- Негізгі бет
- Үй тапсырмасы
- Сүйінбай Аронұлының "Ту...
Сүйінбай Аронұлының "Ту алып жауға шапсаң сен" өлеңі туралы
Сүйінбай Аронұлының "Ту алып жауға шапсаң сен" атты өлеңі атынан да көрініп тұрғандай рухты, батырлық сарындағы туынды. Онда атақты батырлар Сұраншы мен Сауырыққа ақын өзі ат сабылтып келіп, "Сарыкемердегі елді қоқандықтар шауып кеткенде, бұл жатыстарың не жатыс":
Қоқанның қолы мықты деп,
Жатырмысың жабығып, –
деп, қос батырдың намысына тие сөйлейді, әрі қарай ақын:
Батыр елден шығады,
Ұрандап жауға шабатын.
Ақын елден шығады,
Айтыста шалып жығатын... – деп, батырлық пен ақындықтың елге қызмет ететіні, сонда ғана аттарына сай болатыны жайында мәнді ой айтады. Қоқанның ханы Құдиярдың қағынып, елге жасаған зұлымдығын айта келіп, бұрынғы өткен Қарасай батырды:
Тобын бұзып дұшпанның,
Жауына жеке тиетін, –
деп үлгі етеді де:
Ел шетіне жау келсе,
Беліне садақ ілетін
Еңіреген ерлер қайда екен?!
деп, сұрақ тастайды.
Қазақ қазақ болғалы,
Қазақ атқа қонғалы,
Не көрмеді бұл елім?! – деп, кемеңгер жырау бүкіл қазақ елінің басынан өткен ауыр күндерді еске түсіріп, қинала күрсінеді. Мұның бәрін ол алдындағы екі батырға ой салу, шамырқандыру мақсатымен айтып отыр. Соңында бұйрықты сөздермен:
Ақтұяқ атқа мінесің,
Бүгін маған ересің, – дей келіп, – "Сұраншы, Сауырықтай ерлеріне елі де ереді", – деп, еліне де, батырларына да сенім білдіреді. Бұдан ақынның арғы-бергіден жете хабардарлығы да, көңілі жүйрік, көрегендігі де көрінеді.
Сүйінбайдың Сұраншы, Саурық батырлар туралы циклді өлеңдері мен толғаулары нағыз эпик ақынның өресін танытатын өлмес мұра. Мұнда ежелгі эпосқа тән асқақ рух, алапат теңеулер қарша борап отырады. «Лашын құстай түйілген, ақ тұйғындай шүйілген» батыр тұлғасын, «отыз жылдай алысқан, қырық жылдай шабысқан» дұшпан бейнесін нағыз жыраулық тегеурінмен сипаттайды.
Ол осындай отты жырларымен айбынды айтыскер ақын және батырлық эпостарды жырлаудың хас шебері атанып, Өтеген, Қарасай, Сұраншы, Саурық сынды қазақ батырлары турасында қаһармандық дастандарын дүниеге келтірді. Сүйінбайдың Тезек төре және Катаған ақындармен айтысы да дүйім жұртшылыққа мәлім. Бұл айтыстарда ол орын алған әлеуметтік мәселелерді арқау етіп, ерекше орындаушылық дарыны мен суырып салма ақын екенін паш етті.
Елдік пен ерліктің бірлігі ақынның "Сұраншы батыр", "Жабай батыр" толғаулары мен айтыстарында, соның ішінде қырғыздың атақты ақындары Қатаған, Арыстанбектермен айтыстарында, басқа да өлең, термелерінде кеңінен жырланады.
Cурет: wall.alphacoders.com
Н. Айдархан