- Негізгі бет
- Үй тапсырмасы
- Шығыстық дастандардың өміршеңдігі...
Шығыстық дастандардың өміршеңдігі – оның зерттелуінде
Шығыс əдебиетіндегі нəзирашылық дəстүріне ұқсас үрдісті ежелгі грек əдебиетінен табуға болады. «Нəзира» Фирдоуси заманынан өріс ала бастаған кезінде оның негізгі тақырыптық ойы шығыс мифологиясынан басталып, қаһармандық, ғашықтық мəселелеріне ауысқан.
Грек кикликтерінің негізгі тақырыбы да ежелгі мифология болатын. Бір ғана «Илиада» мен «Одиссеяның» (б.д.д. ІХ–VІІІ ғ.) айналасында қаншама шығарма жазылған. Біздің жыл санауымызға дейінгі 700-жылдар шамасында өмір сүрген Гесиодтың «Теогониясы» жазылып кеткен сюжетке қайта айналып соғу үрдісінің бастамасын жасаған. Одан кейін Апполодордың (б.д.д. ІІІ ғ.) «Құдайлар туралы сын», рим ақыны Овидийдің «Метамофозасы», тіпті ескі мифологияны жаңғыртушы Гекатей Милетский (Генеология), Геродот («Тарих») сияқты тарихшылар да бар. Бұл дəстүр бірте-бірте Құдайлардың ғашықтық оқиғаларын суреттеуге ұласқан. Осыған қарап, шығыс «нəзирасы» – гректің «кикликтермен» тамырлас үрдіс деген ойға келеміз. Қиссаның («қисса» араб сөзі – баяндау) тууына тікелей негіз болған «Мың бір түн», «Тотынама», «Шаһнама» желілері болғанымен, оның түпкі бастауларында жоғарыдағы Ассирия-Вавилон, грек, шығыс фольклоры, алғашқы қауымда пайда болған архаикалық мифтер де жатыр. Қисса жанры өзінің қалыптасу кезеңінде осылардың бəрін сіңірді. Ол – жазба əдебиеттің басталу тұсында əлі ауызша əдебиеттен ажырай қоймаған кезеңде туған көне жыр. Қиссаларда дүние – жаратылыстың пайда болуын, жанды-жансыз нəрселердің шығу тегі мен себептерін, өзен, тау, тас, аспан əлемі, жұлдыздар туралы түсініктер бар. Космогониялық мифтің көріністері кездеседі. Дүниені мекендеген əртүрлі мифтік мақұлықтар: дию, пері, жын шайтан, жалғыз көзді дəу, аң-хайуан бейнелі адамдар көне заман түсініктерінен туғандығы айқын. Қиссада адамзат дəуірлерінің қоғамдық қалыптасуының бас кездерінде пайда болған мифтік түсініктер мен қала мəдениетіне тəн оқиғалар астасып жатады.
Қисса-дастандарды зерттеу мəселесінің жалпы жағдайлары М.Əуезов, С. Мұқанов, Е. Ысмайылов, Қ.Жұмалиев, Б.Кенжебаев, М.Ғабдуллин, Б. Шалабаев, Х.Сүйіншəлиев еңбектерінде сөз болды. Қиссашы ақындарды əдебиетке кіргізіп, ақтап алуды қарастыру талаптарын профессор Б.Кенжебаев еңбектерінен де көруге болады. Б.Кенжебаев Шəді, М.Жүсіп, Н.Наушабаев, т.б. шығыс сюжетіне өлең жазған ақындарды «ағартушылық бағыттағы ақындар» деп бөлу арқылы оларды «кертарпа», «ескішіл» деген айдар тағудан ажыратып алады. Шығыстық қисса-дастандарды тақырыптық жағынан Алма Қыраубаева былай бөледі: Авесталық мифтер, Қасиетті мекен, қасиетті ағаш, хан қызының жауына болысуы, дəрі шөпті тапқан тышқан, аң асыраған бала, өлім мен өмір, патшаның тастанды баласы, мұнара басындағы қыз, мифтік жеті саны, мифтік уақыт, мифтік бейнелер: Итбас адамдар, жылан, айдаһар-аждаһа, самұрық құс, пері, ғайып ерен, қырық шілтен және тағы басқа тақырып. Оларда айтылатын ойдың бәрі жақсылыққа ұмтылу, жамандықтан ада болу.
«Хұсрау уа Шырын» дастаны туралы зерттеушілер көп-ақ. Соның ішінде А.Қыраубаева дастанның туылуын, зерттеулін, тілдік ерекшеліктерін, мазмұнын ашып жазған. «Парсы тілінде жазған Низамидің «Хұсрау-Шырын» дастанын түрік тілінде сөйлеткен ақын – Құтб. Низами дастанының құрылысы мен сюжетін толық сақтай отырып, еркін шығармашылық жолымен, өз елінің өмір жағдайына сəйкестендіріп, түрік оқырманының түсінігі мен дағды дəстүріне лайықтап жазылған. Құтб нұсқасы Тыныбек шаһзаданың тұсында 1341-1342 жылдары жазылған екен. Ол Париждің ұлттық кітапханасында сақтаулы. Дастанның транскрипциясын поляк ғалымы Ананиаш Зайончковский 1961 жылы латын əрпімен жариялаған. Қазақ тіліне үзінді түрінде аударып, тілдік тұрғыда зерттеген Ə.Ибатов (1974). Ол «Ежелгі дəуірдегі қазақ əдебиеті» атты хрестоматияда жарияланды (1992-212-225). Осы аттас оқулықта профессор Н.Келімбетов біраз əдеби талдау жасаған (1986). Дастанның оқиғасы Шырын мен Хұсраудың махаббаты туралы, сүйіспеншілік, ғашықтық, жақсылықты, ізгілік пен адамгершілікті үлгі етеді. Шығыс халықтарына кең тараған əдеби сюжетке құрылған. Бұл тақырыпты алғаш жырлаған Фирдоуси болса, одан кейін Низами, Əмір Хұсрау Дехлеви, Жəми, Науаилер де қалам тартқан. Олар сюжеттік тұрғыда бірін-бірі қайталайды» дейді ғалым.
Осындай дастандармен сарындас біздің төл мұраларымыз да бар. Мәселен, «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу», «Қыз Жібек», «Еңлік-Кебек», «Қалқаман-Мамыр» секілді датандарды айтсақ болады. Олардың мазмұны, оқиға желісі бір-бірінен алыстап кетпейді.
Г. Берік