Шаханов поэзиясына тән өршілдік, қызу интонация, жоғары пафос мәселелері

Мұхтар Шаханов өлең өлкесінде өзіндік өрнегі бар ақын екені барлығымызға мәлім. Көтеріңкі интонацияны талап ететін өлеңдеріндегі ішкі рух өте жоғары деңгейде байқалады. Мысалы «Байқаймысың» өлеңін оқып қарасаңыз:
Байқаймысың,
Байқаймысың
Мына ғажап тамашаны:
Бір адамға байланысты бір адамның болашағы, –дейді ақын. Күнделікті естіп жүрген сөз сияқты бір қарағанда. Алайда ақын өлеңді құрамайды, төге салады, бір адаммен әңгіме, не болмаса сұхбат құрып отырғандай әсер қалдырады. Аудиториялық деңгейдегі дүниеден аулақтау қай өлеңін алып қарасаңыз да, өзіндік стилі аңқып тұратын поэзиясын бір оқығанда түсінбеуіңіз де мүмкін, алайда зерделеп алуыңызға жеңіл. Теңеуді аспаннан алып қолданбайды, сол себепті де жатталып қалуы оңай.

Байыппенен көз жіберсең асау жылдар өрісіне,
Бір адамға байланысты бір адамның жеңісі де.
Бұл замани қағиданың мүмкін бе екен көнермегі,
Қозы – Көрпеш аман тұрса , Баян сұлу өлер ме еді?

Ақынның ақыл деңгейіндегі ойлануы мен ішкі жан дүниесіндегі қарама-қайшылықтардың бар екенін көрсетеді. Тарихтың қойнауында қалып қоймай, қайта қопарып алып шығуға ұмтылысы, өзінше әділдік іздеуі, пендешілікке бармай тұнық ойда қалуында болар. Бір ғана «Байқаймысың» өлеңі достық деген алты әріптен құралған сөзді әлінше алты түрге құбылтпай қай қиындықта да досың үшін жаралы, я болмаса досың үшін бағалы екендігіңді растап береді.

Шаханов өлеңдері бірде жан сезімін алдыңызға бар ақиқатымен жайып салған адамның сырындай қабылданса, енді бірде жігерлендіруші күш танытып отырады:

Өзің-ақ айтшы ғаламда мынау
Жеңудің бәрі жеңіс пе?
Жігітке арман жеткізіп пе еді
Өз сорын өзі жеңбесе.
Өмірдің барлық сәтсіздіктері
Бақытсыздық емес ендеше! 

Өмірде өз қабілетіңді дұрыс танып, қоғамның, халқыңның қажетіне жарау үшін арманды дұрыс таңдай білу керектігін уағыздай отырып, осындай қорытындыға келді.

Тайғақ өмір жолдарында сүрінгенде тірек олар,
Сүйенішім сен екенін айтпастан-ақ біледі олар.
Әлемнің бар ажарынан бізге достық сымбаттылау
Мен жадырап жүрсін десең, сен мықты бол, қымбаттым-ау. Дәл осы өлеңі күйдім, сүйдім демей-ақ асыл жарына деген сезімін бір ғана достық сөзіне сыйғызып бере салған.

"Алғашқы махаббатқа хат" деген өлеңіне зер салып, зейін қойып зерделей қарасақ:
Сенің қолың кішкене нәзік қана,
Нәзіктіктен тағдырға озып қара.
Сенің көңлің мен үшін шалқыған көл,
Сенің кеудең мен үшін жазық дала, - дейді. "Махаббат" ұғымын адам жан-дүниесімен шебер байланыстыра білген. Адам жаны бірде теңіздің асау толқынындай тербетіліп, себезгі сезім себелеп жатқандай. Мына жалған дүниеде тұнық сезімді сақтаудың қаншалықты қиын екендігін бір ғана өлең жолына сыйғызған сезім суреткері.

Ұзақ жылдар сен маған таптырмадың,
Тасасынан іздетіп көп тұлғаның.
Түлкісі көп алдамшы ормандардан, 
Қалайша сен аман-сау өттің, жаным? - деп қалтарысы мен бұлтарысы көп, қызығы мен қиындығы қатар жүретін сыршыл дүниенің сан алуан сынағына төтеп беріп, ғаламат сезім жырын шынайы жырлаған.

Мұхтар Шаханов - лирикада да өзіңің жан-тебіренісін, толғанысын ірікпестен қағаз бетіне түсіре алған ақын. Патриоттық рухты өлеңдерге ғана қалам тербейді десек, оқырманның да қателескені болып саналады. Оның дәлелі, мына бір-ақ шумақ өлеңмен махаббаттағы күллі болмысын жайып салады:

Мүмкін, әлі күшім кем, ісім бала,
Айқындалып келеді түсім жаңа.
Саған, күнім, мәңгілік қарыздармын,
Маған шексіз сенгенің үшін ғана.

Сурет: redfox222.blogspot.com