Мағжан Жұмабаевтың«Күміс нұрлы ай», «Жұлдызды жүзік, айды алқа қып берейін», «Сырдағы Алашқа» өлеңдеріне талдау.
Мағжан жырларының өзге ақындардан ерекшелігі – нәзіктігі. Мұхтар Әуезов «Мағжан - культурасы зор ақын» деп бекер айтпаса керек. Әр сөздің нәрін танып, келесі сөзбен байланыстыруы сөз мәдениетін қадірлейтінін көрсетеді. Оқырманына лириканың нәзік гүлін ұсынып, жырдан бал татырады. Сүйгеніне жұлдыздан жүзік, айдан алқа жасап сыйлайтын ақынның қиялында шек жоқ. Сөз болайын деп отырған заттың не құбылыстың қандай екенін көрсету үшін түрлі құбылыстармен салыстырып теңейді.
«Жұлдызды жүзік, айды алқа қып берейін»
Келші, көзім, күн бетіңді көрейін,
Сүйші, сәулем, тұншығып мен өлейін.
Жет, жұлдызым, жылжып қана жібектей,
Жұлдызды — жүзік, Айды алқа ғып берейін.
Сөзің — сиқыр, есті тұман басқандай,
Ессіз жүрек дария болып тасқандай.
Күлкің, Күнім, күндей күміс табаққа
Мінсіз сұлу меруертті шашқандай.
Шашың — толқын, жүрегімнің жарына
Соғылды да, батты ұлы зарына.
Айнам, саған арнап жырлар жазамын,
Қаламымды малып жүрек қанына.
Жырларыммен кестелейін орамал,
Бүлдіргендей бөбектайым бетің бал.
Балға талай шыбын қонуға ұмтылар,
Ұмтылғанда орамалмен қағып қал.
Еркетайым, келсең егер қасыма,
Сәулелерден шоқ кадар ем басыңа.
Көз жасымнан меруерт тізіп берер ем,
Келші, күлмей көзден аққан жасыма.
Келші, көзім, Күн нұрына көмейін,
Сүйші — өлейін, «неге өлейін?» демейін.
Жет, жұлдызым, жылжып қана жібектей,
Жүлдызды — жүзік, Айды алқа ғып берейін.
Cүйгенін жұлдызға, күнге, бетін күнге, сөзін сиқырға, шашын толқынға, бетін балға балаған ақынның ойы ерекше. Ғашығының күлкісі «күндей күміс табаққа меруерт шашқандай» мінсіз сұлу екенін, беті бүлдірген секілді екенін теңеумен береді. Өлеңде сағыныш бар. Оны «Жет, жұлдызым» деуінен танимыз. Сағыныштан алып ұшқан жүрегі дария секілді тасиды, сүйгенінің толқын шашы ақынның ұлы зарына кеп соғады. Оған арнаған жырын жүрегіндегі қанына қаламын батырып жазып береді. Оған жырдан кесте тоқып береді. Еркетайы жанында болса, сәулелерден шоқ жасап береді. Көз жасынан меруерт тізіп сыйлайды. Өлеңнің тұтастығы сақталған, егер, өлеңді керісінше, соңынан басына дейін оқысақ, өлеңнің мағынасы да, құрылысы да сақталады. Бұл – ақынның шеберлігі.
Жырларыммен кестелейін орамал,
Бүлдіргендей бөбектайым бетің бал.
Балға талай шыбын қонуға ұмтылар,
Ұмтылғанда орамалмен қағып қал.
Осы бір тұста аруға деген сын бар. Бетінің бүлдірген сынды балдай екенін айтып келе жатып, балға шыбындардың құмар екенін, олар ұмтылғанда, өзіңді қорға деп салыстырмалы параллелизммен түсіндіреді.
Сырдағы Алашқа
Атаң отқа табынған,
Өзің бірге бағынған.
Тәңірің - оттан боп үміт,
Атаң отқа табынған.
Жан ба еді ол жауға жалынған?!
Сыр бола ма жыр мен от?
От дегенің - аспан ғой,
Аспан жерді басқан ғой...
Төменге алып төнген ол.
Бір дегенің - жер ғой ол,
Жер дегенің - көр ғой ол,
Көрді сүйген, өлген ол.
Атаң отқа май салған,
Жан ба еді жыннан тайсалған?
Жаһұт жапқан ажыдан.
Жанын жасып, кірлеген
Отпен аспанға өрлеген
Алады екен аластап...
Салық салған Сырдағы ел,
Көрге мүлгіп болма қол,
Атаң сүйген отты сүй!
Шаппағанға шаң жұқпас,
Шаппағанға қан жұқпас.
Күйдірем десең, өзің күй.
Отқа табын, тәңір - от,
Оттан басқа тәңірі жоқ.
Сөзім - Сырдағы алашқа:
Жаның жасып, кірлеген,
Отпен аспанға өрлеген
Жаныңды, алаш, аласта...
Бұл өлеңнің ұйқастары, буындары жыраулық сарынға ұқсайды. «Сырдағы Алашқа» деп, барлық қазақ ұлтына жар салады. Отты киелі деп санаған ата-бабамыздың нанымын ұстана отырып, жасып, кірліген жанын отпен «Аласта!» дейді. Қазақтың қайсар рухын «Жан ба еді ол жауға жалынған?!», «Жан ба еді жыннан тайсалған?» деп көрсетеді. Сол кездегі қазақ ұлтының басына түскен небір қиын жағдайлардан арылыу үшін жанын отпен аластап, «ада болыңдар» деген ой тастайды. Сырттай бір оқысаңыз, өлеңде агрессия бар, налу бар, ашу бар. Жырмен өрнектелген үндеу де жоқ емес. Мағжанның романтикалық жырларынан бұл өлеңнің бітімі бөлек. Өйткені, өлеңде пафос бар. Мына өлеңнен Мағжанның азаматтық лирикасын тани аласыздар.
Күміс нұрлы ай
Жұлдыздар – алмас, жібек жел,
Сыбырласып жас қайыңдар бұраң бел...
«Қан қайнады. Жас жүрегім ойнады,
Бір сүйейін! Жақында, жаным, бері кел!»
«Сен сүйерсің, мен күйермін, жанармын,
Құшақтарсың – мен есімнен танармын.
Өлеңдетіп, жүйрікке мініп кетерсің,
Жүрегімде от, жылай-жылай қалармын!»
«Сүйші, сүй!» - деп сыбылап тұр жас терек,
«Құшақта!» - деп асығып тұр жас жүрек.
«Ұйқы көрмей, жүйрігімді жаратып,
Келіп тұрмын, енді, сәулем, не керек?»
«Түсу қиын ұшар құстың ізіне,
Сене алмаймын жас теректің сөзіне.
Бірақ, сәулем ерігендей боламын,
Бойым балқып, көзім түссе көзіңе!»
«Ыстық құшақ, отты сүйіс, балды тіл...
Бірдеңе деп күбірлейді жібек жел.
Бұл – жастық қой, жасыра гөр, жібегім,
Айтып қойсаң, амал қанша... өзің біл!»
Өлеңнің басталуы оқырманға бірден әсер етуі тиіс. Ал Мағжан жырын бірден «жұлдыз – алмас» деп оқушыны өзіне қаратып алады. Жұлдыздарды алмасқа балап, «жібек жел», «жас терек», «жас жүрек» деп эпитетпен кестелеуі өлеңге әр беріп тұр. Өлең тұтасымен кейіптеуге негізделген. Ақын махаббатты жас теректен сезінеді. Екеуінің арасындағы диалог құдды бір адам арасында жүріп жатқандай. Алдыңғы ойдан соңғы ойдың қуатын асырып, градациямен берілген тұстар да бар. Ол екеудің арасындағы диалогтен байқалады. Субъективті көзқараспен қарасаңыз, ақын адамның махаббатын теректен іздейтін секілді. Ақынға махаббат керек, бірақ ол ұлы сезімді теректен тапқандай. Бірақ, кім білсін, ақын сүйгенін астарлап беруі де мүмкін ғой.
Оқи отырыңыз:
1. Ә.Нұрпейісовтің «Курляндия» романына талдау
2. Балуан Шолақтың «Құлан кісінес», «Желіп-желіп», «Кенже қоңыр» әндері
3. Тың игеру кезеңіндегі қазақ әдебиеті
4. Жамбыл Жабаевтың «Зілді бұйрық» өлеңін талдау
Сурет: martinerobertson.com