Тірі тарих, шексіз шежіре. Шын мәнінде бұл тіркестің мәні қандай?! Батыр ұлдың бағына бұйырған келіннің «Шуақты күндер» шығармасы ұлтқа қаншалықты ой салды?
1984 жылы 20 000 данамен жарық көрген «Шуақты күндер» кітабы халықтың ықыласына бөленіп, оқырман қауымның жүрегіне жол тапты. Тәлім-тәрбие мен үлгі-өнегеге толы бұл кітап халықтың батыр ұлы Бауыржан Момышұлы хақында. Оқырман ретінде талдар болсақ, авторды танытқан – атаның келбеті. Бауыржандай батыр ұлдың болмысы халыққа өзге жағынан суреттеліп, үлгілі әке, қамқор ата қыры ашылып көрсетілген. Зейнеп Ахметова қиялдың жетегіне еріп, не болмаса, прототип етіп кейіпкер жасамаған. Шығарма барынша шынайы. Ақиқаттың кімге болса да ұнайтыны рас. Шығарманың желісінде қазақ қыздарына тән барлық болмыс бейнеленген. Бүгінгінің өзекті мәселелеріне нақты жауаптар алуға болады. Отбасы болғаннан кейін ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды. Жолдасы Бақытжанға ренжіп, төркінге барғанда Зейнепке айтылған бір ауыз сөздің өзінде үлкен мән жатыр.
«Шыққан қыз шиден тысқары, сенің түпкілікті тұрағың, түтінін түтетіп, тілеуін тілейтін үйің – күйеуіңнің үйі. Бір еркектің ыстық-суығына төзе алмасаң, кедір-бұдыр мінезін кешіруге кеңдігің жетпесе, жоғын бар етіп, ашылғанын жаба алмасаң, әйелдік ақ жаулықтан садаға кет».
Шын мәнінде, қазіргі қоғамда мұндай сөздерді көп ананың аузынан ести алмаймыз. «Шуақты күндерді» әдеби шығарма деп қарай алмайтынымыз тағы бар. Не үшін? Өйткені, қиял аралас дүниені, ойдан шығарылған кейіпкерді, мистикалық іс-әрекетті жазбаған. Ой түйемін, қорытамын, керек дүниені аламын дегендер үшін тұнып тұрған нақыл сөзбен өрілген. Шығарма сол үшін де құнды.
Тілекке еңбек тірек болмаса, ойға омалып қырдан аса алмайсың.
Жаттың жерінде қанша жүйрік болсаң да, олардың жабағысы – арғымақ.
Алатын кезде алға озып, беретін кезде бұғып қалатын, алғаны мен бергенін жіпке тізіп санайтын адамнан аулақ жүр. Ондай адамнан құтылудың өзі – үлкен олжа.
Ақымақтығыңды өзің ұғып түсінсең, ақылды болғаның, ал өзіңді ақылдымын деп сенсең, нағыз ақымақсың.
Осы секілді тізбектей берсек таусылмайтын нақыл сөздерден жалпы қазақ ой түйетіні анық. Дегенмен, кітап ер-азаматтардан бұрын қыз балаларға аса қажет. Не үшін? Ене тәрбиесі емес, ата тәрбиесінің озық үлгісін көрген Зейнеп Ахметова келіндік ғұмырдан не түйді?
Жазым келсе, быламыққа тіс сынар.
Бас – атаңның сыбағасы, жамбас – қазақ жолы.
Сүтке қаймақты қалың түсіру.
Осы бір ұғымдарды зерделей отырып, ене емес, атаның түсіндіруі де бөлек дүние. Автор Бауыржан Момышұлы арқылы қазақ келінінің бейнесін көрсеткен, яғни, Зейнепті Зейнеп етіп, ел анасы болуға ықпал еткен – атасы.
Адам тіршілігінің жеті кезеңінің өзін тереңнен түсіндіру кез-келгеннің қолынан келе бермейді.
1)Ана құрсағындағы шарана кез
2)Жөргектегі сәбилік кез
3)Шапқылап жүрген балалық шақ
4)Жастық дәурен
5)Мосқалдық асу
6)Егделік белес
7)Кәрілік түйін
Шығарма желісінде жыртыс түрлерінің өзі жеке-дара бейнеленген.
Бұлғын, құндыз, жанат, сусар, түлкі, жамбы, тайтұяқ, қойтұяқ, мақпал, қамқа, қыжым, қырмызы, барша, тоқаба, торғын, шәйі, манат, барқыт, дүрия. Осыларды атай келе қыз баланың жасауын алты жастан жинасаң асады, жеті жастан жинасаң жетеді деген ойды да нақтылап өткен.
Ұзатылып бара жатқан қыз балаға, келін түсіретін енеге немесе қыз өсіріп отырған анаға «Шуақты күндер» – таптырмас бағалы сыйлық. Себебі, қазақы болмыстың, әдет-ғұрып пен салт-дәстүрдің керекті жерлерін жинап, белгілі бір өлшемге сыйғызғандай.
«Күйеуіңе жақсы жар боламын десең, жұғымды да жағымды боламын десең, тым ащы да, тым тәтті де болма! Өте ащы болсаң – түкіріп тастайды, асыра тәтті болсаң жұтып қояды. Дәмді болу керек».
Аталмыш ақыл атаның келінге айтқан өнегесі. Қазақтың енесінен мұндай ақылды естіп жүрміз. Атаның айтуында өзге ұғым байқалады.
Адамзат – топырақ. Атақты Бауыржанның келіні атасын қалай жоқтайды?! Ертең еңіреп жылап отырсаң, соқыр көзден де жас шығады демей ме?! Тірі кезімде сенің жоқтауыңды естиін. Айтып берші?! Бұл жерден қаталдықты оңай аңғаруға болады. Дегенмен, қазақы салтты, дәстүрді дәріптеушілікті де көре аламыз. Зейнеп Ахметованың лезде тапқан жауабына назар аударсақ:
Аспанда ұшар лашын,
Лашын жаяр құлашын.
Атамды алған құдайдың,
Келіні мендей жыласын.
Осы бір кішкентай диалогтың өзінен ата мен келін арасындағы қарым-қатынастың өнегелі үлгісін аңғарамыз.
Шығарманы оқи отырып, Бауыржан Момышұлының өз отбасынан бөлек құдасына, достарына, халқына деген қарапайымдылығын аңғарамыз. Шындықтың бетіне тура қарайтыны соншалық, ерлігін есеппен жасамаған.
Мой беспорядок – это есть высший порядок. Расымен, батыр ұлдың қыңыр іс-әрекетінің өзінен адалдықтың ұшқынын көреміз. Шуақты күндер бір адамның болмысын суреттеуге арналған шығарма емес. Күллі қазақтың болмысынан хабар береді. Ендеше, оқып көріңіздер!