- Негізгі бет
- Үй тапсырмасы
- Мұқан Иманжановтың өмірі...
Мұқан Иманжановтың өмірі мен қызметі, шығармашылығы
Мұқан Иманжанов қазіргі Қарағанды облысының Ұлытау ауданында 1916 жылы 20 желтоқсанда дүниеге келген. 1935-38 жылдары Алматыдағы есеп-экономикалық техникумын оқып бітірген. 1938 жылы Жазушылар одағында ашылған алты айлық курсты бітіріп, радио хабарларын тарату жөніндегі республикалық комитетте редактор болып қызмет етеді. Ал 1942-49 жылдары «Социалистік Қазақстан» газетінде әуелі әдеби қызметкер, сосын, жүре келе, бөлім меңгерушісі қызметін атқарады. Бірақ денсаулық жағдайына байланысты «Пионер» журналына бөлім меңгерушісі болып ауысады.
М.Иманжановтың әдеби-шығармашылық қызметі 1938 жылдан басталғанымен, оның республика жұртшылығына анық таныла бастағаны Ұлы Отан соғысы жылдары. Қаламгердің романтикалық сарында жазылған көркем әңгімелері мен очерктері баспасөз бетіне жиі басылады. Алғашқы әңгімелер жинағы «Жастық» деген атпен – авторы Тауұлы 1948 жылы басылып, оқырман қолына тиеді.
Мұқаңның қазақ оқырман қауымы арасында кеңінен танылып, жазушы есімін әйгілі еткен «Алғашқы айлар» хикаяты мектептегі оқу-тәрбие тақырыбына арналған. Оның басты кейіпкері білімді де жігерлі жас мұғалім Жақыпбек бүкіл оқу-тәрбие мәселесін өмірмен, өндіріспен байланыстыра жүргізу мәселесін көтереді және сол мақсат-мұратын жүзеге асыру жолында бар күш-жігерін салып, аянбай күреседі. Хикаят авторынан қалың оқырман арасында абырой-беделін арттыруға 1950 жылы «Алғашқы айларға» Жамбыл атындағы республикалық бәйге берілуі де кәдімгідей әсер етеді.
Шығармашылық жолын қысқа әңгімелер жазудан бастаған М.Иманжанов «Социалистік Қазақстан» газетінде істеген жылдары емін-еркін көсіліп, көптеген көркем очерктер мен көсемсөздерді, хикаят, пьесалар мен әдебиет туралы толғаныстарын, аяқталмай қалған «Көк белес» атты романын жазады. Жазушының 1954 жылы «Таныс қыз» әңгімелер жинағы, 1956 жылы «Тыңдағылар» атты әңгімелері мен очерктері, 1959 жылы «Адам туралы аңыз» көсемсөздер мен әңгімелері,1960 жылы «Көк белес» романы жарыққа шықты.
М.Иманжанов шығармаларының екі томдығын оның сүйген жары, әдебиетші-ғалым Рәзия Рүстембекова құрастырып, «Жазушы» баспасынан 1977 жылы жарыққа шығарды. Қаламгердің ғұмыры мен шығармашылық жолы туралы мақалалар мен хаттар, естеліктер жинағы 1980 жылы «Жалын» баспасында «Өркен» деген жеке кітап болып басылды.
М.Иманжанов ғұмырының соңғы жылдарында ұзақ уақыт туберкулездің ашық түрімен ауырады. Ол емделу үшін Балтық жағалауы мен Қырым курорттарына да барады. Бірақ бұлардың да пайдасы мардымсыз болып шығады. Сондай кездері күнделік дәптеріне «Көңіл жетім күшік, қыңсылайды, ұясын іздейді», –деп жазады жаны күйзеліп. Жаны күйзелмегенде қайтсін. Ол әке болып «қос көгершінін» еміреніп сүйе де алмайды. Өзі оңаша бөлмеде, сүйген жары – Рәзиясы екі ұлымен басқа бөлмеде. Ол тек әйеліне: «Балалар терезе алдына келіп ойнасыншы. Мен сырттарынан сүйсіне қарап, көңіл-көкірегімді бір демдейінші», – дейді екен.
Ол 1958 жылы қырық екі жасында бақилық сапарға аттанды. М.Иманжанов Ұлы Отан соғысы жылдарында «Социалистік Қазақстан», «Лениншіл жас» газеттерінде жиі шығып тұрған мақалаларымен, очерк және публицистикаларымен – журналистік талантымен танылады. Қырқыншы жылдардың соңында шыға бастаған көркем туындылары – шағын әңгімелері де оқырман жұртшылықтың жүрегіне жол тапқан жазушы. Оның негізгі кейіпкерлері – жастар. Олардың өмірге деген көзқарасы, достық, адалдық, мейірімділік секілді қастерлі қасиеттері Мұқан шығармаларының өзегі болды. Мұқанның сыршылдық, романтикалы сипаттағы әңгімелері, әсіресе жастардың сезімін толқытып, баурап алады. «Қыз сыры» әңгімесі шыққанда, қыздардан: «Жігіт сырын» қашан жазасыз деген көптеген хаттар келген. «Қызыл гүл» (1941) әңімесінен алған әсерін жазушы Зейнолла Шүкіров Мұқанға арналған естелігінде: «…Менің бала сезіміме шағын әңгіменің бөлекше табиғаты қатты әсер етті. Аянышты адам тағдыры іші-бауырымды уылжытты»,–дейді. Әрине, бүгінгі әдебиеттің өскен дәуірінде, бұрынғы кемшіл соғып жатқан тұстарымыздың толысып жатқан кезінде 40-жылдардағы Мұқанның ол әңгімелері керемет болып көрінбес те. Бірақ олардың сол кездегі атқарған қызметін естен шығармаған жөн. Жоғарда аталған екі әңгіме жазушының көркем шығармадағы тырнақ алды туындылары еді. 1948 жылы жарияланған «Жастық» атты алғашқы әңгімелер жинағы мен соңғы аяқталмай қалған «Көк белес» (1958) атты романының арасында бар болғаны он жыл. Шығармашылық үшін бұл аз уақыттың ішінде Иманжанов әдебиетіміздің әр саласында қалам тербеп, «Таныс қыз» атты әңімелер жинағын, «Алғашқы айлар» повесін, «Азамат даусы» атты публицикалық еңбегін, «Жас өмір», «Менің махабаттым», «Сөнген шала» пьесларын жариялады.
Мұқанның балалық шағы халқымыздың тарихындағы қасіретті зобалаң жылдары – ашаршылыққа дөп келді. Сол себепті түрде білім алуға жағдай болмай, ауылда 4 сыныпты бітірген соң, ФЗО-да оқып, 1935 жылы Алматыдағы есеп-экономикалық техникумға түседі. Инситут бітірмсе де, Мұқан өмір бойы білімін толықтырып, көп іздену нәтижесінде жан-жақты, әр саладан хабардар сауатты жазушы болды. Жазушы болу үшін көп оқу керек екенін өз шығармаларымен дәлелдеді. Мысалы, Жамбыл атындағы республикалық бірінші жүлде алған «Алғашқы айлар» повесін жазғанда ұлы классик педагог жазушылар Л.Толстой, К.Ушинский, А.Макаренко еңбектерімен танысып қана қоймай, мектепте өтілетін ботаника, физика, биология пәндерімен де шұғылданып, шығармаға қажетті көп мағлұмат алды. Өйткені көркем шығарманы жас буынға білім беріп, ой өрісін дамытатын танымдық жағын қатты ескеретін.
Ол шығармашылығының кемел шағында дүниеден өтті. Артында қалған рухани мұрасын келешек ұрпағына мирас етті. Мұқан Иманжанов оқырман жұртшылықтың жүрегінен лайықты орын тапқан жазушы. Оның көркем шығармаларымен бірге 1940-50 жылдарда жазған сын, рецензиялары мен әдебиеттің әр қилы мәселелеріне арналған баяндамалары да көп болған. Олар кезінде газет-журналдарда басылды. Бұл мақалалар сол уақыттағы әдебиетіміздің тарихынан біраз мағлұмат береді. Осының өзі бүгінгі мен кешегіні салыстыруда да біраз қызмет атқаратыны ақиқат. 1940-50 жылдарда Мұқанның өзі де әңгіме жанрына ат салысқаны белгілі. Ол Батыс Еуропа, орыс әдебиеті классиктерін көп оқып, көп ізденді. Осыған байланысты ойлары, теориялық тұжырымдары бірқатар мақалаларында көрініс тапқан. «Бөбектерге арналған әдебиет туралы» атты мақаласында елуінші жылдардағы қазақ әдебиетінің жалпы жағдайы баяндалып қана қоймайды, сонымен қатар ол бөбектерге арналған туындылардың өзіндік ерекшелігін ажыратып, осы саладағы ғылыми зерттеулер мен педагог жазушылардың шығармаларына сүйене отырып, қазақ әдебиетіндегі олқылықтарды ашады. Бала психологиясын, олардың жас мөлшерінің ерекшеліктерін ескеріп жазу қажеттілігіне назар аударады. Орыстың классиктері Л.Толстой, К.Ушинский сияқты тұлғаларды үлгі тұтады. Бұл айтылған пікірлердің бүгінгі бөбектерге арналған әдебиетімізге де қатысы бар, ол әлі де күн тәртібінен түспеген мәселерді қозғайды.
Сурет: egemen.kz
Н. Айдархан