- Негізгі бет
- Үй тапсырмасы
- Шәкәрім Құдайбердіұлының «Еңлік...
Шәкәрім Құдайбердіұлының «Еңлік Кебек» поэмасының көркемдік ерекшелігі
«Еңлік-Кебек» – екі жастың махаббатын жыр ететін шығарма. Еңлік пен Кебек туралы хикаялар оқиға болған 18 ғасырдан бастап ел арасына кең тараған. Бүгінде жыр түрінде жеткен «Еңлік – Кебек» дастанының екі нұсқасы белгілі. Оның біріншісі – 1912 жылы Семейдегі «Жәрдем» баспасынан жеке кітап болып жарық көрген, Абай ұсынған тақырып бойынша Шәкәрім жазған «Жолсыз жаза яки кез болған іс» деген шығарма да, екіншісі – Мағауия Абайұлы жазған «Еңлік – Кебек» дастаны. Шәкәрім нұсқасы 1988 жылы қайта жарық көрді.
«Бұл әңгіме - 1780 жылы шамасында осы Шыңғыс тауында Матай мен Тобықты арасында болған іс. Шариғатта әкесінің атастырғаны жас қызға неке есепті десе де, өзге дүниелік пайдасын ойламай, жалғыз ғана қызының қамын ойлап берер дегені. Әйтпесе «жас баланы сатып, пайдаланып, кем-кетікке беріп обалына қал» демейді. Мен соны ойлап, Еңлік-Кебекті соншалық жазалы демеймін»,- деп қара сөзбен бастаған Шәкәрім ақын.
Ақын поэмасы адам болмысының қыр-сырынан сыр шертуден басталып, кісі бойындағы достық, махаббат, ақыл-парасат жайлы толғайды. Толғай келе «Ақтабан шұбырынды» заманының кейпін айтып, тарихи оқиғалар мен елдің атажұртынан ауа көшуі, кейін хан Абылай заманында өз қоныстарына бытырай келіп қайта қоныстануы жайлы жырлайды. Онан соң Кебек батырдың ер мінезді, кішіні аялап, үлкенді сыйлайтын ақылды, парасатты ер екені, елі мен жері үшін жаудан жасқанбайтын азамат екені жырланады.
Бірде Кебек батыр аңға шығып, бұрқасын боранға тап болып, кеш бата адасып кетеді. Бұны жырлаған ақын:
«Бораннан байқай алмай барар бетті,
Түн ішінде адасып Кебек кетті.
Осы Хақан өзеннің аяғында
Қыстаған бір Матайға келіп жетті»,- дейді.
Осылайша Кебек батыр Еңлік сұлудың үйіне тап болады. Сол түнде бірін-бірі сынасқан тұста Кебек Еңліктің бақытсыз екенін, басы шарасыздан қортық еркекке байланғанын біледі. Ақын бұл тұстарды ерекше шеберлікпен суреттеп, қыздың ақыл-парасатын, сөз бен жүйеге жүйрік шешендігін дәлелдейді. Бір айтқан сөзге нана салу ер жігітке сын, сондықтан Кебекке де Еңлікті бірнеше рет сынатып, көңілінен шығарады. Бұл тұста ақындық шабыттың нағыз биік үлгісін көрсеткен Шәкәрім ақын екі жас ортасындағы нәзік махаббат, шарасыздық, екі ел ортасындағы бірлік, халықтың надандығы, тағдыр ісі жайлы айтқандарын өте жоғары шеберлікпен суреттеп, поэзияның тым биік, жоғары деңгейдегі үлгісін көрсетеді.
Осы кездесуден кейінгі кездерді де, ел ісінің ушығуын, Еңлік пен Кебектің кейінгі тағдырын жүрекке жетер шынайылықпен, суреткерлікпен жеткізе білген.
Ақынның позициясы анық аңғарылып отыратын поэмада Шәкәрім екі жастың махаббатын қолдап, елдің ұрда-жық надандығына налып, күйінеді. Халықтың қарабайыр тобырлығы қыршын кеткен екі жастың өліміне себеп болады. Бұл тұстарда ақын тіптен шиыршық атып, буырқана жырлайды.
Жалпы, «Еңлік-Кебек» поэмасы – қазақ поэзиясының біртуар тұлғасы Шәкәрім қаламынан туған кесек туынды.
Сурет: turkystan.kz
M. Auelkhan