- Негізгі бет
- Үй тапсырмасы
- Шәкәрім - Абайдың...
Шәкәрім - Абайдың шәкірті
Шәкірім Құдайбердіұлы – қазақтың бас ақынынан тәлім алған, көптеген гуманистік идеялардың бастаушысы, халықтың қоғамдық-әлеуметтік, мәдени, әдеби өміріне белсене араласушы, прозашы, аудармашы, тарихшы әрі философ. Ақын Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданы Шыңғыстау бөктерінде дүниеге келген. Шәкәрімнің әкесі Құдайберді Құнанбайдың бәйбішесі Күңкеден туған. Сондықтан, ақын Абай мен Шәкәрімнің туыстық қарым-қатынасы бар.
Шәкәрім 7 жасында жетім қалып, атасы Құнанбайдың тәрбиесін көріп өскен. Атасы оны барынша еркелеткен. Ақын өз естеліктерінде жасында ғылымсыз өскеніне қапаланып, атасының өзін оқуға бермегендігін баяндайды. Адам болар бала алысқа қарайды демекші, есейген шағында ерке мінезіне тұсау салып, білімге ұмтылады. Қазақ шежіресімен әлем әдебиетін қатар қойып оқиды. Ағасы Абай секілді табиғаттың тылсым сырын танып, қоғам өміріне өзгеріс енгізуді мақсат тұтады. Абайдың нұсқауымен өлең шығарады. Қазақ және орыс интеллегенциясымен танысып, Қазан төңкерісіне дейін қоғам үшін маңызды деген істермен айналысады.
Қаламын ұштай түскен ақынның өлеңдерінен табиғатқа, адамның болмысына, әлемге, дінге деген ерекше көзқарасты байқауға болады.
Шәкәрімнің өлеңдері азаматтық, махаббат, философия, элегия, сонет, тарихи баллада сынды түрлі жанрда жазылған. Оның тарихтан сыр шеткен, ғылыми, философиялық еңбектері қазақ прозасына елеулі өзгерістер енгізген.
Қазақ әдебиетімен қатар өзге халықтардың әдебиетіне өз үлесін қосқан. Араб, парсы, орыс, түрік тілдерін жетік білуінің арқасында көне жәдігерлермен сусындаған. Өкінішке орай, тағдырдың тәлкегіне салынып, бастаған ісі аяқсыз қалады.
Жасы ұлғайған шағында туған өлкесі Шыңғыстауға қайта оралып, өткен өмірін ой елегінен өткізіп, қорытынды жасамақ болады. Бірақ, ол жерде де жаны жай таппайды. Аяусыздар жетпіс үш жастағы ақынды өлтіріп, мәйітін құдыққа тастайды.
Халық алаштың арда азаматын бір сәтке де жадынан шығарған емес. Тәуелсіздік алған соң оның есімін ақтап алуы – осының айғағы.
Сурет: thenews.kz
Қ. Бүйенбай