Оралхан Бөкей шығармашылығы романтизм мен реализмге тұнып тұр. Кез келген шығармаларынан байқауға болады. Әсіресе, «Қар қызы» повесі - мұның айқын дәлелі.
Романтизм мен реализм бір-біріне қарама-қарсы әдеби бейнелеу тәсілдеріне жатпайды. Бірақ екеуі екі бөлек дүние. Бұ дүние мен о дүние секілді. Алғашқысы – шындыққа жанасымды келсе, кейінгісі – романтикаға жақын келеді. Кез келген көркем шығармада олар ажырамас бірлікте болуы бек мүмкін. Академик Зейнолла Қабдоловтың сөзімен айтсақ: «Әр суреткер осынау екі әдістің тек біреуімен ғана жазады, екеуінің басын бір жерге қоса алмайды, ол – не таза реалист, не таза романтик болуға тиіс деп түсінсек, қателесер едік. Қай кезде жасамасын, бәрібір, барлық қазақ жазушылары жайлы да дәл осыны айтуға болар еді: бәрінің шығармашылығында реализм мен романтизм араласып жүр».
Кейбір зерттеушілер Оралхан Бөкейдің шығармашылық өсу жолында «романтизмнен реализмге қарай бет бұру» байқалады дейді. Бірақ осыған қарап жазушының шығармашылық өсу жолында романтизмнен реализмге қарай толық көшу деп түсінбеу керек. Оралхан Бөкейдің даусыз реализмін мойындай отырып, біраз зерттеушілер оның алғашқы шығармаларындағы романтикалық сарын кейіннен реалистік прозаға ұласты деп пайымдап жүр. Жазушының алғашқы шығармаларында романтикалық сипаттың басым болғаны дау тудырмайды.
Повестегі жас жігіттердің совхозға шөп жеткізу мақсатымен шаруашылық сапарға шығуы, жол қиындығы реалистік тұрғыдан суреттелген. Бірақ Нұржанның сол сапарға шыққандығы негізгі мақсаты – шөп жеткізу емес, Қар қызын көру еді. Романтикалық сипат шығарманың Нұржанның Қар қызымен кездесетін тұстарында анық көрінеді.
Оралхан Бөкейдің «Қар қызы» повесінің шыншыл шығарма болып түзілуі – автордың көрген-түйгені, өз басынан кешкен оқиғалары әсер еткенінен. Олай дейтініміз – повестегі Нұржан болмысынан авторды айнытпай тануға болады. Егер танығанымыз шын деп сендірсек – осы оқиғаның өз басынан өткендігіне, бір кезде өзінің тракторшы болғанына тірелеміз. Міне, өмірде түйгендерін қорыту, жинақтау деген осы. Оны романтизм мен реализм тұрғысында жеткізе алу – жазушы шеберлігі.
Сурет: blogtime.kz
Оқи отырыңыз:
Оралхан Бөкей шығармаларындағы адам мен табиғат тұтастығы
Оралхан Бөкейдің "Қар қызы" повесіндегі тіл көркемдігіне қатысты ой-пікірлер