Шернияздың ақындық ерекшеліктері жайлы

Шернияз Жарылғасұлы ескіше оқыған, хат таныған адам. Оның өлеңдерінің құрылысына қарағанда, жазба әдебиеттің өкілі емес, ауызша, керегінде жанынан суырып салып айтуға бейім ақын екендігі аңғарылады. Өйткені, оның өлеңді тез шығаруы жағынан, айтыстарда қолданған тіл шеберлігіне назар аударсақ импровизациялық дәстүр берік сақталады.

Суырып салмалықтың өзіне тән алуан ерекшеліктері бар. Соның бірі – тосыннан сөз табу, жылдам жауап беру. Бұл қасиет Шерниязда анық байқалады. Баймағамбет сұлтан шабамын деп, қылышын суырып алғанда айтқан «Хан қолында ұстаған қасқа қылыш» дейтін өлеңін импровизаторлықтың тамаша үлгісі десек, «Шернияз тарихы» атты қолжазбадан алынған төмендегі өлеңі тез айтуға машықтық, ұсталығы жағынан шеберлігін байқатады.

«Бір іс жөнінде хан Шерниязды айыптап, дүре соқтырмақшы болады. Жұрт сұраса да хан кешірім бермейді. Жұртқа болмаған соң, ханға ақынның өзі барады. Есіктен кіре бергенде маңдайшаға соғылып, басындағы жапатай бөрік түсіп кетеді. Еңкейіп алайын деп жатқанда хан: «Ойланбастан осыған өлең айт», - дейді. Сонда бір аяғы табалдырықтың сыртында, бір аяғы ішінде тұрып:

«Басымнан түсіп кетті жап бергенім (бөрік)
Құдай-ай, осы ма еді көп көргенің?
Өсірген сылап-сипап он саусағым,
Кәнеки, тап бергенде, ап бергенің!?
Қызыл тіл, барың болса енді сөйле,
Таппасаң, қапияда босқа өлгенің.
Ұлына екі атаның бермей тілек,
Кім еді сонша көпте жек көргенің?» – дейді. Тек қана бұл емес, ханның қызына, әйеліне, өзіне айтқан Шернияз сөздерін құрылыс жағынан алсақ, суырып салмалықтың үздік үлгісі деуге тұрарлықтай.

Халықтың суырып салма ақындарына, әсіресе айтыс ақындарына тән әдіс – қарсыласын ең осал тұсынан ұстау. Бұл да Шернияз шығармашылығында өте шебер түрде қолданылады, Медебаймен айтысында аузынан «неме» деген сөз шығып кетеді. Қазақ тіліндегі кейбір сөздерді бұрып айтса, басқа мағына беретіндігін пайдаланып, Шернияз сол сөзден Медебайды тамаша тапқырлықпен сүріндіреді.

Шернияз Жарылғасұлы халық ақындарының әдіс-тәсілдерін берік сақтайды, бірақ оның өзіне тән, ақындық бейнесін көрсететін ерекшелігі де жоқ емес. Оның өз кезіндегі, не өзінен бұрынғы ақындардан айрықша бір ерекшелігі – оның өмір құбылысын суреттеуде қолданылатын поэтикалық тілінде. Ақын өлеңдерінде тамаша теңеу, метафора секілді поэтикалық тілдің әр түрі кездеседі.

«Шаншатұғын найзадай,
Қылтың еткен жиырма бес.
Шабатұғын қылыштай,
Жылтың еткен жиырма бес»...

...«Исатай ділмар еді топтан озған,
Нар еді бәйтерекке мойнын созған.
Исатай – ел еркесі, ел серкесі», - деген үзінділердегі образдар ақынның терең сезімін ерекше аңғартады. Сонымен қатар Шернияз – юморист ақын. Сондықтан оның поэтикалық тілінде, сөздігінде ирония, сарказмдар жиі ұшырайды. Ал өлең құрылысы жағына келетін болсақ, дағдылы 11 буынды не жеті буынды немесе сегіз буын аралас келетін жыр ағымы. Өлеңдерінде қара өлең ұйқасы, ерікті, терме өлеңдерінде көп кездесетін кезекті ұйқас жиі ұшырасады.

Шернияз бұдан бір ғасыр бұрын өмір сүрсе де, оның өлеңдерінің маңызы жойылған жоқ. Өйткені өз кезіндегі қара халықтың көпшілігі шаруалардың мұңын жырлап, шаруалар көтерілісін басқарған, халыққа қамқор болған ерлерді дәріптеді. Жаншылған шаруалар табының жыршысы болған Шернияз ұлттық рухы биік жырларын ақындықтың биік сипатымен насихаттады.