Оралхан Бөкейдің адам – жұмбақ, ғалам – жұмбақтың тереңіне үңілген ізденісін танытатын шығармасының бірі – «Қар қызы» повесі.
«Қар қызы» повесінің алғашқы нұсқасы 1977 жылы жазылып, кейін қайта өңделіп, 1984 жылы «Біздің жақта қыс ұзақ» жинағына енді. Орыс тіліне аударылу барысында мүлдем қайта жазылып, соны оқиғалар мен жаңа кейіпкерлер қосылған да, айтылар ой түп қазығын тауып, авторлық концепция анықтала түскен. Жазушы повесте табиғатты негізгі фон ретінде ала отырып, оның құпия-сырларымен бірге адам жан сырының қалтарыстарын ашуға ұмтылады. Шығарма сюжетінде, қыс ортасында мал азығы таусылып қалады да, үш жігіт (Нұржан, Бақытжан, Аманжан) ауылдан алыс, ақ қар, көк мұзды тау арасынан трактормен шөп әкелуге шығады. Бір-бірінен айнымайтын тау шоқыларының арасында жолдан адасып, 40 градус суықта қардың тұтқынында қалады. Шөптен бұрын өздерінің үсіп өлу қаупі туады. Сөйтіп, өмір мен өлімнің күресі басталады. Міне, осы кезде кімнің кім екені танылып, адамға тән жақсылы-жаманды әртүрлі қасиеттер ашыла бастайды. Автор мұны бірден жарқыратып жайып тастамай, біртіндеп жеткізіп отырады. Осылайшы сюжет кезегімен шым-шытырық жалғаса береді.
Әдеби шығарманың композициясы – бейнеленген заттық бірліктердің және тілдік-көркемдік тәсілдердің ретпен орналасуы мен сабақтастығы, шығарма элементтерінің, белгілердің байланысу жүйесі. Теорияға иек артсақ, сюжет те, композиция да әдеби шығарманың мазмұнын көркем жинақтайтын формаға жатады. Бұлардың бірлігімен қатар өзгешеліктері де бар. Композиция барлық шығармада болады, өйткені композициясыз шығарма көркемдік қасиетінен айырылады. Композиция сюжеттен тыс нәрселерді де қиюластырады, яғни ол - сюжеттен кең ұғым. Әр суреткер шығармасының сюжетін өз қалауынша құрады, белгілі бір қалыпқа бағынбайды. Сюжет кез келген көркем шығармада бола бермейді (көбіне лирикалық өлеңдерде).
Оралхан Бөкейдің шығармаларында уақыт пен кеңістік композициясы үлкен орын алады. Жазушы шығармаларында жыл мезгілдері: қыс, көктем, жаз, күз өз кезеңдеріне сай айшықты бедерленіп отыруымен қатар уақыттың да өлшемі болып суреттеледі. Шығармаларда суреттелетін оқиғалардың уақыты, мезгілі нақтылы көрініс табады. Таңның қылаң беруі, күннің шығуы, сәуле шашуы, талма түс, бесін, өліара бітіп айдың жаңалануы, айдың толысуы, бәрі де мезгілдік қызмет атқарып тұр. Сонымен бірге жазушы шығармаларындағы оқиғалар, іс-әрекеттер нақты сюжеттік уақыт жағынан алғанда екі-үш тәуліктік мерзімді ғана қамтып көрсетеді. Қалғандары кейіпкерлердің жан-дүниесіне сыналай кіру, ой дүниесін ақтару арқылы лирикалық шегініс, кейіпкер монологтары арқылы беріліп отырады. Оралхан шығармаларындағы сюжет, оқиғаның дамуы тек сыртқы жамылғы сияқты, ал негізгі мәйек – идеалға құштарлық болып табылады. Идеал ұғымы, ең алдымен, суреткердің адам жөніндегі концепциясынан байқалады. Қаламгердің кейіпкерлері – жан дүниелері бай, рухани деңгейі биік, қажырлы, еркіндік сүйгіш, тағдыры қилы арманшыл адамдар.
Оралхан Бөкейдің «Қар қызы» повесінің шыншыл шығарма болып түзілуі – автордың көрген-түйгені, өз басынан кешкен оқиғалары әсер еткенінен. Олай дейтініміз – повестегі Нұржан болмысынан авторды айнытпай тануға болады. Егер танығанымыз шын деп сендірсек – осы оқиғаның өз басынан өткендігіне, бір кезде өзінің тракторшы болғанына тірелеміз. Міне, өмірде түйгендерін қорыту, жинақтау деген осы.
Сурет: vk.com
Оқи отырыңыз:
О. Бөкейдің «Қар қызы» повесіндегі реализм мен романтизмнің араласып келуі
Оралхан Бөкей шығармаларындағы адам мен табиғат тұтастығы
Оралхан Бөкейдің "Қар қызы" повесіндегі тіл көркемдігіне қатысты ой-пікірлер