Тәуелсіздік кезеңі тарихи тақырыптарға тыңнан жол ашқаны мәлім. Бұл кезеңде әдебиеттің барша жанрында тарихи тақырыптардың белсенді көтерілуі анық байқалды. Бұл драма жанрына да тән болды.
Көркем прозасымен қазақ әдебиетінің қорын байытқан Шерхан Мұртаза драматургия жанрының да дамуына үлкен үлес қосты. Қазақ театр сахнасының тұрақты туындысына айналған «Сталинге хат», «Бесеудің хаты», «Жалғыз үйлік зілзала», «Есек саудасы», «Домалақ ана» пьесалары драматургтің суреткерлік шеберлігін тағы бір қырынан танытты. Өзінің сүйікті кейіпкері Тұрар Рысқұловты сахнаға әкеліп, тартысты заманның шындығын тереңдей таныту драматургтің жеткен жаңаша жетістігі еді. Голощекин саясатының қазақ даласына апаттай тиген зорлық-зомбылығын Сталинге хат түрінде жазған Тұрар әрекеті, ұлттың үлкен қасіретін жанымен түйсініп, оған жүрегімен қиналғаны «Сталинге хат» драмасынан барынша көрініс тапқан. Сталин мен Тұрар арасындағы диалог астарлы ойлар қақтығысына құрылған. Рысқұлов хатта жазғандарын Сталинге санамалап көрсетіп, Қазақстанға не керек екенін айтады. «Сталинге хат» екі бөлімді тарихи диалогі Тұрар Рысқұловтың халықты аштық тырнағынан құтқару жолындағы қайраткерлігіне арналады. Молшылық пен дарқандықтың мекені – қазақ даласының да күйі кеткендігі көрінеді. Рысқұлов пен Сталин арасындағы диалог тартысты жағдайда өтеді. Екеуінің де сөзі ұтқыр, бір-біріне сынай тіл қатқан, астарлы ойлар.
Әбіш Кекілбаев та драматургия жанрына үлкен үлес қосқан қаламгер. Әлем әдебиетіндегі классикалық драматургия үлгілерін қазақ тіліне аударумен бірге өзі де осы жанрда төл туындыларын дүниеге әкелді. Тарихи-өмірбаяндық «Абылай хан» атты халықтық-қаһармандық сахналық дастаны еліміз тәуелсіздік алған кезде жазылды. Жазушының прозасында көтерілген ғасырлар бойғы халық аңсаған тәулсіздік, азаттық ұраны осы драмалық шығарма арқылы сахнаға шықты. Ә.Кекілбаевтің драмасындағы оқиға тізбектері ұлттық мінез бен болмыс аясында өрбиді. Жалқаулық пен кертартпалық, аяқтан шалу сияқты қазақи мінездерді драматург кейіпкерлердің әрекеттері мен пиғылдары арқылы көрсеткен. Пьесада Абылайдың алғаш таққа отыруы, Абылай ханның саяси мұраттастары мен қарсыластарының бет-бейнесі айқындалады. Шығарманың астарында қазақтың іргелі ел болудағы ежелгі арманы жатыр. Абылай өз халқы үшін зор еңбек атқарды, үлгермей, тиянақтай алмай қалғандарын болашаққа аманаттады. Драмадағы тартыс осыны меңзейді. Ә.Кекілбаевтің «Абылай хан» пьесасы – қазақтың кешегісі арқылы бүгінін меңзейтін туындысы. Әйгілі прозашының драматургия жанрын еркін игергеніне осы пьеса мысал бола алады.
Кез-келген өнер туындысының мақсаты – өз кейіпкерлерінің болмысын, жан дүниесін ашып көрсете білу, сол арқылы адамдардың сезіміне әсер ету болса керек. Драма – адам мінезін мүмкіндігінше терең ашып, жан-жақты танытатын іргелі, күрделі жанр. Көптеген драмалық дастандардың басынан соңына дейін үзілмеген желі – қазақ халқының бостандық тілеген тілеуі, соның бойында ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келген елді жаудан қорғаудың сан жағдайы, сол ұрпақтар ішіндегі күрес, сол замандағы ақиқат пен шындық. Жалпы жазушы-драматургтер С.Жүнісов, Ә.Кекілбаев, М.Байсеркенов және Р.Отарбаев заман шындығын, хан мен батырлардың айбарын, көрегенділіктері мен тапқырлықтарын көрсетіп сөйлете алған. Бұл шығармалар халық сүйсінетіндей, табынатындай көркем туынды болып, қазақ әдебиетінің алтын қорына қомақты үлес әкелді деп айта аламыз.
Сурет: vlast.kz
Оқи отырыңыз:
Ойшылдық пен философияның көркем шығармашылықта алдыңғы планға шығуы
Әдебиеттің кеңес идеологиясы құралы ретіндегі қызметі
Сұраншы батыр жырына арқау болған сюжеттік желі
Мағжан Жұмабаев: Эпикалық дастан мазмұнындағы романтикалық сарын