Сәкен Сейфуллин – қазақ әдебиетін жаңа түр, тың мазмұнмен байытқан, қоғамдық ой мен әдеби-мәдени тарихымызда ерекше орын алатын күрескер тұлға. Ол 1894 жылы қазіргі Қарағанды облысы Шет ауданында дүниеге келген. Сарыарқаның сағым даласының лебі болашақ ел азаматын рухы биік қалам шебері етіп қалыптастырған. Қазақтың атақты ақыны, жалынды жазушысы жырларына арқау болған өлкеде қазақ ауыз әдебиеті мен фольклорынан нәр алып жетіледі. Сәкен жастайынан өнегелі әке мінезін, салиқалы ана тәлімін зердесіне түйіп, өнерін бойына дарытқан. Ол Нілдідегі орыс-қазақ, Ақмоладағы бастауыш приход мектебінде, қалалық үш класты училищеде оқыған. Одан кейін тағы бес жылдай Ақмолада оқып, 1913 жылы Омбыдағы мұғалімдер даярлайтын семинарияға түседі, оны 1916 жылы бітіріп шығады. Оқу бітірген соң, елге келіп, ауылда мұғалім қызметін атқарады. 1914 жылы Қазан қаласында «Өткен күндер» атты тұңғыш өлеңдер жинағын жариялайды. Сәкен Сейфуллин - өмірде де, әдебиетте де белсенді күрескер ақын. Азаттықты көксеген ақын қаламынан жаңа өмір жолында күреске шақырған «Асау тұлпар» өлеңдер жинағы, «Бақыт жолына», « Қызыл сұңқарлар» атты пьесалары, «Домбыра», «Экспресс», «Тұрмыс толқынында» атты поэтикалық жинақтары жарық көрген. Өршіл азамат, жалынды насихатшы, жігерлі тұлға 1916 жылы көтеріліс бұрқ ете түскенде халық жағына шығады. Оған іле-шала патшаны тақтан түсірген Ақпан революциясын ақын қуана қарсы алады, бостандықтың таңы ататынына нық сенеді. Ол дереу Ақмолаға келіп, жаңа заман жолындағы күреске бел шешіп араласады. Коммунистік партияның бастауымен қалың бұқара теңдікке жетеді, әділдік орнайды деп сенген көрнекті тұлға бірден социализмді, кеңес үкіметін жақтап шығады. Ақмолада кеңес үкіметі уақытша құлап, қамауға алынған Сәкен атаман Анненковтің «азап вагонында» көрмегенді көріп, 9 ай дегенде әрең қашып шығады. Одан кейін Кеңес өкіметі орын тепкен Жетісуға келіп, партия кеңес органдарының жұмысына көмектеседі. Ақынның «Кел, жігіттер», «Қамаудан», «Асығып тез аттандық», «Жас қазақ марсельезасы», «Қызыл ат» т.б. әсерлі өлеңдері мен «Бақыт жолында» драмасы – дүрбелеңді заман мен ел жағдайының көрінісі. «Қызыл ат» дастанында 30 жылдардың бас кезінде Қазақстанның ауыл шаруашылығында орын алған өзара сілтеу оқиғалары сыналады.
Тар жол, тайғақ кешуден тайсалмаған азамат ақын 20 жылдардың I жартысында ірі мемлекет қайраткері, үлкен саясаткер ретінде көрінеді. 28 жасында Қазақстан өкіметінің басшысы, Бүкілодақтық Атқару Комитетінің мүшесі болады.
Сәкен Сейфуллин – жаңа дәуірді ерекше жырлаған жаңашыл ақын. Қазақ әдебиетіне бұрын болмаған образдар мен теңеулер, сөз оралымдарын әкелген шығармашылығымен жаңа бағыттағы әдеби дәстүрдің негізін салушы болды. Өкіметтің мақтаушы ұраншысына айналмай, қоғамдық өмірдің көлеңке жақтарын да күйзеле суреттеді. «Ауыл байғұс, мінеки», «Келіншек ойы», «Ақсақ киік», «Сыр сандық» т.б. тамаша жырлары мен «Аққудың айырылуы» атты символикалық көркем поэмасы – сол кезеңнің шынайы көркем туындылары. Өз кезеңінің айнасы болған Сәкеннің отты шағармалары Қазан төңкерісі тұсындағы аумалы-төкпелі кезең шежіресі іспетті. Бітімге соқпас күрес ақынды тез ширатып, оның шығарма жазуға қолын да тигізбей, әлеумет қайраткері, саяси күрескер етіп шығарады. Қазақ халқы үшін алапат кезеңге айналған 1916 жыл оқиғалары, әсіресе әлемді дүр сілкіндірген 1917 жылдың кесірлі толқыны Сәкенге қатты әсер етеді. Халықтың азаттық жолындағы күресінің шытырман оқиғалары оны жаңа дәуірдің жалынды жыршысы етіп тәрбиелейді. Ол шығармаларына сол өзі қатысқан халықтық күрес пен ерлік жорықтың шындығын арқау етеді. Жаңа қоғамның өзгешеліктерін суреттеу, оны төңкерістен бұрынғы қазақ өмірінің мешеу көріністеріне қарсы қою – Сәкен поэзиясының ең бір өзекті тақырыбы болып саналады. Қоғамдық өмірдегі қарқынды өзгерістерді ақын нақты образдар арқылы бейнелеп, сол арқылы заманның өзіндік сипаттарын айқындап берді. 1922 жылы басылып шыққан өлеңдерінің жинағына Сәкен «Асау тұлпар» деген атты тегін таңдамаған. Жаңа леп әкелген дүниенің дүбірін ақын қазақ поэзиясының дәстүрлі тұлпары арқылы бейнелейді. Тұлпар үні ескі өмірдің тыныштығын бұзып, жаңа дәуірдің ұранын таратады. Тегеуірінді талантты ақын қазақ өміріндегі, халық тұрмысындағы маңызды әлеуметтік тақырыптарды көтеріп, оған көркемдік, эстетикалық талдау жасайды.
Сәкен прозасының шоқтығы – оның «Тар жол, тайғақ кешу» атты мемуарлық романы. «Тар жол, тайғақ кешу» романында Сәкен Сейфуллин революция жылдары оқиғаларының қазақтың кең даласын бірте-бірте қамтып, күні өтіп тозған ескіліктің қирап, жаңаша дамуға жолдың еркін де кең ашыла бастағанын үлкен суреткерше қорытып айтып бере алды. Роман халықтың бақытты келешегі үшін күрескен ерлердің аққан тері мен төгілген қаны текке кетпейтініне, мұның өзі бүкіл адамзаттың жарқын болашағымен тығыз байланысты екенін көрсетеді. Саяси-әлеуметтік тақырыптарды қозғау, ел басшыларының берекесіздігін сынау, жоқтықтың зардаптары, надандық шырмауындағы қазақты білімге үндеу халық мұраттары тұрғысынан оларға жауап іздеу ақынның азаматтық ой-өрісін танытады. Бұл идеялар «Мұра», «Түс», «Кім басшы аға халыққа», «Надан бай», «Жетімге», «Інішегіме» өлеңдерінің бәріне тән. Сәкен өлеңдері идеялық тұрғыдан алғанда ағартушылық, демократтық бағытта, сыншыл реализм әдісінің арнасында жазылғандығын көреміз. Сталиннің жеке басына табыну кесірінен жазықсыз жалаға ұшыраған заман жыршысы 1938 жылы 26 ақпанда мерт болды. Ақынның әр шығармасынан оның қаламгерлік мұраты азаматтық позициясымен терең ұштасып отырғанын байқаймыз.
Сурет: qamshy.kz
Оқи отырыңыз:
Мұхтар Әуезовтың адам мінезін ашудағы психологиялық ізденістері
Оралхан Бөкейдің «Қар қызы» повесіндегі образдар жүйесі. Сюжеті мен композициясы
Теңеу, эпитет, толғау туралы ұғымды кеңейту
Әзілхан Нұршайықов – очерк жанрының шебері