Татардың батыр ақыны Мұса Жәлелдің есімі әдебиет тарихында оның «Моабит дәптері» атты кітабы мен фашистер тұтқынында жүргізген ерлік күресі арқылы қалды. Мұса Жәлел 1906 жылы 2 ақпанда Орынбор губерниясының Мұстафино селосында туған. 1917-1919 жылдары Орынборда болған революциялық өзгерістер жас Мұсаға едәуір әсер етеді. Отызыншы жылдары Мұса еліміздегі социалистік құрылысты жырлауға белсене қатысты. Бұл жылдары шыққан оның «Орден алған миллион», «Өлеңдер мен поэмалар» атты кітаптары мен «Директор мен Күн», «Джиган», «Хат тасушы» поэмалары бір ақынның емес, бүкіл татар әдебиетінің елеулі туындылары болып саналды. Ол адам бойындағы жаңа сезімді – еңбек пен қуанышты, махаббат пен ерлікті жырлады. Жауынгер ақын ретінде Мұса Жәлелді Отанын сүю сезімі мен күрес есейтті. Сондықтан оның соғыс кезіндегі өлеңдерінде Отанды қорғау идеясымен қатар, жалпы адамдық пен жауыздықтың, ізгілік пен тағылықтың күресі айқын көрініп отырады.
«Қасқырлар», «Тағылар», «Түрме күзетшісі», «Тас дорба» сияқты өлеңдерін ақын фашистердің адам баласына қарсы айуандық, тағылық істерін нақты суреттеуге құра отырып, сол арқылы фашизмнің моральдық тозуын әшкереледі. Өз отандастарының ерлік бейнесі мен ізгілік сипаттарын танытатын («Болады кейде», «Кешір, Отаным», «Жауызға», «Аяқсыз адам») өлеңдерін ақын фашистерге қарсы қояды. Соғыстың ауыр бейнетін бастан кешіп, өзі тұтқында жатса да, ақын жеңіске шексіз сенеді. Ол соғыстан кейінгі бейбіт өмір жөнінде («Соғыстан соң», «Қуанышты қарсы алып», «Гүлдер») ойлайды. Бұл оның поэзиясының өмір сүйгіштігін таныта түседі. Моабит тұтқынында Мұса өмір сүрудің, құтылудың жолын іздейді. Өзінің жолдастарына қажымаудың қажеттігін үйретті.
«Моабит дәптері» - тек соғыс суретіне ғана емес, адамдық жылы сезімдерге толы кітап. «Бақыт», «Бір қызға», «Аурудан соң», «Баланың түсі» өлеңдері ақынның лирикалық көңіл күйлерін танытады. Ол таныс қызы мен баланың түсін қызықтайды, азаптан соң келген қуаныш сезіміне алданады.
Ақынның лирикалық өлеңдері көбінесе арнау, сәлем үлгісіне құрылады. Отанға («Кешір, Отаным!»), туған жерге («Орман»), жау адамына («Жауыз», «Өлімге»), достарына («Сенбе»), анасына («Анама хат»), күрескер жолдастарына («Досыма», «Ерлік туралы») арнау ақынның ішкі жан сырын тереңірек ашуына көмектеседі.
Мұса Жәлел не бары 38 жыл ғана өмір сүрді. Бірақ оның өмірі ерлікке, жырға толы өмір болып қалды. Оның жырларынан өлмес өмір лебі еседі.