- Негізгі бет
- Үй тапсырмасы
- Спандияр Көбеевтің өмірі...
Спандияр Көбеевтің өмірі мен шығармашылығы
Спандияр Көбейұлы – Ыбырай Алтынсарин үлгісіндегі педагог-жазушы. Өз ұстазының жолын үлгі тұтып, ағартушылық идеясын педагогтік қызметі арқылы насихаттаған. Сол бағытта Спандияр Абай мен өз ұстазы Ыбырай Алтынсарин негізін салған қазақ әдебиетіндегі демократтық, ағартушылық идеяны әрі қарай жалғастырды және жаңа жағдайға лайық дамытты.
Спандияр Көбейұлы 1878 жылы 1 қазанда бұрынғы Торғай облысы, Николай уезі Обаған болысына қарасты №3 ауылында дүниеге келген. Спандиярдың әкесі Көбей – мұсылманша хат таныған, шыншыл, қолөнерімен күн көрген адам. Ол балаларын оқыту жағына көп көңіл бөлген. Анасы Айтбоз да, жазушының өзінің айтуынша, өте қайратты және есті, ауылдың ортақ анасы сияқты қадірлі адам болған. Жарастықты отбасының үлгілі тәрбиесі болашақ педагог-жазушының мінез-құлқының қалыптасуына да әсер еткен. Болашақ педагог-жазушы өзінің өмірлік мұратын мұғалімдікпен ұштастырады. «Ыбырайдың өлімі менің оқытушы боламын деген ынта-ниетімді біржолата баянды етіп бекітті», - дейді. Сол ниетпен Орынбордағы оқытушылар семинариясына түсуге талаптанады да, оның сәті түспей қалған соң Қостанайдағы екі жылдық педагогикалық курсы мұғалімдікке жол ашады. Курсты 1901 жылы бітіріп, бастауыш мектепке мұғалімдік құқық алады. Жүрегі надандық торына шырмалған өз халқына деген сүйіспеншілік пен оған білім шырағын жағу үмітіне толы жас жігіт жердің шалғайлығына қарамай Қостанайдан мың шақырымдай Ырғыз уезіндегі Толағай болысына қарайтын Кішіқұм деген жерге оқытушы болып барады. Арнаулы салған мектеп үйінің жоқтығы, жабдықтар мен оқу құралдарының жетпеуі, балаларын орысша оқытуға наразы ел ішіндегі надан көзқарас – бәрімен жас мұғалім жалғыз күреседі. Сөйте жүріп, балаларға арнап «Үлгілі тәржімә», «Үлгілі бала», «Орындалған арман» секілді асыл туындыларды дүниеге әкеледі. Осылардың ішіндегі 1951 жылы жарияланған «Орындалған арман» мемуарлық кітабының орны ерекше. Кітап өңделіп, 1954 жылы екінші рет басылды. «Орындалған арман» - педагог-жазушының өткен өмір жолы, қоғамдық қызметі, ортасы мен дәуірі жайлы шығарма. Онда автор заман шындығын әр қилы оқиғалар мен адамдар тағдыры арқылы көрсетеді. Кітапты оқып отырып, ең алдымен, өз ғұмырын халқына арнаған, талай қилы кезеңдер, қалтарысы мол жылдардан өтіп, өз еңбегінің жемісіне ие болып, республиканың көрнекті қоғам қайраткері дәрежесіне көтерілген қарт педагог-жазушының бейнесі көз алдыңнан өтеді. Кітапта сол адамның күрескерлікке толы ескі және жаңа өмірі нанымды суреттеледі. Айналасында болып жатқан өзгерістерге бақылаушы болып сырттан қарап тұрмай, біте араласып жүреді. Сондықтан оның қандай оқиғаға болмасын өз көзқарасы, өз қатынасы бар. Ескі қазақ ауылындағы тап тартысы, байлар мен кедейлер арасындағы кейін саяси бағыт алған стихикалық соқтығысулар, жер дауы, жесір дауы, 1905 жылғы алғашқы орыс революциясының қазақтарға әсері, 1916 жылғы көтеріліс, орыс-қазақ достығының нығаюы жайын кейде кесек оқиғалар, кейде шағын эпизодтар арқылы айқын көрсетіп отырады. Шығарманың негізгі кейіпкері ел басындағы ауыртпашылықты бірге көтереді, қолынан келгенін халық мүддесі жолына жұмсайды. Қараңғылық пен надандықтан халқын құтқарып, ілімнің ұрығын себуге талаптанған ол бала оқытады, елді тәрбиелеуге көмектесерлік әдеби шығармалар жазады. Қазан революциясынан кейін ол халық арасында Кеңес өкіметінің мәнін, оның саясатын насихаттаушылардың алдыңғы қатарында жүреді. Кітапта Ыбырай Алтынсариннің халықтық қызметін көрсетуге бірсыпыра көңіл бөлінеді. Автор қазақ даласында алғаш мектептер ашқан, сол мектептердің біріне өзін оқуға орналастырған ағартушы-педагогтің образын жасайды, онымен кездесулерін әсерлі баяндайды. «Қара бақсының хикаясы», «Надандық құрбаны» атты тарауларында ескі ауылда етек жайып, оны рухани жүдеткен қараңғылық пен надандықты әшкерелейді. Ауылдағы тап тартысы, кедейлердің егіндік, шабындық жерлерін тартып алған байларға қарсы бой көтеруі, байлардың олардан «кек қайтару» озбырлығы – кітаптың бірқатар тарауларының («Зорлық», «Мұз үстіндегі айқас», т.б.) мазмұнын құрайды.
XX ғасыр басындағы революциялық оқиғалардың қазақ ауылына әсері, орыс большевиктерінің ісі, прогресшіл мақсаттағы оқытушылардың қызметтері кітапта нанымды баяндалады. Осы оқиғаларға ере автор өзі де өсе түседі. Кітаптың соңғы бөлімін Спандияр өзінің Кеңес өкіметі жылдарындағы қызметіне арнаған.
Спандияр Көбейұлы тек оқу-ағарту майданында ғана емес, сонымен қатар қазақ әдебиетінің тарихында да елеулі орын алады. Оның ағартушылық, педагогтік және жазушылық қызметі өзі өмір сүрген заманның талабынан туды, халықтың рухани тілегіне жауап берді.
Сурет: www.yetishukuk.com
Оралхан Бөкейдің өмірі мен қызметі, алғашқы әңгімелері мен повестері
Мұқан Иманжановтың өмірі мен қызметі, шығармашылығы
Әсет Найманбаевтың өмірі мен шығармашылығы
Ж. Исакаев