«Мүсіреповті мақтаудың керегі жоқ, Мүсіреповпен мақтану керек!». Иә, академик ғалым, Қазақстанның Халық жазушысы Зейнолла Қабдолов осылай десе, біздің баға бергеніміз артық болар. Ол қазақ халқының сол кездегі тарихын, әлеуметтік тұрмысын, салт-санасын, Кеңес одағының ықпалын бір романға жинап, оқырманға сыйға тартты. Әңгіме «Оянған өлке» романы жайында.
Л. Климович «КСРО ұлттарының әдебиеті» атты хрестоматиясында: «Ғ. Мүсіреповтің ең ірі туындыларының қатарына Ұлы Отан соғысында кеңес адамдарының батырлық ерлігіне арналған «Қазақ солдаты» романы және Қазақстанда жұмысшылар класы туралы, олардың өсуі, көбеюі және біздің елде халықтардың достастығы қалай пайда болғаны жайлы жазылған «Оянған өлке» романы жатады. «Оянған өлке» романы – ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы Орталық Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық өзгерістерін бейнелейтін үлкен шығармашылық еңбек» деп атын атап, түсін түстеп баға берген. Ғабит «Оянған өлке» романы арқылы қазақ даласына өндіріс ошағы еніп, тұңғыш қазақ жұмысшылары шыға бастаған тарихи уақытты суреттеді. «Оянған өлкеден» басталып, «Жат қолында» туындысымен жалғасқан шығармалар шоғырында автор тек қазақ жұмысшы табының қалыптасуын ғана емес, ұлттық сананың өсуін де суреттеп берді.
Замандасы Сәбит Мұқанов Ғабиттің суреткерлігіне «...Ғабит – адам портретін жасауда қазақ жазушыларының ең шеберлерінің бірі» деп баға береді. Әсіресе, «Оянған өлке» романында болып жатқан оқиғаны әсерлі беруі үшін кейіпкерлердің бейнесін дәл суреттейді. Романның бас кейіпкері Игіліктің образын сомдаған мына үзінді сөзімізге дәлел болады. «Игілік би паң да, тәкаппар да емес. Даусын көтере сөйлегенін, бір адамға суық жүз көрсетеп, қабақ шытқанын ешкім көрген де, естіген де емес. Ала көзін бір төңкеріп, қалың қабағын бір түйіп қалса, бұл маңайдағы елдер басына қара жамылғандай болар еді... Бұйырғаны өтінгендей ғана, кесім айтқаны – бітім айтқандай ғана». «Бір оқпен екі қоянды атқандай», автор осы үзіндімен Игіліктің бейнесін де, мінезін де танытады. Бұл – жайшылықта тұрған кейіпкердің образы. Ал тартыс кезіндегі кейіпкерлердің образы қандай екен?
«Ушаков Тұрсынбай қудың бет аузын түгел қыдырып ажым-ажарларының арасынан опасыздық білгілеріңіз»- дейді. Тұрсынбай «Алтынды қырқасына Попов қазық қағып кеткенін» хабарлағанда, Ушаков бір нәрсені секем ала қалады. Осы опасыздық жасап жүр-ау» деген күдік басына ойнап шыға келеді. Ол енді сол күдігін оның жүзінен іздейді. Ақыры тапқан да сияқты: оң көздің астыңғы қабағы бүлкілдей бастапты... Енді екі зәрлі жылан арбасып қалғандай, көздерін қадасып алып, бедірейісіп қатып қалды. Тұрсынбайдың өңі сұрланып, көздері жыланның тіліндей ғана жылт-жылт еткен ұшқын шашады. Ушаковтың көкшіл көзі мұзға айналып бара жатқандай. Әрине, айыпты адамның көзі бұрын қағылып кетті. Тұрсынбайдың көзі әлгі ұшқыны өткендей қайтадан ілгештене қалды». Сұсты образдардың түйіскен тұсы. Тұрсынбайдың көздерін жыланның тіліне теңеп, жыланның уын Тұрсынбай көзінің ұшқынына балап беруі асқан шеберлік болса керек. Ал Ушаковтың онсыз да көкшіл көзі көк мұзға айналып бара жатқанын әсерлі етуі үшін «көк» және «мұз» сөзін байланыстырады. Оқырман да осы психологиялық арпалыс кезіндегі сәтті көз алдына елестете алады.
Жазушы кейіпкердің ішкі арпалысын да әдемі суреттейді. Мәселен, Игіліктің үйін салып берген шебер Сандыбай образы. Оған Игілік алғысын білдіріп, мал бергендегі мына үзіндіні оқып көрейік. «Сандыбайдың тілі біржола байланып қалғандай еді. Бет-аузы, құлақ-мұрны түгел діріл қағады. Күліп тұрған жоқ, қуанышынан жылап тұрғандай. Терлеп те кетті... Жүгіріп өзенге барып, құлындардың қалай суға жүзіп, суды қалай ішіп жатқандарын көргісі келіп кетті... Аяқтары қозғала алар емес...
...Әрбір алдынан өткен айғырды мініп те көреді. Көз алдына қалай мінетіні, қалай сауатыны да келеді... бірінен-бірі ажарлы көрінген жылқыдан Сандыбай әлі таңдай алмай жүр. Жылқы өзеннен түгел суырыла шығып қыр асып барады. Сандыбай әлі сандалып тұр...» Ішкі психологияның құбылып жатқан тұсы. Ал автор оны өз басынан кешкендей суреттеуде.
Ал табиғатты суреттегені бір ғажап. «Зергер суреткердің көркемдік талантының енді бір қыры – пейзаждық, декорациялық, ситуациялық картиналарды безендіріп беруге үздік шеберлігі. Еске түсірейікші: көктемнің, күздің, қыстың, жаздың, айлы түннің, ақ боранның, үріккен жылқының, өршіген өрттің, қазақ әйеленің қарғысының ғажап сипаттамалары еріксіз көз тартпай ма, көңілге ұяласпай ма?!». Бұл Ғабит Мүсіперовтің жазушыға қойған талабы. Оның суретші жазушыға қояр талабы – осы. Ал өзі осы талаптың тінін шығармай орындайды. «Құрауы жеткен күзгі қау мен ақ селеулер сылқ-сылық күлгендей сытырлай жанып, дүрілдей жөнелді. Тар жер – ошақта, қапаста қалғып қана жанған от желкем күнде жазыққа шығып алған соң, ойнақ салып кетті. Ақ селелеулерді қылғып жұтып, қурай тұқымын әуелі жығып алып, артынан ұсақ оттар мүжіп жатқандай көрінеді. Қызып алған өрттің алды кейін қалып бара жатқан ұсақ-ұлпаңға қарамай дүркіреп ілгері кетіп барады...». Поэтикалық сарын бар. Сезім бар. Ситуациялық картина жасаудың шебері десек, артық етпес.
Ал кейіпкер арасындағы байланысты жазушы кімнің-кім екенін автор сөзімен бірге беріп отырады. Оқыған жанға түсінікті, «Мынау кім еді?» деп, романның басынан іздеп отырмайды. Жалпы, диалог нені білдіреді? Кейіпкерлер арасындағы қарым-қатынас пен әңгіме болып жатқан нысанаға берілген көзқарастар байқалады.
- Жылқыны қалай қарай аудартайын? – деп сұрады Жұманның кіші баласы Тәти.
- Маржанкөл, Құндыздыға қарай, - деді Жұман қысқа ғана.
Осы бір тұстан әкесі мен баласы арасындағы тұтастық, нақтылық байқалады. Бірін-бірі тез түсінетін жақын адамдардың байланысы.
«Көпей жеңгемнің қолын сағынып жүрмін, - деді Игілік «Сағынсаң үйіне барсаңшы», - деген Байжанға.
- Байжеке-ау, өзіңдей өжет көремісің мені? Жұмекеңнен қорқам. Қуып шықса, не бетімді айтам, - деді Игілік.
Ал мына бір үзіндіден Игіліктің сыйластығы, құрметі «Жұмекеңнен қорқам» деген сөзбен-ақ дәлелденіп тұр. Жеңгесін сағынған. Аға өзінікі болса да, қуып шыға ма деп одан қорқады. Шын мәнісінде, қорқу емес қазақ халқына сыйласу, қадірлеу ойы жатыр.
Оқи отырыңыз:
1. Образды жинақтау мен даралау тәсілдері
2. Мағжан Жұмабаевтың үш өлеңіне талдау
3. Cәбит Мұқанов «Аққан жұлдыз» романының көркемдік, композициялық ерекшеліктері
4. Балуан Шолақтың «Құлан кісінес», «Желіп-желіп», «Кенже қоңыр» әндері
Сурет: sko.gov.kz