- Негізгі бет
- Үй тапсырмасы
- Мүрсәлім Бектенұлының шығармашылығы...
Мүрсәлім Бектенұлының шығармашылығы
Мүрсәлім Бектенұлы (1859-1922) - ел тәуелсіздігімен бірге халық жадында жаңғырып, қайта аталған ақындардың бірі.
Мүрсәлім Бектенұлы бұрынғы Семей облысы, Ақсуат ауданында дүниеге келген. Жас кезінен ел ішіндегі суырып салма ақын-жыраулардың шығармаларын жаттап өскен ол өз бетімен білім алуға бар күшін салады. Ауыл мектебінен алғаш сауатын ашқаннан кейін Омбы қаласында орыс мектебінде білім алған.
Мүрсәлім Бектенұлының "1916 жыл" деп аталатын дастаны - жанрлық жағынан өзгеше өріммен жазылған дүние. Онда автор ел басына күн туған қайғылы кезеңнің зардабын көңіл көзімен қайта бір шолып, таразылауға тырысқан. Шығарманың лирикалық қаһарманы - осы дүрбелеңнің бел ортасында жүріп, орыс ұлықтарының тепкісінен өзге елге жер ауып кеткен жан. Ол бұл өрт қалай шықты, қайдан шықты деген сұрақтарға жауап іздей отырып, сергелдеңге түскен елдің мұң-мұқтажын жан тебіренте жырлайды. Дастанда ақын өзі қонған жер туралы мәлімет бере отырып, артында қалған туған жердің сұлу суретін көзге елестетіп әсем пейзаж жасайды.
Саласы Жыландының өңшең қайнар,
Таласып бәйге беріп, көкпар байлар,
Есімде Ұзынбұлақ төрт бастауы,
Күн қайда соған барып күліп ойнар, - деп сайын даланы еркін жайлаған ел тұрмысын, сол өмірге сән беріп салтанат тартқан сахара жердің сұлу да құнарлы табиғатын тамсана жырлайды.
Мазмұны терең, мәні бөлек ақын дастанының тіл көркемдігі, сөз айшықтылығы өз алдына бір бөлек дүниелер. Дастанның жалпы мазмұны халық басына туған ауыр күн, азапты кезең жайында болғандықтан, ақын қолданатын теңеулер осынау қиын да қысталаң шақтың көрінісін көз алдыңа әкеледі.
"Қаптаған қарсы жүрдік қалың өртке"...
"Жығылды алтын тұғыр құс қонарға"...
"Опасыз алшаңдатқан сұм жалғанды"...
"Жау алған қызыл тілмен көп жорғалап"...
"Аман жүр көріскенше есіл жұртым"...
Заман мен адамның сын сәттерде тайталасқан тартысқа толы ортасында олардың мың құбылған кейпін ақын қаламы ұтымды метафоралармен, бейнелі теңеулермен дәл сипаттап бере алуы да ақындық шеберлікті танытады.
"... Біз - шыбын екі нардың арасында..."
"...Құлады алдымдағы бәйтерегім..."
Мүрсәлім Бектенұлының ел ішінде сақталған түрлі тақырыптағы өлеңдері мол. Олардың бірі туған жер, бірлік, заман құбылысы, арнау өлеңдері болып келсе, енді бірі ақынның түрлі өмір жағдайларында туған қалжың, жұмбақ, өтірік өлең сипатындағы қысқаша шумақтардан тұрады.
Ж. Исакаев