Оралхан Бөкей – публицистика, поэзия, проза жанрларын әдемі тоғыстырған қазақ әдебиетінің жаңашыл дара жазушысы. Әр әңгімесінің түбінде бір астарлы ой бұғып жататындықтан оны бірден түсіну қиын. Оралхан Бөкей 1943 жылы 28 қыркүйекте Шығыс Қазақстан облысы Қатонқарағай ауданы Шыңғыстай ауылында дүниеге келді. Әкесі Бөкей табиғатынан қатал, сөзге шешен, рухы биік, шыншыл жан болса, анасы Күлия ақкөңіл, ақжарқын мінезімен көпке үлгілі болған. Отбасында бір ұл - Оралхан, бес қыз – Шолпан, Әймен, Ләззат, Мәншүк, Ғалия. Оралхан дүниеге келгенде сұрапыл соғыс жылдары болғандықтан, әкесі Оралға еңбек майданына аттанған кез болатын. Анасы Күлия әкесі еңбек майданынан аман-есен оралсын деп ырымдап, сәбидің атын Оралхан деп қойған екен.
Ол 1961 жылы Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы Шыңғыстай орта мектебін соң, аға пионер вожатый және Алтай совхозында тракторшы болып жұмыс істеген. 1963-1969 жылдары Оралхан Бөкей С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетінде сырттай оқыды. 1965-1968 жылдары ол Большенарым ауданының «Еңбек туы» газетінде корректор, аудармашы, редактордың орынбасары, Шығыс Қазақстан облысының «Коммунизм туы» («Дидар») газетінде әдеби қызметкер болды. 1974-1983 жылдары Оралхан Бөкей «Жұлдыз» журналының проза бөлімінің меңгерушісі, 1983-1991 жылдары «Қазақ әдебиеті» газетінде редактордың орынбасары, 1991-1993 жылдары бас редакторы болды. 1991 жылы «Аққұс» әдеби ұйымын құрды.
Оралхан Бөкей – Кеңес кезіндегі ескі әдебиетіміздің жаңаша жаза бастаған жазушысы. Ол шығармаларында реалистік, романтикалық, мифтік желіні қолдану арқылы оқырманын таңғалдыра алды. Жазушы өз ортасының шындығын, туып-өскен жерінің тамаша суретін, қарапайым халқының тұрмыс-тіршілігін керемет бейнелеп жазған. Жалпы, адамды ардақтау, адам психологиясын терең зерттеу – Оралхан Бөкей шығармаларының негізгі тақырыбы десе де болады.
Жазушы «Апамның астауы» әңгімесінде әйел баласын қазақ елінің қасиеті ретінде көрсете білген. Ол қазақтың этикалық, этнографиялық, тіпті археологиялық байлығының негізін әйел бейнесімен байланыстырады. Әңгіменің барысында «Апам менің...» деген тіркестің бес рет қайталануы - анаға деген сағыныш ғана емес, ұлттық салт-дәстүріміздің айнасы іспетті аналарымыздың сиреп бара жатқандығы толғандырған. Автор «Адам өмірі де қаңсыған астау секілді қаңсып қалады екен-ау» деген түйінді жасайды.
Мазмұн тереңдігімен, идея сонылығымен ерекше көзге түскен «Терісаққан», «Бура», «Қамшыгер», «Кербұғы» атты шығармалары. Бұл әңгімелер қоғамға, өмірге, табиғатқа көзқарасы тұрғысынан баяндалғандықтан, философиялық ой-тұжырымдарға елеулі орын берілген. Әңгіме барысы авторлық ой, кейіпкер монологы арқылы өрбиді. «Терісаққан» - Кеңес дәуіріндегі қазақ халқының «трагедиялық хал-күйін» көрсететін әңгіме. Мұнда ешқандай кейіпкер де, тартыс та жоқ. Өткенге көз жіберу арқылы тоқырау жылдарындағы қазақ халқының ата-баба дәстүрінен айырылып бара жатқанын тебірене жазады. Кез келген шығармасында жазушы адам жандүниесіндегі күйзелісті кейіпкер сөзімен көрсете білген.
Оралхан Бөкейдің көптеген повестері – лиризмге толы туындылар. Бұл орайда жастықтың арманы мен іңкәрлігіне толы «Қайдасың, қасқа құлыным» поэмасын атауға болады. Ересектікке жол тартқан «Елең-алаң» шығармасы да адам жанының өзгеше бір күйінен сыр шертеді. Диалог, монологтерді құруға келгенде қаламгер шеберлігі мен қолтаңбасына қатысты ерекшелігі – жазушы кейіпкерлерді әрқилы сөйлете біледі. Образды ашатын, шығарманы шындыққа жанастыратын құрал кейіпкер сөзін жазушы өте орынды қолдана білген. Бұған жазушының «Қасқа құлында» төрт кейіпкердің монолог-ойын төрт түрлі етіп ұсынғаны әдемі мысал бола алады.
Оралхан Бөкей – қазақ әдебиетінің ғана емес, күллі әлем әдебиетінің тарихынан өз орнын айшықтаған тұлға. Жазушы шығармаларында ерекше энергетика бар. Ұлтының бағына біткен жазушының шығармалары бір оқып қана қоятын шығарма емес, ізгілікке қызмет етер мәңгі туынды.
Сурет: altaynews.kz
Оқи отырыңыз:
Қабдеш Жұмаділовтың "Тағдыр" романындағы ел бірлігі, ұлт мүддесі мәселелері
Мұқағали Мақатаевтың «Махаббат диалогы», «Қайран, Қарасазым-ай» өлеңдеріне талдау
М.Шахановтың «Ғашықтық ғаламаты» өлеңінің идеялық мұраты
Ойшылдық пен философияның көркем шығармашылықта алдыңғы планға шығуы