Cұлтанмахмұт Торайғыров – жұрт күтпеген өзгерістер мен дүрбелең сілкіністер дәуірінде тарих сахнасына көтеріліп, XX ғасыр басындағы қазақ әдебиетінде өзіндік жол салған, шығармаларына тұтас бір дәуірдің шындығын сыйғызған суреткер. Ол артына өлмес те өшпес мол мұра, қымбат қазына қалдырған дара ақын.
ХІХ ғасыр мен ХХ ғасыр тоғысында орыс және еуропалық әдебиеттерінің даму тенденциясынан белгілі дәрежеде қуат алған татар әдебиеті жаңа белеске шығып, мықты қаламгерлер ортасы қалыптасты. Бұл сол кездегі қазақ әдебиеті мен қаламгерлеріне де әсерін тигізді. Олардың арасында Сұлтанмахмұт Торайғыров шығармашылығынан да көрініс табады. Ақын шығармашылығында, әсіресе алғашқы кезеңінде, татар әдебиетінен, оның классик ақыны Ғабдулла Тоқайдан үйренгендігі байқалады. Мұның өзіндік себептері де бар. Ол себептерді ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор, Сұлтанмахмұт шығармашылығын зерттеуші Арап Еспенбетов үшке жіктеп қарастырады: «Біріншіден, ХХ ғасыр басындағы татар әдебиеті сол кездегі Азия, Қазақстан халықтары әдебиетінен идеялық эстетикалық деңгейі жоғары еді. Өйткені олар орыс әдебиетіндегі сыншыл реализм бағытын аз да болса бұрынырақ қабылдады. Екіншіден бала Сұлтанмахмұттың оқыған молдаларының дені татарша білім алған адамдар еді. Үшіншіден, сол кезде жарық көрген кітаптар, сондай-ақ мерзімді баспасөз тілінде татар мәдениетінің ықпалы сезілетін. Қазақ кітаптарының көпшілігі Қазан баспаханаларынан шыққандықтан, кейде татар тілі аралас келетін. Торайғыровтың татар әдебиетінің көрнекті ақыны Ғ. Тоқай творчествосына зейін қоюына жоғарыдағы жайлардың ықпалы болғаны анық» – деп жазады. [1, 236-241].
С.Торайғыровтың татар классигінің осы жинақтарын оқығаны анық. Ғ.Тоқайдың өлеңдері 1907 жылы Қазан қаласында екі рет басылып шыққан, сол сияқты, «Жұбаныш» атты балаларға арналған өлеңдер жинағы 1908 жылы бөлек кітап болып жарық көрген және қазақ арасына кеңінен тараған. Ақын Ғ.Тоқайдың «Шурале» деген лақап атпен шыққан «Яшин ташлар» атты көк тысты екі жұка кітабын ала келіп, ондағы сықақ, мысал өлеңдерін аудармақшы болған. 1910-1911 жылдары Сұлтанмахмұт Нұрғали молдадан сауат ашып, білім алады. Ал Нұрғалидің өзі Троицк қаласында оқыған. Өзінің шәкірттерін усули жәдит тәртібімен де оқытқан. Сұлтанмахмұттың Ғ. Тоқай және татар әдебиетіне ден қоюы осы кезден басталады. Бұған ақынның інісі Шәймерден Торайғыров қолжазбасындағы төмендегі жолдар дәлел бола алады: «Нұрғалидың бір қасиеті ол қазақ-татар тіліндегі газет, журналдарды, сол кезде шыққан өлең кітаптарды үзбей алдырып отырды. Оны ірібдейлі, жақсы деген талантты оқушыларға оқып пайдалану үшін беріп отырды» [2, 265]. Демек, зерек те ұғымтал шәкірт Сұлтанмахмұттың ұстазы жаздырып алатын газет, журнал, кітаптарын оқып пайдаланғаны сөзсіз.
1912 жылдың қараша айында білім алу, оқу ниетінде С. Торайғыров Троицк қаласына барады. Сол уақытта баспасөзде Ғ. Тоқайдың қазақ елінде болған уақыттағы алған әсерлері жайлы мақала жарияланады. Осы хабарды оқыған Сұлтанмахмұт ұстазы Нұрғалиға хат жолдайды, онда: «Ардақты Нұрғали ағай! ...Мен шәкіртіңіз бұл күнде көп бір өкініштерге батып жүр. Өзіңіз айта беретін татар ақыны Ғабдулла Тоқаев өткен жаз осы Троицкіде болыпты. Ол мен оқып жүрген медресенің иесі Ғабдрахман хазірет Рахманкулинның досы екен. Хазірет оны Троицкіге қымызға шақырады екен... Мен өзім көптен сұқтанып жүрген тамаша ақын Ғабдулла Тоқаевты ауылға келгенде көре алмай қолғаныма өкінем» - деп жазған [3, 8-9]. Бұл жолдар Сұлтанмахмұттың Тоқай поэзиясына айрықша ден қойғандығын дәлелдей түседі.
Сұлтанмахмұт Торайғыров Ғабдулла Тоқай поэзиясынан азаматтық асқақ әуенді көрді, туған халқына деген шексіз сүйіспеншілікті таныды. Татар ақынының жырларынан қоғамдық ой-пікірді халықтық тұрғыдан бағалауды, әлеуметтік теңсіздікті жер жебіріне жете сынау дәстүрін, рухани, мәдени мешеулікке барынша қарсылықты аңғарды. Ақынның татар әдебиетінің ұлы ақыны Ғ.Тоқай творчествосына зейін қоюына жоғарыдағы жәйттердің түрткі болуы анық.
С.Торайғыров Тоқайдың небәрі екі-ақ шығармасын аударды. Олар: «Арыстан мен тышқан», «Екі тышқан» (1912) атты мысалдар. «Арыстан мен тышқанды» Тоқай орыстың атақты мысалшысы И.А.Крыловтан аударған. Сұлтанмахмұт пен Тоқай шығармаларындағы күрескерлік идея, әйелдердің қоғамдағы теңсіздігін сынау, ана тілі жайлы тебіреністері һәм көркеменерге, әдебиет сынына көзқарастары біртектес. Айта кетуді керексінетін бір түйін – Ғ.Тоқай жырлары мен Сұлтанмахмұт шығармаларындағы кейбір ортақ үлгілер мен мотивтер – олар өмір сүрген әлеуметтік орта ұқсастығынан.
Асқан дарын иесі, лаулап жанып өткен от жүректі ақын С. Торайғыров Ғ. Тоқай поэмасындағы сыншыл реалистік дәстүрді, революциялық рухты қабылдай отырып, өзіндік жол салды. Әлеуметтік-қоғамдық ортасына сай, замана тілегіне лайық туындылармен қазақ әдебиетінің дамуына қомақты үлес қосты, оны жаңа биікке көтерді. Ғ. Тоқай татар әдебиетінде шын мәнісіндегі сын жанрының қажеттігін түсіне біліп, оны қалыптастыруда үлкен еңбек сіңірді. Сұлтанмахмұт та «Қазақ тіліндегі өлең кітаптары жайынан», «Өлең мен айтушылар», тағы басқа да мақала, еңбектерімен Қазан төңкерісі алдындағы қазақ әдебиетінде сынның дамуына алғаш болып із салды. Қазақтың бұрын-соңды әдебиет нұсқаларын талдай отырып, «көңілді түзейтін машина – «өлең-жыр» деуі әдебиеттің, өнердің қоғамдық, тәрбиелік қызметін дұрыс тануының белгісі. [1, 236-241].
Сұлтанмахмұт татар баспасөзі көтерген ұлттық ұранмен бірге оның Ғ.Тоқай, Ғ.Ғафури, Ғ.Камал, Ғ.Ибраһимов көтерген ағартушылық-демократиялық идеясының да жаршысы болады. Бұған оның сол Троицкіде жүріп жазған «Оқып жүрген жастарға», «Талибтерге», «Оқудағы мақсат не?», «Түсімде көрген аянышты хал», «Анау-мынау», «Арыстан мен тышқан», «Мағынасыз мешіт», «Екі тышқан», «Көк өгіз», «Зарлану», «Бір баланың тілек-батасы», «Алғыс», «Шығамын тірі болсам адам болып» деген өлеңдері мен мысалдары «Қазақ оқу оқыту жолы қалай?», «Қазақ тіліндегі өлең кітаптары жайынан», «Өлең мен айтушылары» деген мақалалары толық дәлел бола алады. Сұлтанмахмұт өмірінің Троицк кезеңіндегі саяси-мәдени және әдеби бетін анықтайтын, негізінен осы өлеңдері. Ал, ақынның бұл өлеңдеріне көбінесе сол кездегі татардың алдыңғы қатарлы ой-пікірлерінің, ең алдымен, татардың аса көрнекті халық ақыны Ғ.Тоқайдың игі әсері тигенін аңғару қиын емес.
Қорыта айтқанда, Сұлтанмахмұт Торайғыров татар әдебиетінің тек оқушысы, әншейін үйренушісі деуден аулақпыз. Бойындағы ақындық қуатына сай, туған топырағының ерекшелігіне сәйкес күрделі де көркем әдеби үлгілер туғызған дара қаламгер.
Пайдаланған әдебиеттер тізімі
1 Еспенбетов А. Асау жүрек, Павлодар 2010, 236-241-б.
2 Қазақ ССР Ғылым академиясының Орталық ғылыми кітапханасы, қолжазбалар, №656 папка, 265-б.
3 Кенжебаев Б. «Асау жүрек», А., 1968, 8-9-бб.
Жаңабаев Абзал Сәкенұлы
Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университеті
ІІ курс магистранты