«Тағдыр» романында суреттелген ұлттық этнографиялық әрекеттер мен бояулар айшығы

«Тағдыр» романында суреттелген ұлттық этнографиялық әрекеттер мен бояулар айшығы

Қабдеш Жұмаділов романдары күшті характерлермен, сюжеттік-композициялық бітімінен дараланады. Жазушының «Соңғы көш» романынан кейін «Тағдыр» туындысы дүниеге келді. «Тағдыр» романына арқау болған – Еженхан мен Ақпатшаның арасындағы Шығыс Түркістан аймағын бөлісу мәселесі, шегара бөлінгеннен кейінгі халық тағдыры. Романда ХIХ ғасырдың аяғы мен  ХХ ғасырдың басы аралығындағы уақыт қамтылған, яғни «Соңғы көш» романындағы Қанағат бидің әкесі – Күдері мен атасы Сымайылдың өмір сүрген дәуірі бейнеленген. Роман сюжетіне арқау болған оқиға – Ресей мен Қытай сияқты екі империяның ортасында өмір сүрген қазақ елінің ауыр тағдыры. Екі мемлекет арасындағы шегара бөлісу мәселесі романның «Жол торабы» бөлімінде ғана көрініс тапқан. Қалған бөлімдерінде осы оқиғадан кейінгі ел ішіндегі жағдай, шегара бөлінісінің қазақ жеріндегі ел басқару жүйесіне әсері, соған қатысты қоғамда болған өзгерістер, қазақ пен қытай арасындағы қарым-қатынастар, т.б. мәселелер суреттелген.

Жазушы Шығыс Түркістан халқының тарихындағы осы бір кезеңді өзінің ішкі-сыртқы қайшылықтарымен көрсете алған. Шығарманың басты кейіпкері – Демежан. Ол елдің, халқының ауыз-бірлігін, елдігін сақтап қалу жолында тер төгеді. Мысалы, Демежанның аймақтың әміршісі Ши-амбыдан жер, су сұрауы, шегараны бөлу комиссиясының мүшесі ретінде ел ішіндегі қоғамдық мәселелерге араласуы, Ли-шансыңмен қарым-қатынасы, халдайлармен арадағы қақтығысы т.б. толып жатқан сюжеттік желілер романның композициялық бітімін құрайды. Шығармадағы оқиғалар желісі Демежан төңірегінде өрбіп отырады. Жазушы негізгі кейіпкер Демежанды бейнелеу арқылы өмір сүріп отырған қоғамның, әлеуметтік ортаның шындығын көрсетуге тырысқан. Қабдеш Жұмаділовтің шығармашылығы туралы ғалым Шерияздан Елеукенов былай дейді: «Автордың мәселе қоюдағы бірер ерекшелігін айта кету артық болмас деймін. Ол қазақ қауымының отаршылдық езгіге түскеннен кейінгі жерде адамдардың ішкі жан сарайындағы өзгерістерді зерттеуге деген құштарлығы дер едім».

Жазушы Демежанды да, ел басқарушы адамдарды да, әлеуметтік болмыс, қоғам қайшылықтарын да ашарлық түрлі түрлі сюжеттер жүйелерін өмір қажетінен туғандай етіп көрсетеді. Жазушы Демежаннның бала күнінен бастап суреттемей, оның есейген шағынан, яғни Бибіге үйленіп, аймақ губернаторы Ши-амбының қарамағында тілші болып қызмет істеп жүрген кезеңінен бастап қамтыған. Сонымен қатар шығармада әлеуметтік қақтығыстар, тұрмыстық көріністер, қытай мен қазақтың өткен-кеткен тарихы кезектесіп келіп отырады. Роман «Жол торабы», «Тағдыр талқысы», «Уақыт керуені», «Дар ағашы» деген бөлімдерден және эпилогтан тұрады.

Қабдеш Жұмаділов романды жазу барысында өтіп кеткен тарихи оқиғаларды баяндаушы ғана емес, тарих қойнауына терең көз жүгірткен ойшыл дәрежесіне көтерілген. Шығармада қазақтың ұлттық салт-дәстүрлеріне (келін түсіру, қыз айттыру ) байланысты сюжеттер ұлттық болмыста көрініс тапқан. Мұндай эпизодтарда қазақ елінің тұрмыс-салттық, әдет-ғұрыптық көзқарастары мол көрініс тапқан. Әсіресе, үйлену тойына байланысты қыз ұзату, ұрын бару, есік көру, беташар, киіт кигізу т.б. әдет-ғұрыптар жан-жақты бейнеленген. Бұған дәлел ретінде ерекше суреттелген оқиға – Мәмбет елінің адамы Отыншы бидің асы. Қазақта өлген адамға арнап ас беру – ертеден келе жатқан дәстүр. Ас беру – біріншіден, өлген адамның аруағына деген құрмет болса, екіншіден, елдің елдігін танытатын құбылыс. «Ас пен тойға бару дегеніңіз – ет жеп, қымыз ішіп қайту емес, ел көру, жұрт тану болмақ... Осы бастан сөздерін тыңдап, көмейін көріп таныса бер... Ертең сенің алысатын да, аңдысатын да адамдарың солар болады» деген Керімбай сөзінің астарында тағылымы мол мән байқалады. Осы эпизодта халқымыздың салт-дәстүрі, наным-сенімі, рухани болмысы кеңінен ашылған. Ас үстіндегі ел ақсақалдарының өзін-өзі ұстау, сөйлеу мәнері, жоқтау айту, ат жарысы, балуандар күресі т.б. ұлттық салт-дәстүрлер романда өзінің өрнегін тапқан. Жазушы романдарында халық өмірін суреттеуде оның салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, этнографиясын қамтып отырады. Бодандық қамытын кисе де, халқының ұлттық болмысын, рухани дүниесін жоғалтпағандығын көрсетеді. Қабдеш Жұмаділов қазақ дәстүрінен орын алған екі әйел алуды, бәйбіше мен тоқалдың арасындағы қарым-қатынасты күндестікке, бақталастыққа әкеліп тіремей, адамдық қасиеттерді зерделеу негізінде таныта алған. Бұл да жазушының өзіндік қолтаңбасын, жаңаша пайымын білдіреді.