- Негізгі бет
- Үй тапсырмасы
- Сырбай Мәуленов өлеңдеріндегі...
Сырбай Мәуленов өлеңдеріндегі сыршыл сезім
Сырбай Мәуленов 1922 жылдың 17 қыркүйегінде Қостанай облысының, Жангелдин ауданының, Торғай кентінде туған. Ұлы Отан соғысына қатысқан. Абай атындағы Алматы Мемлекеттік Ұлттық университетін бітірген. 1943-1950 жж. Қостанай облыстық радиокомитетінде редактор, "Большевиктік жол" газетінде бөлім меңгерушісі, редактордың орынбасары, 1951-1955 жж. Қазақ мемлекеттік көркем әдебиет баспасында редакция меңгерушісі, 1957-1961 жж. Қазақстан Жазушылар одағында әдеби кеңесші, "Қазақ әдебиеті" газетінде бас редактордың орынбасары, 1964-1971 жж. "Жұлдыз" журналының, 1955-1957, 1971-1977 жж. "Қазақ әдебиеті" газетінің бас редакторы болды.
Тұңғыш өлеңі Жамбыл облысының "Колхозшы" газетінде 1937 жылы жарияланса, "Өлеңдер" атты алғашқы жинағы 1948 жылы жарық көрді. Қырыққа жуық жыр жинақтарының авторы. "Тандаулы өлеңдер" атты тандамалысы (1958 ), "Шаңқай түс" жинағы (1966), "Тандамалылары" (2 томдығы, 1972), 1982-1984 жж. үш томдық шығармалар жинағы басылып шықты. Оның "Жаңа көктем" (1956), "Дала таңы" (1957), "Көгілдір таулар" (1964), "Жер нәрі" (1970), "Апрель жапырақтары" (1972), "Таңдамалы лирикалары" (1972), "Жапырақтар жанады" (1972) атты өлеңдер жинақтары орыс тілінде Мәскеуде басылды.
ҚР Абай атындағы Мемлекеттік сыйлығының иегері (1970), Қазақстанның Халық жазушысы, 1-дәрежелі Отан соғысы, Қызыл Ту, Халықтар Достығы, "Құрмет Белгісі" ордендерімен және медальдармен марапатталған. Алматы қаласындағы орталық көшелерінің біріне есімі берілген.
Қазақ поэзиясына нағыз сыршыл сезімді, шынайы, көркем бейнелі өлең үлгісін әкелгендердің жуан ортасында дүр тұлғалы Сырбай ақынның орны өзгеше. Қан майданда қар жастанып, мұз төсендірген соғыстың қайғы-қасіретін, өмір мен өлім айқасын өз көзімен көруі, көңілге түюі – ақын жырларының аясын кеңейтіп, көрген-білгенін ойында терең қорытып, тіршілік философиясына айналдыруына себепші болғаны анық. Сұм соғыста бір қолын жоғалтып, жарадар болып қайтса да ақын 58 кітап жазған екен. Тәні ғана емес, жаны да мүгедек болып келсе де мөлдір сезімді жастық отынан, жан сұлулығынан ажыратпаған. Әсіресе, соғыс тақырыбында жан сарайыңды өртеп өтер өлмес, өшпес өнеге үлгілерін жасап қалдырды. Бұл тақырыптағы қазақ поэзиясының алтын қорын байытқан «Түбірлер», «Соғыстан қайтқан солдаттар» өлеңдерін ауызға алсақ та жетіп жатыр. Қасиет пен киеге суарылған мұндай өлеңдер ақынның жыр кітаптарында молынан ұшырасады.
Өлең өлкесіне келген әр ақын Сырбайша оқуға, Сырбайша жазуға, Сырбайша сөйлеуге ұмтылады. Қазіргі әдебиеттегі алпысқа келгендер мен төменгі буынның барлығының болмысында міндетті түрде Сырбайдың рухы, Сырбайдың әсері бар. Сырбай Мәуленов тек өз мектебі бар ақын ғана емес, қазақ поэзиясын жарқыраған жаңа кезеңге көтеріп бере алған кемел құбылыс. Сырбай − қазақтың ұлттық әдебиетінің классигі. Өлеңдерінің ерекше бір қасиеті: ол ойын лирикалық герой арқылы, көбінесе өз атынан сөйлейді, өз қатынасын, өз көзқарасын, өз сезімін толғайды. Өз атынан сөйлеу, «мен» деп айту сәтті шыққан жағдайда ақын жырын оқушыға жақындата түседі. Ал сәтсіз болса, оқушы ақын пікірін, ақын сезімін қабылдамайды. Біздің әдебиет сынымызда соңғы кезге дейін лирикалық геройға тиісті баға берілмей келді. Ақын қандай нәрсені өз атынан жазу керек, қай жерде «мен» деп айту керек деген таластар да жоқ емес. Егер де ақын «мен» деп айтса, өз атынан сөйлесе, өз сезімін айтса, тар шеңберде қалып қояды, жеке бастың сезімін жырлайды деген пікірлер де бар. Меніңше, «ақынның қандай нәрсені өз атынан айтуы керек?» деген талас болмасқа тиіс. Өлеңнің тар шеңберде қалып қоюы, не болмаса өлең маңызының терең болуы ақынның өз атынан көптің сезімін бере білуінде. Өз басына жақын, өз басының сезімін қайғы-қуанышын жырласа немесе көпке ортақ саяси мәселелерді жырласа да тар шеңберде қалып қоюға болады. Ал, кейде жеке бастың қайғысын не қуанышын жырлауда, көпке ортақ тіл, көптің көңіліне жол табуға болады. Мысалы, осы жинағындағы Сырбай Мәуленовтің «Ұлыма», «Әкеме» деген өлеңдері жеке бастағы, ақынның өз басындағы жағдайдың негізінде құрылған сияқты. Ақын өз қайғысын, өз қуанышын жырлай отырып, көптің көңілін толғантар ой тастаған.
Көз жұмдың былтырғы өткен апрельде,
Табытың түсірілді тақыр жерге.
Жастықтың жалынымен бір жалғасып,
Ұзарған кәрі өмірің жатыр менде.
Мұнда ақын өз әкесін көпке ортақ әке етуге, не болмаса әркімнің басында ондай жағдайдың боларын айтуға тырыспайды, алдыңғы екі жолда өлеңдегі оқиға өз басында болғанын нақтылы анық айтады. Осы жеке адамның қайғысы оның болашаққа сенімі әшекейсіз, бірақ көркем берілгендіктен өлеңдегі сезімді оқушының жүрегіне жақын етеді. Қорыта айтқанда Сырбай Мәуленовтың әдебиет әлемінде алар орны зор. Оның сырға толы өлеңдері мәңгі халықтың жүрегінде.
Сурет: www.baq.kz
Ж. Исакаев