Расул Ғамзатов 1923 жылы 8 қыркүйекте Дағыстанның Хунзак ауданы, Цада селосында дүниеге келген. Ол ең алғашқы өлеңін он бір жасында жазған. 1943 жылы жарық көрген «Пламенная любовь и жгучая ненависть» атты алғашқы жинағынан-ақ ақынның оң беталысы байқалады. Ақын шығармаларының негізгі арқауы – халыққа қызмет ету, ұлттық құндылықтарға деген сүйіспеншілік пен жауапкершілік. Өмір бойы өз ұлтының жоғын іздеп өткен қайраткер Расул Ғамзатовты қазақ халқы айрықша құрметтейді. Біздің жүрегімізден оның: «Егер менің тілім ертең өлсе, мен бүгін өлуге дайынмын» деген ерекше үні ешқашан өшпейді. Бүкіл жұртқа, барша адамзатқа ортақ игілікті өшпестей рухты қашап қалдырған бұл ақынды қай ел болсын өзіне жақын тұтатыны сондықтан. Нағыз ақынның отаны – бүкіл әлем. Ол бар шаңырақтың қасиетті қонағы.
«Мен тілтануды жолда келе жатқан жаяу адамға, әдебиетті есек мінген жолаушыға теңер едім. Әлгі жаяу көлігіңе мінгестір деп жолаушыға жалынып, мініп алған соң «есек менікі» демесе екен. Адамдардың тілі әр түрлі. Көңілі бір болса деймін. Менің көп жерлестерім ауылын тастап, үлкен қалада өмір сүру үшін кеткенін білемін. Ол дұрыс та. Балапан қанаты қатайғанға дейін ұясынан ұзамайды. Үлкен қалаға бауыр басқан қандастарым басқа тілде жазатын өнер тапқанын айтқым келеді. Әрине, олардың өз құқы бар. Менің дегеніммен жүруге міндетті емес. Өкініштісі, олар бір қолымен екі қарбызды қабат ұстағысы келеді» дей келе, өзге тілдің тізгініне асыққан өзгелерге ой салғысы келеді. Ана тілдің ұлттың рухани мақтанышы екендігін, мәдениет пен әдебиеттің тоғысар алтын қазығы ана тілі деп насихаттайды. Ақынның көптің көкейінде қалар даралығы да осы қасиетінде. «Ардақты ана тілім мені бала сияқты қолымнан жетелеп, ауылымнан алып шығып, адамзат әлеміне әкеліп қосты», - деген Расул Ғамзатовтың бойындағы тілге деген құрметі, сүйіспеншілік сезімі күллі адамзат баласына үлгі іспетті.
Расул Ғамзатовтың «Ана тілі» өлеңін оқығанда оқушы өз бойынан өше бастаған көп оттарына қайта жылынғандай болады. Туған жерге, тілге деген махаббаты өсе түседі. Шаршай бастаған көңілде аңсау оянады. Өксімейсің, өршілдене түсесің. Ояу көңілің ұйқыны ұмыттырады. Жігіттік жігерің мұңаймайды. Көрсоқыр көңілге көз бітеді.
Расул Ғамзатовтың шығармалары әлемнің 78 тіліне аударылған. 1963 жылы Расул кітабының бір томы қазақшаға аударылды. Оның жырларын орысша аудармасы арқылы да бар мәнер-бояуымен ұғамыз. Несі жетпей қалғанын, аударманың кібіртіктеген тұсын да байқаймыз. Өйткені нағыз ақынның тілін, жүрегін, көңілдегі айтар ойын оқырман бірден ұғады.