Омар Һәйәм – әлем поэзиясында артына өшпес із қалдырған ақын

«Омар Һәйәм – ақындардың арасындағы философ, өзінің төрттағанына бүкіл философияны сыйдыра білген ақын». Бұл – ағылшын ақыны, аудармашы Э.Винфильдтің Омар Һәйәмға берген бағасы. Омар Һәйәм –әлемге аян төрт тағандардың (рубаи) авторы. Ақын өмір мен өлім, жақсы мен жаман, жұмақ пен тозақ, қанағат пен обырлық, жастық пен кәрілік, махаббат пен зұлымдық тақырыбын төрт жолдан тұратын өлеңге сыйғызған. Оның сөз саптау шеберлігінде мін жоқ.

Ойын дәл және анық білдіру үшін өзге затты не құбылыстың сипатын қолданған. Мәселен, құмыра, пиала, дүкен, шеберхананы жырлау арқылы ғалам мен адамның арақатынасын сипаттаса, адамды топыраққа айналған жерден өсіп шыққан гүл, өмір мен материяның мәңгілік құбылысы ретінде бейнеленген. Ақын өлеңдерінде махаббат тақырыбы, метафоралық терең ой тұжырымдалған. Оның әр өлеңінен шындықты айту, екіжүзділікті әшкерелеу, өмірдің құнын түсіну секілді идеяларды көруге болады. Туындыларының құрылымы аса күрделі емес, тілге жеңіл, түсінуге де оңай. Оның рубаилары әлем ойшылдарына да ой салды. Оның мағынасын жете түсініп, кеңінен насихаттау ХІХ ғасырда басталды. 1859 жылы Э.Фицджеральд ақын өлеңдерін ағылшын тіліне аударған. Бұл аударманы ғалым Теннисон “жаңадан ашылған планетаға” теңеген екен. Омар Һәйәм рубаиларының І.Шаңғытбаев аударған нұсқасы (325 рубаи) 1965 жылы жеке кітап болып шыққан. Ө.Күмісбаев 2004 жылы жарық көрген “Иранбақтың бұлбұлдары” атты жинағында Омар Һәйәм өлеңдерін аударды. Адамзат баласын күнде мазалайтын рухани мәселелер оның шағын жырларында көрініс тапқан. Өмірдің «өту жылдамдығының» қатты екенін, ақ пен қараның үнемі жарысып отыратынын айтқан. Оқыған жанға ой салатын рубаилерімен таныс бола отырыңыздар.

«Жас та өтер, бірте-бірте кәрі де өтер,
Баянсыз бұл жалғанның бәрі бекер.
Жаһанда мәңгі жасар жан жоқ, сірә,
Кетеміз, кетті, келер, тағы кетер»,- деп, ақын өмірдің парқы туралы сөз етеді. Уақытты бағалап, қадірін түсіну керек екенін, бәрінің өткінші екенін айтады.

«Несібең болғаннан соң тәңір хақтан,
Көбеймес, кемімес те дәмің татқан.
Ендеше қапа болма қолда жоққа,
Молырақ қармай көрме дайын заттан». Бұл өлеңінде ақын барға қанағат қылу керектігін айтып, көрсеқызар, дүниеқоңыздық қасиеттер адамның санасын кемітетінін алға тартады. Адамға үміт беретін «қапа болма қолда жоққа» деген жолдардың өзі оқырманға ой салатыны рас.

«Сап болды-ау, о, дариға, жастық ісі,
Өмірдің көктемі өтіп, басты қысы.
Қай кезде, сезбей қалдым, гүл бағымнан
Жайдары жастық шақтың қашты құсы?». Өмірдің зу етіп өтіп жатқанын, сол күндермен бірге жастық шағының бал сәттері де кетіп қалған. Ақын сол тәтті сәтті байқамағанын суреттейді. Жастық шағын құсқа, өмірін баққа балаған ақынның сезімталдығында сөз жоқ. 


«Пайда жоқ бұл заманда толы достан,
Жақсы ғой жұртпен сирек жолығысқан.
Біреуге серігім деп сене қалсаң,
Алдымен саған соның өзі дұшпан». Ал бұл үзіндісінен адалдық пен сатқындықтың жарысқан шақты көре аласыздар. Достың амалы мен адалын тани алған жанның сөзі бұл. Керемет дәлдік!

«Еңбек, білім, тәрбие
Басын қоссаң мәнді де
Үшеуін бірдей меңгерсең
Жібермес Сені өлімге!». Ақын еңбек, білім, тәрбие үштігіні адам баласын «адам» ететін қасеитін ашып айтқан. Үшеуін бірлікте ұстаса, бақуатты ғұмыр кешетінін ескертеді.
Осы секілді ақынның ой салатын, даналыққа толы рубаиларын келесі жазбамыздан оқи аласыздар.

Сурет: panaceamed.com