Ұлы драматург Бернард Шоу «Әрбір талантты жазушы ең әуелі өз замандастары жайлы жазуы тиіс» деген екен. Оралхан Бөкей де қолына қалам ұстағаннан-ақ, өз замандастарының мұңы мен қуанышын шынайы суреттеуге тер төккен қаламгер. Бұл ретте автордың өзі де: «Әйтеуір, не жазсам да өз заманымды, сол заманда табан ет, маңдай терін жұмсап жүрген қарапайым еңбек адамдарын тілге тиек етуге тырысамын», - деген болатын. Оның кейіпкерлері – «Қайдасың, қасқа құлынымдағы» Орал, «Өліарадағы» Қойшы, «Елең - алаңдағы» Зарлық, «Құм мінезіндегі» Бархан, «Мұзтаудағы» Ақтан, «Өз отынды өшірмедегі» Дархан, «Сайтан көпірдегі» Аспан - өзіміз күнде араласып жүрген қарапайым замандастарымыз. Жазушы өз кейіпкерлерінің іс-әрекетінен гөрі, олардың ішкі әлеміне, жан-дүниесіне көбірек үніледі. Автор шығармаларында кейіпкер ой-толғаныстарының көбіне табиғат суретімен араластырып, астасып жататындығында. Өйткені, табиғаттың төл перзенті адам сол табиғат иесін сезініп-түйсінген кезде оның арманшыл-қиялшыл болмауы мүмкін де еместей. Кейіпкер бейнесін табиғатпен байланыстыра суреттеу арқылы таныту да Оралхан шығармашылығының өзіндік бір қыры десек болады. Осы орайда өзі де табиғаты тамылжыған таулы өлкеде туып-өскен жазушының шынайы табиғат жыршысы болғанын айырықша атай аламыз. Ол - Өр Алтай, асқар Алтайдың асқақ жыршысы!
Оралхан Бөкей – әу бастан әдебиеттің киелі босағасын аттаған күннен бері, өз заманын, сол заманда ғұмыр кешіп жатқан қарапайым еңбек адамдарын шығармаларына арқау еткен жазушы. Оралханның «Жетім бота», «Мынау аппақ дүние» повестерін, ондағы Тасжан, Нұрлан, Луйза бейнелері поэзия тілімен өрнектелген деуге болады. «Бәрі де майдан» повесіндегі Ақан мен Құмырай – адалдық пен арамдықтың, қарапайымдылық пен қатыгездіктің бітіспес күресін көрсететін типтік бейнелер.
Оралхан Бөкейұлы – тілдік қоры бай, ойы терең, адамның жан дүниесін көп жазып, табиғат пен адамның үйлесімділігіне, жұмыр басты пенденің тіршіліктегі тірлігіне көп бас қатырып, қалам тербеген жазушы. Бөкейұлының барлық шығармаларында кездесетін тұрақты тақырып, ортақ желі бар. Ол адам мен табиғат, олардың әлім-сақтан туыстығын, тұтастығын жазушы тап басып тани біледі, сүйсіне суреттеп, жарқырата жазады. Оралханның көптің көкейіндегісін тап басып, айрықша сүйіспеншілігіне бөленуі, атының алыс елдерге танылуы да осынау шығармашылық шеберлігінің нәтижесі. Автор өзінің табиғат туралы концепциясын адамның іс-әрекетімен аша түседі. Оның шығармаларындағы «Адам − табиғаттағы артық нәрсе». Адам кей жағдайда жалпы тіршіліктегі біріншілікке ұмтыла отырып, өзіне де, өзгелерге де зиянын тигізеді. Ол өзіне дейінгі қалыптасқан дүниені өзгертуге тырысады, бірақ ол оңай шаруа емес. Адам өзін дүниеге бағынып отырғандай сезініп, сол себепті осы қиындықты айналып өтетін жол іздей бастайды. Бірақ бұл жол көзге бірден көріне қоймайды. Оралхан Бөкей табиғатты ақылды, әділетті, бірақ адаммен қарама-қайшылықты дамыған деп суреттейді. Табиғат адамсыз өмір сүре алады, ал адамның табиғатсыз өмір сүруі мүмкін емес. Автор адамды табиғаттың өгей баласындай суреттейді: «Адамнан өткен қаскөй не бар екен бұл жалғанда: ендеше табиғатқа біздерден өгей ештеңе де жоқ, ештеңе де, тек екі аяқтылар ғана артық, сол керексіздігімізді жасқана жасырамыз, жанталаса қорғаймыз. Өгейлігімізді білдірмес үшін арпалысып, мұқым жер-жаһан, ұшқан құс, жүгірген аңға өктемдігімізді жүргіземіз. Адам баласы жаратылыстан бәрін алып, тауысуға айналады, ал өзіміз не бердік сол табиғатқа. Түк те берген жоқпыз. Адам баласы жаратылыстың астын тыңдап, үстін шыңдап зерделеп, танып білді, тек қана өздерін өзі зерттеп, дөп басып, тани алмай жүр».
Табиғатта бар нәрсенің бәрі гармониялық даму үшін жаратылғандығын: «Аспан жер үшін, жер су үшін, су жан-жануар, құрт-құмырсқа үшін, тіпті тоғай екеш тоғай да бармақтай торғай үшін жаратылған. Бірінсіз екіншісінің тіршілігі тоқталады», - деп айта келіп, «Табиғат адамсыз тіршілік құра алады, ал адам табиғаттан тысқары өмір сүре алмайтыны рас болса, неге ғана мына қар астындағы қара жер, анау жұлдызды аспан адам баласына табыну керек?» - дейді. Автор адамды тәубеге келтірер бірден бір нәрсе табиғат қаталдығы деп түсінеді. Табиғат қаталдығы Оралхан шығармаларында сюжеттік маңызға ие. Табиғат оқиға желісіне ұдайы араласып отырады. «Сайтан көпір», «Қар қызы» повестерінде кейіпкерлерді дедектетіп оқиғадан оқиғаға қуып отыратын күш − табиғат қаталдығы, табиғаттың алай-дүлей мінезімен бетпе-бет келу. Мәселен, «Қар қызы» повесінде шөп әкелуге шығып, жолдан адасқан, суыққа тоңған үшеуінің де адамгершілік бет-бейнесі осы сипатта айқындала түседі. Бақытжанның жолдастарынан тығылып құрт жеуі, ал Аманжанның еліре бастауы осыған нақты мысал. Жазушы ойынша, табиғат қаталдығы − қажет нәрсе. Сондықтан да ол Алтай жайлауына барар жолға бетоннан құйылып жасалатын көпірге қарсы. Себебі, ол енді «Сайтан көпір» бола алмайды, адамдар қорықпай, қарқ-қарқ күліп өте шығады да, Алтай жайлауынан қадір-қасиет кетеді. Адамдар бойынан қатерден сескену сезімі жоғалып, мүлдем құрып бітіп, есінетер ессіздік үстемдік алады. Табиғат пен адам қарым-қатынасына арналған шығармалардағы кейіпкерлерді табиғатқа деген позициясына қарай «ойлампаздар», «жасампаздар», «жыртқыштар» деп топтар болсақ, О.Бөкей повестеріндегі кейіпкерлерді типтік жағынан «ойлампаздар» қатарына жатқызуға болар еді. Олар табиғатты қорғауға белсене араласып жүрген адамдар емес, Ақтан, Дархан сияқты кейіпкерлер табиғат − Ананың тәй-тәй баспаған нәрестелері сияқты. Қоғамдық қарама-қайшылықтан тыс өмір суруге ұмтылған олар үшін ең бастысы − табиғатпен бірге болу.
Оралхан Бөкей шығармаларында өмір сүру мәселесіне байланысты екі тенденция бар. Бірі − табиғатпен біте қайнасып кету, адамдар қоғамынан тыс өмір сүру. Екіншісі – табиғатқа қамқор бола отырып, адамдар қоғамында өмір сүру.
Сурет: Мassaget.kz