Сұлтанмахмұт Торайғыровтың жастарды жігерлендірген жырлары

Сұлтанмахмұт Торайғыров – ерте оянған, елдің мұң-мұқтажын ерте түсініп жырлаған азамат ақын. Бала күннен жазған өлеңдерінің өзінен-ақ ол әлеуметтік теңсіздікті, халықтың қоғамдық өміріндегі мешеулікті жіті көзқараспен таниды. «Қараңғы қазақ көгіне, өрмелеп шығып күн болам» деп, ақын қара басындағы міндетті ғана айтып қойған жоқ, өз халқының дертіне ем табу, мұқтаждықты, өнерсіздікті жою, сөйтіп халықты, мәдениетті, ерікті етуді ойлайды. Бар мақсаты оқу, өнер болған ақын кім не нәрсені ардақтай білсе, сол нәрсенің қадіріне жетіп жақсысын да асыра біледі деп насихаттайды. Сауат ашу, хат тану барысында Сұлтанмахмұт алдымен өзінің ана тілін қадірледі, соның барлық ерекше қасиеттерін танып білді.

«Сүйемін туған тілді, анам тілін,
Бесікте жатқанымда-ақ берген білім.
Шыр етіп жерге түскен минутымнан,
Құлағыма сіңірген таныс үнін», - деп, халқының асыл мұрасын бойына сіңіріп, жақсылығын мақтан етті. Өнер-білімді игеру адам баласын бақытты болуға бастайды, надандықтан арылтады, өмір сүруді жеңілдетеді дегенді жастардың ұғымына жеткізуге тырысады.

«Жалғыз ғана оқумен теңелмейсің,
Алауыз азғын болсаң қоян жүрек», - деп жастардың намысына тие, арына қозғау сала сөйлейді. Сонымен қатар өнерлі, білімді болумен бірге ынтымақшыл, көпшіл болудың қажеттігін түсіндіреді. Өз халқын надандықтың қара түнек тұңғиығынан арылтып, тезірек жарқын болашаққа қарай талпынтса деген адал көңілі ақынның асқақ рухын ерекше байқатады.

«Ден сау болса, тағдырдың,
Көкке ұшырам күлдерін,
Түрлентемін гүлдерін,
Жігермен талап еткен соң,
Қоям ба екен сүлдерін?», – дейді өр ақын. Бұл – жігерлі, қайсар азаматтың ертеңге деген зор сенімінен туған шын ниет. Жастарымызды жігерлендіре, серпілте түсіп, арына асыл рух сепкен ақын өлеңдерінің тәрбиелік мәні осы тұрғыдан көрінеді. Қазақ әдебиетіндегі ерекше құбылыстың, жаңа жолдың иесі бола білген ақын өлеңдерінде саяси лирика мен табиғат лирикасы көп орын алады. Саяси-әлеуметтік тұрғыда халық мұң-мұқтажын, тілегін өз халі, өз арманы, өз мұңы етіп жырлайды. «Анау-мынау», «Қандай?», «Жарлау», «Бұлар кім?» деген өлеңдерінде ақын сол заманның өзекті мәселелерін алға тартады. Бұл жолдағы ақын ұстанымы – халқын шат өмірге жеткізу, көкірек көзін ояту, тас түнектегі жол көрсетер сәулелі жарық болу. Бұл өлеңдер Сұлтанмахмұттың қандай жағдайда да келешектен үміт үзбеген өр қасиетін, асқақ арманы мен талабын танытады. Қоғамдық құбылыстарды, кейіпкерлер бейнелерін салыстыра суреттеу негізінде ұнамды-ұнамсыз шындықтың қарама-қарсылығын таныту оның жазушылық, ақындық келбетінің елеулі көрінісі болып табылады.

Жазушы прозада да ақындық мұратынын таймайды. Ол қара сөздің өзінде де биік мақсатын ақындық қабілетімен таныта біледі. Ақын сарказмды, иронияны орнымен қолдана білудің хас шебері. Сол арқылы ол өз позициясын байқатып, елге әсер етуді ойлайды.