Көрнекті жазушы Сафуан Шаймерденов повестерінің көпшілігі алпысыншы-жетпісінші жылдар жемісіне жатады. "Ит ашуы", "Қарғаш", "Мәжнүн тал", "Өмір нұры", "Жыл құсы" повестері автордың осы жанрдағы табыстарын орнықтыруда елеулі баспалдақ болғаны даусыз. Осы туындыларында жазушының адам жанын жетік білетін, жан, сезім сұлулығын ардақтайтын, гуманистік ойы айқын суреткер екендігін аңғарамыз. Оның адамгершілік мәселесіне аса ден қойып, адамның ішкі рухани дүниесін психологиялық шеберлікпен астастыра суреттеуге ұмтылуы повестерінің әлеуметтік-психологиялық сипат алуына әсер етті. Әсіресе, "Мәжнүн тал", "Өмір нұры" повестеріне адамның жан дүниесіне үңілу, адамдық болмысты жаңа қырынан ашу жолындағы ізденістер тән. Және бұл туындылар адамның күрделі табиғатын түсіну, оны таныту оңай еместігін дәлелдеп берді.
Жазушы повестерін оқи отырып, қаламгердің кейіпкерінің жан дүниесіндегі нәзік құбылыстарды дәл аңғарып, адамның күрделі әлеміне үңіле алатын сезімталдығын байқаймыз. Жазушы кейіпкерлері сезім байлығымен ерекшеленеді. Мұның өзі жазушы туындыларына сыршыл лиризм мен мықты психологиялық сипат дарытқан. "Білім мен парасаттың, ақыл мен сезімнің тайталаса, қатар жүруі - қазіргі заман адамына өте-мөте тән нәрсе. Тайталас, тартыс әлемінде бірде білім мен ақылдың, бірде парасат-сезімнің бел алып, алма-кезек ауысып, аударысып жататыны де белгілі".
С.Шаймерденов кейіпкерлерінің оқырман қауымның көңіліне ұялауы да - осы сезім айшықтарының дәл беріліп, еш қылаусыз мөлдір қалпында бейнеленуімен ұштасып жатса керек. Жазушының "Ит ашуы" повесіне назар аударсақ, өзіндік стилін, көркемдік әдіс-тәсілдерді жетілдірудегі шеберлігін, адамгершілік-философиялық және әлеуметтік-психологиялық сипатын танытудағы білгірлігін байқаймыз. Оның баяндау стилі, қаһарман образын сомдау тәсілі өзіне тән ерекшелігімен танылады. Заманның күрт өзгерістері әдебиет дамуының да бағыт-бағдарына әсер етпей қоймайды. Адам тағдыры, оның жеке бас ерекшелігі, азаматтық, адамгершілік тұлғасы прозада қашанда алдыңғы кезекте тұрады. Осы орайда Сафуан Шаймерденов кейіпкерлері жақсылық пен жамандық, азаматтық пен моральдық тұрғыдан өздерін-өздері танытады. Сол арқылы өзі өмір сүріп жатқан заманның бет-бейнесін аша түседі. Кейіпкерлерін кең өмір сахнасына шығара отырып, оларды бірде әрекет үстінде, бірде сезім құмарлығында, бірде диалог, монолог арқылы рухани тіршілігің көркем суреттей білген. Олар табиғи болмысымен, сезім шынайылығымен, биік адамгершілік мұраттарымен де ұнамды. Көркем шығармадағы пейзаж, табиғат көрінісі көбіне адаммен тұтасып, оның көңіл-күйімен, ішкі өмірімен, толғаныс-қуанышымен тығыз байланыста дамиды. Жазушы повестеріндегі пейзаж суреттелген жолдардың өзінен автордың философиялық түйіндеулері айқын аңғарылады.
Қаламгердің әдеби бетін айқындайтын нәрсе - жазушының дара стилі болса, оның орнығуы жазушылық шығармашылық дарынының қуатына байланысты. Автор өз повесінде монологты тиімді пайдаланғаны байқалады. Кейіпкердің іс-әрекетінің күрделі қақтығысқа, ішкі психологиялық тартысқа құрылуы - Сафуан Шаймерденов творчествосына тән қасиет. Жазушының өз ойы мен сезімдерін шығармасына енгізе алуының өзі шеберлікті талап етеді. Өз образын шығармаларына сіңімді енгізуде С.Шаймерденовтың жанрлық ізденістерінің септігі мол. Жазушының даралығы мен өзіне тән қолтаңбасын танытатын "Ит ашуы" повесі ішкі драматизмінің байлығымен, адам психологиясына терең үңіле алуымен алпысыншы-жетпісінші жылдардағы қазақ прозасының дамуына айрықша ықпал еткені анық.