- Құс боп ұшып жоғалсам, не етер едің?
- Сені іздеумен мәңгілік өтер едім
- Отқа түсіп өртенсем не етер едің?
- Күл боп бірге соңыңнан кетер едім
- Бұлдырасам сағымдай не етер едің?
- Жел боп қуып ақыры жетер едім
- Қайғы әкелсем басыңа не етер едің?
- Қойшы сәулем, бәрін де көтеремін!
XX ғасырдың екінші жартысында поэзия әлеміне өзгеше қарқынмен һәм ерекше құбылыс болып келген ақындар шоғыры қазақтың классикалық әдебиетінің үлгісін көрсетті. Олар тың ізденістері арқылы үлкен шығармашылық қадамдарға барып, өзінше бір жеке мектептер қалыптастырды десек, артық айтқанымыз болмас. Қасиетті қара өлеңнің құдіретін ұғып, құнын білген сол буыннның өкілдері қазақ поэзиясын биік бір деңгейге көтерді.
Арпалыс пен сан бұралаң соқпақтарға толы әлемге атақты Мұхтар Әуезовтың ақ батасын алып беттеген сол қабырғалы ортаның ұлы өкілдерінің бірі - Мұқағали Мақатаев. Тәңіртаудың "мұзбалағы" қазақтың әдеби тілінің шынайылығын жан сала қорғады, өлең сөзін әртүрлі тіл безеуден, бүлінулерден құтқарды, поэзияда тек қана «іші алтын, сырты күміс сөз жақсысын келістірудің» жолдарын нұсқады.
Мұқағали – лирик ақын. Лирикада адам болмысының, ішкі жан дүниесіндегі арпалыстар мен сезім қақтығыстарының түгел көрініс табатыны, жүрек дерті мен көңіл иірімдерінің бейнесі жоғары поэтикалық деңгейде өрнектелетіні аян. Махаббат лирикасы, саяси-азаматтық лирика, философиялық лирика, табиғат лирикасы – осының барлығын Мұқағали жырларынан кезіктіре аласыз. Онда асқан шеберлік пен рухани тазалық, шынайылық жатады.
Ақын туған жерінің суретін бейнелеуде, оны әсемдікпен жеткізуде ешкімге ұқсамайтын, ешбір ақынның өлең тармақтарында жолықпайтын өзіндік өрнек таныта, өзгеше поэтикалық әлем аша жырлайды. Адам жаны жай тауып, рахатқа бөленетін табиғат аясында туып-өскен, көк майсасының алабөтен жұпарын сезіп, төбе-белдерінде еркін шапқан әрбір ақынның сол тақырыпқа қалам тартпауы мүмкін емес. Туған жерді, оның әдемі табиғатын жырлау, оны жүрек төріндегі орнын көрсету – қадірін түсіне білер ақынның перзенттік парызы. Қазақ даласының табиғатын Мұқағали пәк, таза күйінде көргісі келеді. Адам мен табиғатты ол тұтастықта таниды. Табиғат та адам сияқты кейде көңілді, кейде мұңды.
Тамаша еді жазғы орман,
Құстар сайрап, мәз болған.
Көлшіктерде, суларда,
Үйрек ұшып, қаз қонған.
Шыбын-шіркей қаға ма,
Шоршып судан ақ шабақ?!
Таз тырна отыр жағада,
Сыңар аяқ, ақ қабақ.
Елік ертіп лағын,
Еңкейеді суатқа.
Елендетіп құлағын,
Тыншымайды бірақ та.
Көкқұтандар көлбеңдеп,
Көтеріле алмайды.
Жалғыз-жалғыз ербеңдеп,
Көк қояндар заулайды.
Мұздай суын атқылап,
Ақ бастаулар қайнаған.
Тана-торпақ шапқылап,
Оқыранып, ойнаған.
...Тамаша еді жазғы орман:
Тамашалап, мәз болғам,
Қайран Қарасазым-ай!
Үйрек ұшып, қаз қонған!..
Ақынның бұл өлеңінен – Қарасазына деген ұлы сезімнің, жан баласы түсінгісіз сағыныш пен көңілдегі өксіктің анық бейнесін байқай аламыз. Балауса кездегі адалдығынан айнымаған аңқылдақ баланың жүрегінде сақталған тазалық.
Адам назарын аударатын және оның тіршілігімен етене байланысты табиғаттың тылсым құпия сыры көп екенін білеміз. Адамзат жаралғалы, тіпті одан да бұрын жаратылған заңғар, биік таулар мен шалқыған айдынды көлдер, ширатылған ағынды сулар мен өзендер қай заманда да, қай уақытта да ақын қиялын тербеткен, жан сарайын нұрландырған.
Мұқаңның дал махаббаттың барын ұғындырып, ішкі сезім күйін шерткен, бір-бірімен шын ұғысқан қос жүректің жан сырын суреттеуге арналған жырларының бірі – «Махаббат диалогы».
- Бұлдырасам сағымдай нетер едің?
- Жел боп қуып ақыры жетер едім...
- Қайғы әкелсем басыңа нетер едің?
- Қойшы, сәулем, бәрін де көтеремін...
Бұл - белгілі бір уақыт пен заңдылықтарға бағынған, бастауы бар, аяғы жоқ алып қашпа романтика емес, ғашықтық пен іңкәрліктің қасиетін түсінген әрбір жастың сүйіспеншілік сыры. Махаббат алауын қатар ұстаған екі қыз бен жігіттің тең соққан жүрегіне жинақталған контрастық ойды сығымдап сыйғызады да, нәзік лириканың салмағы аса ауырлап кетпесі үшін, әр жолға аздаған ғана әзіл бояуын қосады. Сөйтіп ант сияқты, ауыр қабылданар өлеңді әрі жеңіл, әрі мәнді қуаныш жырына, Мәжнүндер маршына айналдырып жеткізеді.
Ақынның махаббат жайлы ұстанымының негізі – тұрақтылық. Оның ұғымынша ғашықтық сезім мәңгілік болуы керек. Мұқағали үшін сағыныш - мәңгілік махаббаттың символы, ғашығына деген өзгермес бейілдің, айнымас көңілдің белгісі.
Сурет: creepypasta.wikia.com
Оқи отырыңыз:
Мағжан Жұмабаев: Эпикалық дастан мазмұнындағы романтикалық сарын
Сұраншы батыр жырына арқау болған сюжеттік желі
Қашаған өлеңдеріндегі ізгілік қасиеттердің дәріптелуі, халық мұратының жырлануы және әділетсіздіктің сыналуы: "Берекет ақынға" өлеңі
Шоқан Уәлиханов «Ыстықкөл күнделігі» атты зерттеу еңбегі туралы