1941 жылы жазда фашистік Германия Кеңестер Одағын басып алу мақсатымен соғыс ашты. Еліміздегі барлық материалдық және идеологиялық әлеумет отанды қорғап қалу ісіне жұмылдырылды. Көптеген қазақ ақын-жазушылары шығармашылықты қоя тұрып, майданға аттануына тура келді. Майдандағы қаламгерлер қолына қару мен қаламды қатар ұстап, жауға қарсы күрессе, елде қалған жасамыс жазушылар да қаламын ұштай түсіп, соғыста қан кешіп жүрген қазақ жауынгерлерінің жауға деген өшпенділігін, патриоттық сезімін оятып, елдің еңсесін көтеруге рухани жағынан барынша қызмет етті. Сөз өнерінің ішінде отаншыл көсемсөз алдыңғы қатарға шығып, отан қорғау тақырыбы бүкіл идеологиялық жұмыстың негізі мазмұнына айналды. Мұндай жағдай қазақ әдебиетшілерінің алдына да жаңа міндеттер қойды.
Соғыс жылдарында көркем әдебиет аз шығып, әдеби басылымдар жабылып қалғанына байланысты қазақ әдебиеті өзінің қарқынды дамуын бәсеңдетті десек те әдеби өмірдің ағысы тоқтаған жоқ.
М.Әуезовтың «Абай жолы» роман-эпопеясының алғашқы кітабының жарыққа шығуы соғыс кезіндегі қазақ әдеби өміріндегі ең бір елеулі оқиға болды. Бұл кітаптың басылып шығуына сол кезде рұқсат етілмеді. Қазақ мемлекеттік көркем әдебиет баспасының бас редакторы болған ұлтын сүйген азамат Б.Кенжебаевтың қауіпке қарамастан тәуекелге бел буған азаматтық әрекетінің арқасында ғана бұл шығарма жарыққа шықты. «Абай жолы» роман-эпопеясы қазақ тұрмысының үлкен бір айнасы, қазақ халқының қасиетін, сын-сипатын, сапасын, елдігін көрсететін, қазақ оқушыларының патриоттық, халқын сүюшілік сезімін күшейтетін, қазақты жете білмейтін жұрт оқушыларына қазақ халқы осындай халық екен деп айтқызатын роман, патриоттық роман» - деп, қазақ әдебиетіне тамаша бір туынды келіп қосылғанын жалпақ жұртқа жария етті.
Соғыс жылдары қазақ әдебиеттануында өткеннің мәдени мұраларына назар көбірек бөлінді. Жауды жеңу үшін кеңестік патриотизм туралы жылтыр сөздердің аздық ететіні байқалып, халықтың рухын көтеретін ұлы күш – ұлт батырларының ел қорғаудағы ерліктерін үлгі ету қолға алынды.
Соғыс жылдарында бұрындары тыйым салынып келген ұлттық батырлардың ел қорғау ісіндегі ерліктері насихатталып, олар туралы тарихи және эпостық жырлар жарияланды. Қазақ халқының тарихын зерттеу істері қолға алынып, батырлық салты жайлы еңбектер едәуір көрінді. Ол кезде тіпті орыс отаршылдарына қарсы күресіп өткен Кенесары Қасымұлы туралы да мақалалар шыға бастады. Өйткені, ен даланы еркін жайлап, тіршілік жасап жатқан елдің жерін біртіндеп басып алып, түгелдей қаратуға айналған тұста тырп ете алмай, жаны алқымға тығылған тұтас бір ұлтты тік көтеріп, азаттықтың ақ жолына бастаған осы Кенесары болатын.