М.Мақатаев, Қ.Мырзалиев, Т.Айбергенов, Т.Молдағалиев, Ф.Оңғарсынова сынды ақындардың алғашқы қадамдары

М.Мақатаев, Қ.Мырзалиев, Т.Айбергенов, Т.Молдағалиев, Ф.Оңғарсынова сынды ақындардың алғашқы қадамдары

Төмендегі біртуар ақындарымыздың поэзиясы бір-бірімен үндесіп, астасып жатыр. Өмірдің өлең деп аталатын кемесінде бірге жүзсе де, олардың ақындық жолға түсуі де сан қилы. Мұндай тау тұлғалардың тырнақ алды туындылары мен поэзия әлеміне жасаған алғашқы қадамдары кімге болса да қызық.

Мұқағали Мақатаев өлеңді он-он бір жасынан жаза бастайды. Алғашқы өлеңдері аудандық газетте жарық көрген. Мұқағали Мақатаевтың шығармалары 1960-1970 жылдары үздіксіз жарияланған. Ауыл орта мектебін 1948 жылы бітірген. Тұңғыш өлеңдері «Қырман басында», «Қойшы бала — Әкітай» ауданындағы «Советтік шекара» газетінде (қазіргі «Хан тәңірісі» газетінде) 1949 жылы жарияланды. 1951 жылы «Інімнің ойы», «Шебер» өлеңдері «Жастық жыры» атты жинаққа енді. Алғаш Мұқағали талантын бағалаған Ә.Тәжібаев «Қазақ әдебиеті» газетінде 1960 жылы: «Өзіңнен де жігерлілеу, оттылау жас жеткіншек жеткенде, мақтанбасқа бола ма?!» деген еді”.

Қадыр Мырзалиев. Оның тұңғыш туындысы 1954 жылы республикалық «Пионер» балалар журналында жарияланды. Содан бергі уақыт ішінде оның жетпістен астам поэзиялық, прозалық, сондай-ақ әдеби-сын кітаптары жарық көрді, өлеңдері мектеп оқулықтарына енді. Ал әнге арнап жазылған өлеңдерінің саны екі жүзден асты. Олардың көбі халыққа кең тарады, «Күндер-ай» атты жеке кітап болып басылып шықты. Талантты ақын қаламынан халық фольклорының атақты күлдіргі кейіпкері Алдар көсе жайлы «Сақал саудасы», «Қасқыр қақпан» атты өткір сатиралы комедия мен Махамбеттің ең соңғы азапты күндеріне арналған «Жаралы жолбарыс» атты және «Әмір Темір» кесек драмалық шығармалары да жарық көрді. Тұңғыш жинағы «Көктем» 1959 жылы басылып шықты.

Төлеген Айбергенов алғашқы жазған өлеңдерінен-ақ қазақ поэзиясына тың серпіліс, жаңа бір екпін әкелді. Оның туған жерге деген сағыныш пен мөлдір махаббатқа толы өлеңдері 1961 жылы шыққан жас ақын-жазушылардың «Жас дәурен» жинағына кірді. Бұдан кейінгі «Арман сапары», «Өмірге саяхат» (екеуі де 1963 жыл), «Құмдағы мұнаралар», «Мен саған ғашық едім» (1970), «Бір тойым бар» (1981, 1989) жинақтарында замандастарының бейнесі, ол аралаған қазақ өлкесінің сыры мен кені даладағы ұлы тіршілік ақынның бір жапырақ жүрегінің сүйіспеншілігіне бөленген. 

Тұманбай Молдағалиев. Ақынның бала күнгі алғашқы өлеңі 1951 жылы күзде Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданының «Үлгілі колхоз» дейтін газетіне шығады. Газет редакторы Үсенбай Тастанбеков ақынның алғашқы балапан жырларын газет бетіне басып, қиялына қанат бітіреді. Бұл жайында Тұманбай аға «Менің жас талабымды байлаған Үсенбай  ағай еді» дейді. Содан соң, "Украина қызына" өлеңі 1954 жылы жарияланды. Алғашқы өлеңдер жинағы "Студент дәптері" 1957 жылы жарық көрді. Тұманбай Молдағалиев нәзік сырлы, ойлы да отты жырлармен танылды. "Кәмила" (1960). "Көктем таңы" (1961), "Алатау қызы" (1963), "Ферюза туралы жыр" (1964), "Зулайды күндер" (1965), "Жүрегім менің сапарда" (1966) т. б. жинақтары шықты.

Фариза Оңғарсынова. Оның алғашқы өлеңдері Қазақстанның шөл далаларының өзгергені, адамдардың ерлігі, адамгершілігі туралы. Ф.Оңғарсынованың «Бұлбұл» атты алғашқы кітабы 1967 жылы жарық көрді. Ал ақын бір сұхбатында: "Алғашқы жазғаным 5-сыныпта бірге оқитын бір баланы келемеж етіп шығарған сегіз жол өлең болатын. Әрине, оны өлең деп айтуға келмес. Бірақ аздап ұйқасы, ырғағы бар нәрсе болғандықтан, қасымдағы құрбыластар өлең деп қабылдапты және үйлеріне «Фариза ақын екен» деп айтып барыпты. Олардың аналары менің шешеме келіп: «Сенің кішкентайың өлең жазады екен ғой?!» – депті. Әйтеуір, не керек, сол күні мен ақынмын деген оймен ұйқыға кеткенім есімде».-депті. «Жазушы» баспасынан «Әуен» (1970), «Мазасыз шақ» (1972), «Тәкаппар ұрпақтар» (1973), «Көгершіндерім» (1974), «Асау толқын» (1975), «Шөл» (1978) сынды кітаптары жарық көрді. Орыс тілінде ақынның өлеңдер жинағы «Нежность» (1977) және «Гончая птица» (1988) «Жалын» баспасында шықты. 

Сурет:celebrities.tj

Е. Жұмабайұлы