- Негізгі бет
- Үй тапсырмасы
- Саңырау бақа туралы...
Саңырау бақа туралы әңгіме
Күндердің күнінде бақалар таудың шыңына шығудан жарысқан екен. Жер-жерден ең мықты деген бақалар жиналады. Оларды тамашалауға келген аңдар бақаларға бұл сайыс қиын болатынын айтып күле бастайды.
«Қара да тұр, қазір бәрі де құлай бастайды».
«Өздерін сонша мықтымыз деп санайды, ол шыңды бағындыру мүмкін емес».
«Ең биігіне ешқайсысы да шыға алмайды».
«Соншалықты биікке кіп-кішкентай әлсіз бақалар қайдан шыға алсын».
«Аяқтары қып-қысқа тарбаңдаған бақалар үшін бұл дегенің тым биік қой».
«Сендер бүркіт емес, бақасыңдар ғой».
Бұл сөздерді естіген бақалардың сағы сынып, мақсатынан бас тартып, жарты жолдан құлап, қайта бастады.
«Мүмкін емес!» деген зілді сөзге, ауыр жолға қарамастан тек қана жалғыз бақа шыңға аман-есен шығады.
Барлығы таңданып, таңдай қағысады. Жарысқа қатысушылардың бірі: «Бәрімізден кішкентай болсаң да, біз бағындыра алмаған биіктікті қалай бағындырдың? Мұның сыры неде?», – деп сұрайды.
Ешқандай да қулық, құпия жоқ. Жай ғана... бақа саңырау еді.
Түйін: Жеңіске жету жолында біз неше түрлі пікірлер естиміз. Әдетте, олардың көпшілігі жағымсыз, кертартпа сөздер болып шығады. Оны айтатын ең жақын да жанашыр деген адамдарымыздың өзі. Олар бізге сенбейді. Әрине, жамандық ойламайды, қауіптен қорғап тұрмын, қиыншылықтың алдын алып тұрмын деп ойлауы мүмкін. Әр істі бастар алдында өзімізді саңырау адамдай сезінсек, яғни ешкімнің жағымсыз сөзіне құлақ аспасақ, шыға алмас шыңымыз қалмас. «Болам деген баланың бетінен қақпай, белін буып» отырайық.
@. @assel_assanova