Шәңгерей Бөкеев «Бұл дүние пәнилығын етеді екен» өлеңіне талдау

Шәңгерей Сейіткерейұлы Бөкеев (1847-1920) – ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басында қалыптасып, дамыған қазақ жазба әдебиеті өкілдерінің бірі. Ол Батыс Қазақстан облысының қазіргі Орда ауданында, Жасқұс құмында – хан ордасында дүниеге келген. Жәңгір ханның немересі. Ақын өзінің бір өлеңінде «Алпыс бөлме, жүз есік» көк орданың ішінде дүниеге келгенін айтады. Әкесі Сейіткерей Шәңгерей бес жасқа келгенде қайтыс болған. Бірақ жас Шәңгерей ауқатты ортада жетімдік көрмей өседі. Жасынан оқып, білім алады. Өнерге, өлең сөзге жас кезінен әуестенеді. Ордадағы медресені бітіріп, мұсылманша білім алғаннан кейін, Астраханьдағы училищеге түседі. Одан кейін Орынбордағы Кадет корпусында екі жыл оқиды. Орыс тілін үйреніп, орыс әдебиеті, мәдениетімен танысады.

Шәңгерейдің бізге белгілі шығармалары әлеуметтік өмірдің әр түрлі жақтарын қамтиды. Отаршылдық салдарынан туындап жатқан өзгерістерді көре білген ақын бұрынғы хандық дәуірдегі өмірді аңсайды. Оның қоғамдық ой-пікірлері, топшылаулары бірде өмір шындығын айқын көрсетсе, бірде өткенге алаңдау сарынында келеді.

Ақынның өмір мен өлім туралы пәлсапалық толғанысынан өмір шындығының елесі көрінеді. Ол тумақ, өлмекті табиғи құбылыс ретінде түсінеді. Бұл ойын өлеңінде лирикалық бейне арқылы жеткізеді. Барлық қауіп-қатерді себеп-салдарлы түрде көрсетеді. «Өмірдің өтуі» өлеңінде қырдағы құланың аман жүрмегі жоқ, құдыққа құлан құласа, құлағында құрбақа ойнар, суға құлан шұбырса, жолын тосқан жолбарыс жүрегін жұлып, жем етер. Ол да аман қалмайды. Бөкен терісін бөрік еткен, сексеуілді күрке еткен мерген жалғыз оқпен оның да қазасын жеткізеді. Мерген де ажалдан құтылмайды. Кім болса да ажал оғынан құтылмақ емес дейді. Өз заманындағы әлеуметтік құрылысқа жатырқай қараған ақын алдағы болашақтан үміт күтпейді. Ақын ескі қоғамдық құрылыстың күйреуін белгілі мөлшерде өз басының да трагедиясы деп түсінетін сияқты.

Бұл дүние пәнилығын етеді екен,

Бір дәурен өтіп, бірі жетеді екен...

Өзіне халық аузын қаратқан ер,

Тіріге, өлсе, қадірі кетеді екен...

Бұл сөздерінен де өмірдің өтуі, ескінің өтіп, жаңаның келуі, елді аузына қаратқан ерлердің, көзден тайса, көңілден кететінін айтып, торыққандай болғанын көреміз.

Сурет:kultura.mos.ru