- Негізгі бет
- Үй тапсырмасы
- Шәңгерей Бөкеевтің «Қосаяқ»,...
Шәңгерей Бөкеевтің «Қосаяқ», «Құйрық атып құлия» өлеңдеріне талдау
Шәңгерей XIX ғасырдың екінші жартысы, XX ғасырдың бас кезінде бұрынғы Ішкі Бөкей ордасында өмір сүрді. Бөкей ордасы, әсіресе, Жәңгірдің хандық құрған кезінде хан, феодалдарға қарсы езілуші шаруалар көтерілісінің туын тіккен жері болғандығы мәлім. Шәңгерей туралы көптеген адамдар жазды: Н.Манаев, М.О.Әуезов, Қ.Жұмалиев, З.Ахметов т.б. Әйтсе де, Шәңгерейдің өмірбаянын алғашқы құрастырушысы да, оның творчествосында өзінше талдаулар жасаушы да Нұғыман Манаев. Ол – Шәңгерейдің өмірін жақсы білетін адамдардың көпшілігімен жақын жолдас болған адам. Шәңгерейдің өмірін, творчествосын қазақтың басқа ақындарымен салыстырсақ, ол ешқайсысына да ұқсамайды. Шәңгерейдің әлеумет істерінен бойын аулақ салып, ешкімге тәуелді болмау, дарашылдықты сүю, тек әнші, күйші, өнерпаздар болмаса, басқалармен қарым-қатынас жасауды ұнатпау тәрізді мінездері – қазақ жағдайында оның тек өзіне тән ерекшеліктер. Дарашылдықтың негізгі қасиеті, қоғам өмірінен аулақтау, әлеумет мәселесінен қашып, жеке бір өмір іздеу, оның табиғатты, сұлулықты бөліп алып, сүйіспеншілік, махаббатты жырлауы. Шәңгерей ескі өмірді сұғына жырлап, оны қайта орнату керек демесе де, өз кезіндегі жаңалықтардың көбімен келісе алмады. Міне, осыдан келіп, әлеумет өмірінен аулақтау, табиғатқа, оның әр түрлі құбылысына берілу, көлемі шағын тақырыптарды алып жырлау, өзінің ой-пікірін соның айналасына жиыстыру арқылы дарашылдыққа ұшырады.
Қазақ әдебиетіндегі Фет, Тютчевтің сыңары – Шәңгерей. Үстірт қарағанда Шәңгерейдің өмірдегі – күрес-тартыспен еш байланысы жоқ тәрізді. Шындығына келгенде, сенде мені қызықтыратын еш нәрсе жоқ деп, жеке өмірімен байланысты нәрселерді ғана жыр қылудың өзі – ақынның әлеуметтік құрылысқа жасаған наразылығы еді. Әдебиет тарихына көз жіберсек, кейбір ақындар өз кезіндегі құрылысқа наразы болып, өткен өмірді жырлады, жақсылықты келешектен күтті. Шәңгерей ең алдымен ғылым мәселесіне үлкен сеніммен қарады. Қоғамның дамуы үшін ғылым мен білімнің негізгі шарт екенін ұғындыруға күш салды. Ақын бір жағынан, жастарды ғылымға үндесе, екінші жағынан, олардың «аяқ жетпес жерлерге аяқ баспауын» аңғартады. Ғылым түпсіз тұңғиық немесе асқар тауға ұқсас. Ғылымға ұмтылушылар да өзіне белгілі бір шек қоюуы керек дегенді құптайды.
Шәңгерей – ең алдымен лирик ақын. «Өмірдің өтуі», «Бір күнде жас көңілім судай тастың», «Алла яр», «Қорытынды» т.б. өлеңдері – азаматтық (саяси) лирика. Бұл өлеңдерінде ақын өмір, заманның ағымы туралы өзінің наным-сенімдерін, жалпы дүниеге көзқарасын аңғартады. Ақынның философиялық, сүйіспеншілік тақырыбына арналған лирикалық өлеңдері де бар. Оқыған, ойлы, саналы ақын өмірдің әр алуан құбылыстарын өзінше бақылай келіп түйгені – өмірдің әрдайым өзгеріп отыратындығы. Шәңгерей, сөз жоқ, дарынды ақын және оның өлеңдерінде романтикалық сарын айқын сезіледі.
Оның эстетикалық талғамының нәзіктігін танытар орны ерекше шығармасының бірі «Қосаяқ» және «Құйрық атып құлия» өлеңдері. Бұл өлеңдерінде қолданылған сөздер ақынның сипаттама образдарындағы нәзіктік, биязылығымен де әсерлі көрінеді. Ақынның бұл өлеңдеріндегі суреттеулер тиянақты оймен суреттелген.
Қосаяқ - Нарын құмында көп болатын кішкене ғана жәндік. Ақын оған арнаған өлеңін өзінің балалық шағы, өткен өмірімен байланыстырады. Қосаяқтың үздік портретін жасайды. Қосаяқ - қазақ әдебиетіндегі ең жақсы, ең керкем жасалған портреттің бірі. Шәңгерей өлеңдерінде көркем сөз құралдарының басқа түрлері де кездеседі. Мысалы, архаизм немесе басқа тілден енген сөздер. Өлендерінің көбі өткенді жырлауға арналғандықтан, архаизмдердің кездесуі табиғи құбылыс, ал басқа тілден енген сөздер көбінесе араб, парсы тілдерінен алынған, себебі Шәңгерей орыс тілімен қатар осы тілдерді де жақсы білген. Шәңгерей өлеңдерінің көркемдік қасиеттерінің бір тамыры дыбыс әуезділігінде жатыр. Шәңгерейдің бізге қалдырған бұл екі өлеңінің сапасы мығым туындылар деуге болады.
Ұлы ақынның қай шығармасын алсақ та, суреттеген өмір құбылыстарының нәзіктігі, адам образдарының өз ортасына тән нақтылығы, шығармаларындағы көркемдіктің үздіктігі кімді болса да бас игізгендей.
Сурет: jumba-warez.clan.su
Оқи отырыңыз:
Тәуелсіздік жылдарында жазылған драмалық шығармалардың тақырыптық ерекшеліктері
Мұқағали Мақатаевтың «Махаббат диалогы», «Қайран, Қарасазым-ай» өлеңдеріне талдау
Қабдеш Жұмаділовтың "Тағдыр" романындағы ел бірлігі, ұлт мүддесі мәселелері
Мағжан Жұмабаевтың "Шолпанның күнәсі" әңгімесіне талдау
Ж. Исакаев