Мағжан Жұмабаевтың «Жазғы таң», «Туған жер» өлеңдеріне талдау

Мағжан Жұмабаевтың «Жазғы таң», «Туған жер» өлеңдеріне талдау

Өмірге құштарлық, айналасындағы адамдарға, туған табиғатқа, жер-анаға ғашықтық туралы ойлар — Мағжан өлеңдерінің басты сипаттарының бірі. Ақын нені жырласа да, ерекше махаббатпен, шынайы жүрекпен жырлайды. Сол себепті де оның өлеңдері сырлы, сазды, көркем.

Бала жасынан зерек болып өскен, Мағжан «табиғаттың өз тілі бар» дегенге сенетін. Соны білуді, үйренуді армандады. Мөлдіріне ұзақ қарап, көл жағасындағы ақ маржан тастарды уыстап алып, иіскеп, көзін жұмып, рақаттанып тұрғаны да шындық (апасы Күләндәм, қызы Күлзипаның естеліктерінен).

«Табиғатты Мағжаннан көп, онан артық суреттеген қазақ ақыны кемде-кем шығар» - деп айтып кеткен Жүсіпбек  Аймауытов сөзінде үлкен мән бар. Ақынның табиғат лирикасына арналған бірнеше өлеңі бар. Олар: «Жазғытұрым», «Жазғытұры», «Жазғы таң», «Күз», «Жаз келеді», «Күзді күні», «Қысқы жолда» және  «Жазғы жолда».

«Жазғы таң» өлеңінде ақын таңның баяу атып келе жатқанын, мүлгіген тыныштықты шынайы жеткізе білген. Табиғаттың сұлулығын, әсемдігін, жүрекке жылы тиер шуағын нәзік қылмен шертеді. Сонымен қатар, 1912 жылы шыққан тұңғыш «Шолпан» атты жинағында жарық көрген бұл өлең өңінде ағартушылық сарын бар екенін де байқауға болады.

Жып-жылы түн маужырап 

Көтерілген жерден бу 

Саф күмістей жарқырап 

Тыныш жатқан тұнық су. 

 

Ақырын ескен жылы жел 

Маужыратып, тербетіп,- 

Таң атсын деп жайнап гүл- 

Өсіп балам ер жетіп. 

 

Таң атқанда жалбарып 

Тәңіріге құлдық қылғаны 

Ісіне оның таңданып 

Көңілі хаққа сынғаны. 

 

Көкке тиген биік тау 

Құшақтасқан тұманмен 

Қосылысып есен-сау 

Бал алысқан құмармен. 

 

Шырылдап торғай аспанда 

Бытпылдығы ән қосып 

Шала-шансар жатқанда 

Табиғатқа жан қосып. 

 

Міне, алтын таң атты 

Күншығыстан ағарып 

Көтеріп зұлмат қанатты 

Жер де кетті жаңарып. 

 

Таң, Күн деген жер жаны 

Екеуінсіз жоқ сәні 

Оқу-білім – ер жаны 

Жараспас ерге құр жаны.

Расында да, ақындардың арасынан табиғатты Мағжандай жырлаған ешкім жоқ. Ақын табиғаттың сұлулығын суреттеп қана қоймай, әлеуметтік, адамшылық факторлармен де байланыстырып отырған. Бұл тектес шығармалары мұрасының мәнін арттырады, өшпес, тозбас қасиетін белгілейді.

Мағжан нені айтса да, бейнелеп айтады. Ол үшін даланың тауы да, суы да, желі де ғажайып. Ақын өлеңдерінде адам мен табиғат астасып жатады. Қай шығармасында да Мағжан осы екі ұғымды бірлікте алып жырлайды. Ол өз өлеңдерінде туған жерге деген махаббат тақырыбын айрықша жыр арқауы еткен. Ақынға азаматтық та, ақындық та, ұлылық та дарыған. Сонан да болар – Мағжан поэзиясы оқырмандарының қойын кітабындай боп кеткен. Ақынның өзінің кіндік қаны тамған, шырылдап жарық дүниеге келген туған жерге деген перзенттік сүйіспеншілікке толы. «Туған жер» тақырыбына жазылған өлең арқылы оқырмандарын Отанды сүюге, мейірімді болуға, адамгершілігі мол болуға тәрбиелейді. Ұлтты сүю бақытымен өрілген, ыстық жүректен шыққан ақын жырлары оқушыларды ержүрек болуға тәрбиелейді, шығармашылыққа баулиды. 

Бұл жарыққа аяқ басып туған жер,

Кiндiк кесiп, кiрiм сенде жуған жер.

Жастық - алтын, қайтып келмес күнiмде

Ойын ойнап, шыбын-шiркей қуған жер.

 

Жаратылдым топырағыңнан, сен - түбiм.

Жалғаны жоқ, бәрi сенен жан-тәнiм.

 Сенен басқа жерде маған қараңғы,

Жарық болар Шолпан, Айым, сен - Күнiм.

 

Тәттi суың дәмi аузымнан еш кетпес,

Қалың нуың, қыр, суыңа жер жетпес.

Кең далаңда ойын ойнап қалсамшы,

Жазу болып адамзатқа ер жетпес!.

 

Балақ түрiп, қозы қуып, жарысып,

Батпағыңда тең құрбымен алысып.

Түнде - ақсүйек, алтыбақан, ал күндiз

Үйретем деп асау тайға жабысып.

 

"Адам басы - алла добы" деген рас,

Қалай қуса, солай кетпек сорлы бас.

Кiм бiледi, мен де шетке кетермiн,

Туған жерiм,сенi тастап басым жас.

Мағжан Жұмабаев – қазақ поэзиясында жарқын жырларымен от шашып, өшпес із қалдырған тұлға. Көркем сөзбен көрікті өлеңдерді әдебиетіміздің әлеміне сыйлаған ерек жан.

ХХ ғасыр алып тұлғаларының шығармашылық тағдырын зерттеуші, академик Рымғали Нұрғалидың сөзімен айтсақ: «Мағжан поэзиясы мәңгі өлмес, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасар алтын көпір, асыл қазына, інжу- маржаны махаббат, сүйіспеншілік, ғашықтық стихиясының сан алуан тылсым, жұмбақ күйлерін шерткен, терең ақындық шабыттан толқып туған, адам жүрегінің мың сан дірілін шеберлікпен бейнелеген, ішкі мазмұны мен түр кестесі жымдаса ұласқан, ықшам, жинақы, жұп-жұмыр жауһар дүние».

Сурет: qazaquni.kz

О. Сансызбай