- Негізгі бет
- Үй тапсырмасы
- «Оянған өлке» романындағы...
«Оянған өлке» романындағы қаламгердің өндіріс тақырыбын меңгеру жолындағы ізденістері
Ғ.Мүсіреповтің прозадағы үлкен көркемдік белесі - «Оянған өлке» романы болып табылады. Романның алғашқы журналдық нұсқасы «әдебиет және исскуство» журналының 1952 жылғы 1-5 және 10-12 cандарында жарияланып, 1953 жылы «Оянған өлке» романы жеке кітап болып шығады. Ал, романның екінші кітабы – «Жат қолында» - романы арада отыз жыл откен соң, 1984 жылы шығып, оқырмандар қолына түсті.
Екі кітаптан тұратын осынау роман – эпопеяда ХІХ ғасырдың ІІ жартысы мен Ұлы Октябрь революциясына дейінгі мерзімдегі қазақ халқының әлеуметтік – экономикалық хал–ахуалы, барша тұрмыс–тіршілігі, қоғамдық жағдайы кеңінен қамтылып, жан–жақты терең суреттеледі.
Романда қазақ өмірінің сол кездегі тарихы да, әлеуметтік тұрғысы да, пәлсепелік ойы да, этика мен эстетика да, әдет–ғұрыптық, салт–санасы да – үлкен суреткердің ой елегінен өтіп, бейнелі көрініс тапқан. Жазушы романда кесек те сом образдар, типтік характерлер жасаған. Романдағы кейіпкерлердің барлығы жазушының эстетикалық мұратын ашуға қызмет етеді.
Романның бүкіл сюжеттік желісі Игілік образына байланысты өрбиді. Сан алуан оқиғалар, тікелей де, жанамалай да сол Игілікке кеп тіреліп жатады. Ғабит Мүсірепов «Оянған өлке» романында адам характерін, кейіпкердің ішкі жан–дүниесін беруде порттерік тәсілдерді шебер де ұжымды пайдаланады.
Ғабит Мүсіреповтің поэтикалық синтаксисі таң қалдырады. Ол прозада – ақын. Оның сөйлемдері ырғақ, ұйқасымен, үнділігімен тіл қатады. Үйлесе сыр шертеді, бейнелі ойы мол, қат-қабат астары көп. Саздылығы ғажап жазушының сөйлемдері ықшам, етең-жеңі жинақы, ойнақы. Сықақ-қалжыңы, астарлы күлкі-ажуасы, шымшып алар әзілі жазушы шығармасының өн бойында үнемі көрініс тауып отырады.
Ол прозада поэзия тілімен сөйлейді. Қазақ прозасында бұл жағынан келгенде Ғабиттей жазушы ілу де бір. Оның жаны – ақын, сондықтан да болар ол жасаған сөз образдары ірі де терең аумағы кең. Ойға шомдырады, толғаныс-тебіреністерге еркін жол ашады. Оның қаламынан жаралған әр бейнелі ой – үлкен философия, өнер тілімен сөйлеген терең социология.
Ғабит Мүсірепов өзінің қоғамдық, публицистік, журналистік, сыншылдық қызметімен де туған халқының мәдениетінің дамуына зор еңбек сіңірді. Қазақ халқы оны үлкен суреткер жазушы деп таниды, көркем сөздің хас шебері деп біледі, құрмет тұтады. Осы «Оянған өлке» романың оқи отырып біз оның үлкен ізденіс үстінде болғанын анық байқаймыз. Ол өзінің өлмейтін, өшпейтін үйлесім – ырғағымен оқушыны өмір сырларына жетелейді, ерекше сезім қалдырады.
Сурет: argymaq.kz
Ж. Исакаев