәлімет парсының елдерді бағындыруға бет алған Кир патшаның қан аңсаған басын қанға бөктіріп, «іздеп келгенің қан болса, қанып іш!» деп, дүниені сақ қызының әлемді дүр сілкіндірген қайратты ерлігі арқылы қайталанбайтын бейнесін танытады. Томиристің осындай ерлігі қазіргі қазақ қызының әрқайсысының бойынан табылатыны сөзсіз.
Қазақ үшін қыз – ұлттық намыстың бір белгісі. Қыздың пәктігі, өрлігі мен батырлығы – ұлттың болашағының мықты болуының сенімді тірегі. Осындай тәрбиелік маңызы зор шығармалар уақыт ағымымен жазылу үстінде.
Қазіргі қазақ драматургиясы әлемдік классикалық дәстүрді шығармашылықпен қабылдай отырып, ұлттық топырақтағы осы өнердің өркендеуіне жаңашылдықпен үлес қосып келеді. Қазақстан Республикасы тәуелсіздігі салтанат құрған жылдары жазылып, бірқатары театр сахналарында қойылып келе жатқан әртүрлі такырыптардағы пьесалар классикалық драматургия жанрларының уақыт пен кеңістіктегі еміршең, ұлағатын айғақтайды.
Сурет: auezov-teatr.kz
Н. Айдархан