- Негізгі бет
- Үй тапсырмасы
- Мұхтар Шахановтың «Танакөз»...
Мұхтар Шахановтың «Танакөз» поэмасындағы биік адамгершілік, мораль мәселесі
Қазақтың тілі мен ділі, ұлттық рух жолында аянбай қызмет еткен қоғам қайраткері Мұхтар Шаханов ұлтжандылықтың тамаша үлгісін, ұлы болмыстың өнегесін іс жүзінде дәлелдеген ақын. Ол 1942 жылы 2 шілдеде Оңтүстік Қазақстан облысы, Төле би ауданы, Қасқасу ауылында дүниеге келген. Ақын 1969 жылы Шымкент пединститутын бітірді. Мұхтар Шаханов 1961-1965 жылдары «Оңтүстік Қазақстан» газетінде әдеби қызметкер, 1965-1970 жылдары «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінің оңтүстік облыстарындағы тілшісі болып қызмет атқарды. Болашақ ақынның алғашқы өлеңі «Сырдария» (1959) деп аталады. 1966 жылы Мұхтар Шахановтың тұңғыш өлеңдер жинағы «Бақыт» деген атпен жарық көрді. 1970-1971 жылдары ақын Шымкент облыстық комсомол комитетінде сектор меңгерушісі, 1971-1976 жылдары ҚР Телевизия және радиохабар жөніндегі мемлекеттік комитеттің аға, бас редакторы, ал 1976-1979 жылдары ҚР Баспа, полиграфия және кітап саудасы істері жөніндегі мемлекеттік комитеттің бөлім бастығы қызметін атқарды. 1974 жылы Мұхтар Шахановтың «Қырандар төбеге қонбайды», 1979 жылы «Ғашықтық» атты жинақтары жарыққа шықты. Ақын 1984-1993 жылдары «Жалын» альманағының бас редакторы әрі Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы (1986 жылдан бастап) қызметтерін атқарды. Осы жылдары ақынның «Махаббатты қорғау» (1982) және «Ғасырларды безбендеу» (1988) атты өлеңдер, балладалар мен поэмалар жинақтары басылды.
Мұхтар Шаханов өлеңдерінің әрбір жолы жігеріңді жанып, рухыңды асқақтатады. Ақынның өлеңдерінде күрескерлік сарынмен бірге, адамзат өмірінің ағысын білдіретін, табиғаттың даму заңдылықтарын бейнелейтін, ойшыл өлеңдері бар. Ақын өмірдің басты тұтқасы – адам, адамға жақсылық жасауы деп түсінеді. Сол себепті «елімнің ағасындай» жақсылар жарық дүниеге ізгілік үшін келуі тиіс деп түсінеді. Шындықты, ақиқатты тануға шақыратын ақынның «Танакөз» поэмасы шынайы достық, адал махаббат, қайырымдылықты дәріптесе, «Сейхундария» Сырдария туралы көне аңыздардың желісіне құрылған, «Нарынқұм трагедиясы» күрескер ақын Махамбеттің ерлікке толы өміріне арналған. Оның өлеңдерінде адам сезімі жалаң суреттелмейді, қоғамдық-әлеуметтік мәселелермен қосақтаса, қабаттаса бейнеленеді. Бұған дәлел – «Жеңілген жеңімпаз хақындағы Отырар дастаны немесе Шыңғыс ханның қателігі» атты поэмасы Отырар тағдырын суреттейді.
Ақын қазақ халқының болашағы үшін жаны ауырып, қанатымен су сепкен қарлығаш секілді игілікті іс тындыруға, еліне жақсылық жасауға ұмтылған. Ақынның адамгершілік нысанасы болған осы идеяны жүзеге асыру бағытындағы шығармасы – «Танакөз» поэмасы. Бұл поэма қазақ жастарына, сол арқылы бүкіл қазақ ұлтына түзу бағыт сілтеді. Шынайылылықты, адалдықты дәріптеген бұл шығармасында ақын жалаң насихаттың жетегінде кетпейді. Мұхтар ақын үшін байлықтың үлкені – игі қасиеттер. Оның ұғымындағы игі қасиеттер оп-оңай қол жеткізетін нәрсе емес. Адамгершілігі мол кемел адам болу үшін ең алдымен адамға тән бірқатар игі қасиеттерді бойыңа жинақтай білуің шарт. «Танакөз» поэмасы осы ретте көпшілікке ғибратты бағыт сілтейді. Және де осы қасиеттердің әрқайсысының адам өміріндегі мән-маңызын түсіндіреді. Бойдағы ынсаптың адамды асып тасудан сақтайтынын, рақым, ар мен намыс адам жанының айнасы болатынын, ұяттың өлімнен де күштілігін, сабырдың түбінде сары алтындай шыдамдылық жататынын әдемі жеткізе біледі. Егер осылардың бәрі бір адамның бойынан табылар болса, ол адамның жеңбейтін қиындығы болмақ емес. Тұтастай алғанда, Мұхтар Шаханов реализмінің негізгі белгілерінің бірі – шындықты ашық жырлау болды. Оның шығармалары келер ұрпақтың да рухани азығы, өнеге көзі бола алатын мәнді туындылар. Ақынның әр өлең шумақтарында өз өмірінің іздері айқын көрінеді, заман бейнесі, уақыт тынысы көркем өрнектеледі. Өршіл рух, намысшыл мінез, патриоттық сезім, ұлттық болмыс атой салады. Әр өлеңінде тарихи деталь, көңіл сыры, шабыт екпіні жарқырай көрініс табады.
Сурет: akjunis.kz
Оқи отырыңыз:
Сұраншы батыр жырына арқау болған сюжеттік желі
Кеңес дәуіріндегі қазақ әдебиеті: Жаңа тақырыптардың пайда болуы
Мағжан Жұмабаев шығармаларының жанрлық ерекшелігі
Ж. Исакаев