- Негізгі бет
- Үй тапсырмасы
- Шәңгерей Бөкеевтің «Қашқын»...
Шәңгерей Бөкеевтің «Қашқын» поэмасына талдау
Шәңгерей Бөкеев «Қашқын» поэмасын М. Лермонтовтан («Беглец») қазақ тіліне аударған. Тілдік ерекшелігіне назар аударсақ, негізінен, түрік, араб сөздері көп қолданылған. Оған поэмадағы дұшпан, шілте, шаһит, гөзел, кәуір секілді сөздер мысал бола алады. Намыстан айрылып, жаудан қашқан жанның тағдыры поэмаға арқау болады.
Шығарманың басты кейіпкері - Һарун. Поэма атасы мен ағасының жанын жауға қалдырған Һарунның еліне қашып келе жатқан тұсынан басталады. Қашқынның жүрген жолдары арқылы оқиғаның кеңістігін және уақытын дәл көрсетеді.
Жердің түн жамылғанын, перделенгенін кейіптеу тәсілімен берген:
Күн батты сол арада, тұмандатты,
Түнеріп жердің бетін мұнар жапты.
Әлпелдің күн шығыстан иісі келіп,
Жер жүзі перделеніп ақшыл тартты.
Ай туып, балқып жерден сары алтындай,
Көтеріліп бірден-бірге жарығы артты.
Ағызып маңдай терін демін алып,
Келеді Һарун шаршап арып-талып.
Ай жарық, тау мен тастың арасынан
Таныды ауыл жұртын көзі шалып.
Тым-тырыс, айналада бір дыбыс жоқ,
Келеді бұқпақтаумен тасаланып.
Оқиғаның кей детальдарын беруде теңеулерді де қолданылған.
Киіктей орғып таудан Һарун қашты,
Қояндай бүркіт қуған жаман састы.
Ай туып, балқып жерден сары алтындай,
Көтеріліп бірден-бірге жарығы артты.
Тамшыдай домаланып уақыт-уақыт,
Тамады тырс-тырс етіп көздің жасы.
Төсек тартып жатқан досы Сәлімге келгендегі тұсы:
«Һарунға Сәлім - үйден шық, кет! - деді.
Масқара болдың тамам, сен жоқ, - деді.
Кісіге сендей қорқақ пана үшін
Не үйім, не дүр дұғам еш жоқ, - деді»,- деп берілген. «Жаудан қорыққан қорқақ»деп үйіне кіргізбеген.
Ал сүйгенінің есік алдына барғандағы қыздың салған әні:
«Ар, намысқа шыдамас
Жас жігіттер, шын ерлер.
Қорқаққа кет дер, қарамас
Таудағы сұлу гөзелдер».
Осыны тыңдап тұрған Һарунның басқа амалы құрып, анасына келді.
«Сөйлеме, залым, кәуір бұ жасыңды,
Қимадың жақсы өлімге бір басыңды.
Кет жалғыз, қашқын болған масқараңмен,
Қояйын қарайтпай-ақ ақ шашымды.
Қорқақ құл енді маған бала емессін,
Сүрттірмен ұятыңды көз жасымды!».
Ана жауабы осындай болды. Ешкімі қалмаған Һарун өз ісіне өкініп, анасы айтқан «жақсы өлімнен» қашқаны үшін, әкесі мен бауырын жау жерінде қалдырғаны үшін өз-өзін кешіре алмай, уайымына алмас қылыш нүкте қойды, өз-өзін өлтірді. Поэманың идеясы – жаудан қашпай, тұрысып, өз-өзін өлтірген алмас қылышпен бір жаудың басын алуға болатыны, өзінің емес, елдің, жердің, қара халықтың қамын ойлап, олар үшін жанын пида қылуды айтып, ерліктің туын ұстап, еліне қалқан болуға үгіттейді.
Сурет: barefootbuddha.co.uk
Е. Жұмабайұлы