- Негізгі бет
- Үй тапсырмасы
- Рафаэль Ниязбеков, Несіпбек...
Рафаэль Ниязбеков, Несіпбек Айтұлы поэзиясындағы автор тұлғасы және өлеңдеріндегі бейнелілік
Тәуелсіздік таңын өлеңдеріне қосқан қос ақынның шығармашылығында автор тұлғасы айқын көрініс табады. Рафаэль Ниязбековтің туындыларында рух пен мінез басым.
Автор тұлғасын танып, оған баға беру үшін ең бірінші оның шығармашылығына терең үңілуіміз қажет. Жоғарыда айтқанымыздай, Р. Ниязбеков өлеңдерінен мінез өрлігі, рух асқақтығы айқын сезіледі. Оның қай өлеңін алсаңыз да автор қолтаңбасын оңай тани аласыз. Мысалы, «Ақын барда қатер жоқ елге төнген» атты өлеңінен автор тұлғасы тайға таңба басқандай көрінеді. Өз-өзіне деген асқан сенімділікті танытатын туындыларынан бірер мысал келтірсек.
Бұрқыраған тауларға, өрге демі,
Жоқ та шығар қазақтың көрмегені.
Ақындарын ардақтай білсе егер де,
Ар-намыстың, алайда, өлмегені.
Туған елдің туы боп желбіреймін,
Шығармасын, шығарсын төрге мені.
Орман, дала, тау-таста, жел де, күн де.
Ақындардың барлығы келбетінде.
Керегесін-қанатын өрге керген.
Ақын барда қатер жоқ елге төнген.
Елді тірі деп айту қиын шығар,
Ақындарын тірідей жерге көмген.
Рафаэль Нязбектің тағы бір қасиеті: қарапайым сөзден-ақ тартымды образ, бейнелі тіркес жасай алуында. «Балтаның сабы» атты шығармасында айтылған оқиғаны көз алдыңызға әкелер бейнелілік бар.
Шабылғанда көк орман балталанып,
Жан-жаққа ұшқан ағашы жаңқаланып.
Жүз жасаған Еменге бәрі келген.
Көпті көрген қарттығын арқаланып.
Жөн сұрасып, жағдайды ұғынғаңда,
Шырқыраған кеуде де шыбын жан да.
- He пәле! -деп cұраған
Күллі ағаштар
Көмек сұрап алдына жығылғанда.
- Балта! -
деген жамырап бәрі бірдей,
Сорлатқасын көзіне тәңірі ілмей.
- Тегіне?-
деп сұраған білмек болып,
Жүз жасаған Еменнің жаны күлмей.
Ыза-ашуы жүзінде тебіңдеген,
Бәрі бірдей жамырап:
- Темір! - деген.
- Сабы бар ма сойқанның?
Болса, неден? -
Қарт Еменде сұраудан ерінбеген.
- Өзіміздің қолда өскен бала жастан,
Балта сабы кәдімгі қарағаштан.
Ағаш еді басында жел ойнаған,
Жапырағын жел жұлып ала қашқан.
- Қалай енді сендерді бақ қолдасын,
Өзегіңе құйылса жат қорғасын.
Балта неге шаппасын көк орманды,
Сатқын шығып ішіңнен caп болғасын.
Несіпбек Айтұлының шығармашылығында да бейнелілік көптеп кездеседі. «Бөрітостаған» атты туындысында образдылық бар. Тасты сөйлеткісі келген ақынның таланты жоғары. Шығыс Қазақстанның Ақсуат жеріндегі мидай жазық далада жатқан алып жұмбақ тас туралы бұл өлеңінің астарында тарихты ұғыну жатыр. Өлең психологиялық паралеллизммен астасып жатыр. Ақын «кәрі тас», «қаңғырған бөрі», «бүп-бүтін ірге», «көз жас» деген эпитеттермен өрілген көркем шығармада сөз бедерін кестелеп береді. Өз таңғалысын «Əлемнің жеті ғаламатындай» деп беруінен-ақ бейнелілік образды көреміз.
Бөрітостаған,
Бөрітостаған,
Жұмбағыңды айтшы, кəрі тас маған?
Таңырқасын деп жердегі пенде,
Аспаннан бəлкім пері тастаған.
Жатырсың күтіп тағдырдан нені,
Айналып тасқа қаңғырған бөрі.
Емес пе екенсің ертеде келіп,
Құдайдың ұмыт қалдырған мөрі?
Толқытып тұрсың санама сыймай,
Əлемнің жеті ғаламатындай.
Кім екен тастап жапанға жалғыз,
Сыйлаған тағдыр саған осындай?
Бүп-бүтін іргем сөгіліп көптен,
Көз жасым қанша егіліп төккен.
Сен де бір мұңлық, мен де бір мұңлық,
Тауынан туған бөлініп кеткен...
Ал, «Жылай берме», «Ай жүзіңе қадалумен», «Неге, жаным, іздеп келмедің?» атты лирикалық туындылары лиризмге толы. «Жүз толғаны, мың ойланған» ақынның сүйгенінің жүзіне қадалуын көреміз. Ақын қызғалдақ құлпырған шақта, жапырақтар әудемде сарғайған кезде іздеп келмеген ғашығына сырын шертеді.
Жүз толғанып, мың ойланып,
Жылай берме, мұңлы ақын.
Күн шыққанмен шыр айналып,
Қайта келер түн жақын.
(«Жылай берме»)
Ай жүзіңе қадалумен көз сусынын қандырам,
Көкірегім қу медиен ләззатыңа шөлдейтін.
Бұл дүниенің бар байлығы тырнағыңа татымас,
Дел-сал қылған ауыр дерттен өзің ғана емдейтін.
Шершис құсап жетпіс мәрте көр аузынан қайтсам да,
Мен байқұста не шара бар азабыңа көнбейтін?
Жабырқатпа, ғашықтықтан ғаріп болған Жүністі,
Ат басындай алтынға да көлеңкеңді бермейтін.
«Ай жүзіңе қадалумен» деген бұл өлеңі аса жоғары талғаммен жазылған. Қарабайыр сөздерді емес, «қу медиен» секілді сырлы сөздермен суреттелген. «Ай жүзің», «көз сусыны», «дел-сал қылған ауыр дерт», «ғашықтықтан ғаріп болған Жүніс» деген эпитеттер, «Шершис құсап», «ат басындай» деген теңеулермен бейнелілікті танытады.
Cурет: elif.ru
Оқи отырыңыз:
1. Ә. Нұршайықовтың кейіпкер мінезін диалог арқылы суреттеу ерекшелігі
2. Әбіш Кекілбаевтың "Үркер" романы туралы бірер сөз
3. Поэзияда дәуір шындығының көркем жинақталуы (Тәуелсіздік жылдарындағы әдебиет)
4. Қабдеш Жұмаділовтың «Тағдыр» романындағы Демежан бейнесі
5. Оралхан Бөкейдің "Қар қызы" повесіндегі тіл көркемдігіне қатысты ой-пікірлер
Е. Жұмабайұлы