- Негізгі бет
- Үй тапсырмасы
- Іскерлік этика –...
Іскерлік этика – қызметтегі басты талаптардың бірі
Қызмет саласының барлық түрі еңбек етушілердің бойында әр түрлі қасиеттерді қалыптастыратыны анық. Қызмет атқарушы кез келген адамның бойында жауапкершілік, өз ісіне адалдық, табандылық пен шыдамдылық қасиеттері болуы тиіс.
Заман ағымының қазіргі жылдамдығы қызметкерлердің үнемі өзін-өзі жетілдіріп отыруын талап етеді. Осылайша олардың мамандық бойынша құзіреттілігі де дами түседі екен. Сонымен қатар ұжымдағы қарым-қатынастың дұрыс болуын қамтамасыз ететін тағы бір қызметтік қасиет – іскерлік этика. Іскерлік этика – мәдениет пен құрмет, өзгелерге деген сыйластық көрінісін танытатын жалпы ұғым боп қабылданса, психология саласында бұл толық зерттелу саласы есебінде қаралады.
Бүгінгі күні жоғары оқу орындарында білім алушыларды болашақ маман ретінде жан-жақты дайындау ісі қолға алынған. Алматы қаласы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің студенттері мен магистранттары арнайы "Басқару психологиясы" атты міндетті пән бойынша білім алуда. Аталмыш пән педагогикалық мамандық студенттері мен магистранттары үшін маңызды екендігі айқындалып, осы жолда білім берудің тиімді тәсілдері қалыптасып, әлі күнге дейін өзгеру, жетілу жолында болуыбүгінгі заман талабымен сәйкес келіп отыр. Психологияға негізделген пәндердің өзге факультеттердегі мамандықтарға жүргізілуі болашақ мамандарға өмірге қажетті білімді беруге, болашақта қызмет барысында орын алуы мүмкін көптеген кикілжін мәселерді шешу, өзін-өзі басқару, ұжым ортасына бейімделу сияқты құзіреттіліктерді қалыптастыруды көздейді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ филология факультетінің студентері мен магистранттарына негізгі пән ретіде оқытылатын "Басқару психологиясы" бұған дәлел бола алады. Жалпы және қолданбалы психология кафедрасының профессоры, психология ғылымдарының кандидаты Н.С. Жубаназарова пәнді оқу барысында магистранттарға тек теориялық білімді ғана алып қоймай, оны практика жүзінде қолдану, жұмыс барасында кездесуі мүмкін жағдаяттарды арнайы талдатып оқытуда.
Педагогикалық мамандық иелеріне оқушылармен жұмыстағы этика, ұжымдағы іскерлік этика мәселелері бойынша өзекті ақпарат арқылы, теориялық білім беруде. Семинар сабақтарында магистранттар пән оқытушысы Н.С. Жубаназаровамен арнайы іскерлік этиканың практикалық мәселерін қарастырады. Бірнеше рет топтық жұмыстар ұжымдағы этика сақталмау себебінен туындайтын қиындықтарды шешу және алдын алу тақырыбында жасалды. Ондағы мақсат – іскерлік этиканы сақтап, сабақтың мұғалім мен оқушы арасында тең және тыныш күйде өтуін қолға алу. Осының арқасында магистранттар оқушы мен мұғалім арасындағы этика ережелерін сақтау, әдеп ережелерін ұстану сияқты мәселелердің қатарындағы жағдаяттарды шешіп, болашақ қызметке этикалық норманы игеру тұсынан дайындалуда.
Себебі іскерлік этика – адамның өзінің кәсіби борышына деген көзқарасын, іскерлік саладағы қарым-қатынастың моральдық-адамгершілік нормаларын анықтайтын нормалардың жиынтығы. Адамдардың іскерлік қарым-қатынасы кәсіби этиканы реттейді. Оның мазмұны адам арасындағы адамгершілік қарым-қатынастардың белгілі бір түрін белгілейтін, қандай да бір әлеуметтік топтағы мінез-құлық нормаларын мақұлдайтын немесе жоққа шығаратын мінез-құлық кодекстері болып табылады.
Сондықтан ұжым мен әлеуметтік топтың қайсыбір түрінде қандай этика нормалары бар екендігін, олардың негізгі принциптерін білу өте маңызды. Көне дәуір философы Конфуций адамның психологиясы мен ұжымдағы этика мәселесін сол кездің өзінде келесідей қарастырған. Конфуций адамның адамгершілік қасиеттеріне назар аударады, ол қарым-қатынаста жағымды етеді: 1) басқа адамдарға қатысты борыш сезімі; 2) қоғамдағы тәртіп пен ережелерді сақтауға мүмкіндік беретін белгіленген тәртіп пен тәртіп ережелерін орындау деп екіге бөледі. Демек, адамның ортада жұмыс жасай алуы үшін іскерлік этика нормаларын үйрену, ұстану принципі алға шығады.
Психологияда іскерлік этиканы ғылым саласы ретінде зерттейтін маман-ғалымдар бірнеше басты тұжырымдарды алға шығарады. Мысалы Дж. Ягер өзінің кітабында іскерлік этикеттің алты негізгі өсиетін қалыптастырады: жұмыста уақытында жасау, жұмыс құпиясын сақтау, өзін емес, басқаларды да ойлау, жеке өмірді жұмысқа әкелмеу, киім этикасын сақтау сияқты бірнеше маңызды мәселелерді көрсетеді. Дәріс оқу барысында оқытушы Н.С. Жубаназарова өмірде болған іскерлік этикаға қатысты мәселелерді ғалымдардың теориясы мен жеке көзқарастар, ғылыми дәлелдер арқылы түсінікті талдайды. Іскерлік этикет іскерлік қарым-қатынаста табысты болуды қамтамасыз ететін мінез-құлық ережелері мен нормаларын ұзақ іріктеудің нәтижесі болып табылады.
Іскерлік этикет ережелері, мінез-құлық мәдениеті бүкіл қызет барысының бірқалыпты, кикілжінсіз өтуін қамтамасыз етеді. Іскерлік этиканы арнайы оқыту болашақ мамандардың кәсіби этика құзіреттеліктерін дамытып, мәдени деңгейін арттырады. Сондықтан жоғары оқу орындарында «Басқару психологиясы» пәнінің оқытылуы әбден орынды және қажет деп санаймыз.
Жубаназарова Н.С.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
психология ғылымдарының кандидаты, профессор
Қайратова І.Қ.
жалпы және қолданбалы психология кафедрасының
аға оқытушысы
Қапарова А.Ә.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
«қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығының
1-курс магистранты
Қ. Слямбек