- Негізгі бет
- Үй тапсырмасы
- Мағжан Жұмабаев лирикасындағы...
Мағжан Жұмабаев лирикасындағы ақындық “мен”
Қазақ әдебиетінде өзінің інжу-маржан өлеңдерімен өнегелі із қалдыра білген ғажайып ақындардың бірі – Мағжан Жұмабаев. Кіршіксіз сезім мен пәк махаббатқа толы өлеңдері – ғаламат шабытының көрінісі. Кең кеудесінен нұр болып төгілген лирика иірімдері ақынның армансыз лебізіндей. Мағжан ақын мен оның лирикасы біртұтас егіз дүние болып бірігіп кеткен. Әр ақынның, жазушының өзіне ғана тән жазу стилі мен ерекшелігі болады. Ақын – бұр лирикалық қаһарман, ол өзінің атынан тіл қатып, өлең сөзбен “сөйлейді”. Дәл осынау Мағжан Жұмабаевтың «ақындық менін» танытатын өлеңдеріне «От», «Пайғамбар», «Күншығыс», «Тәңірі», «Орал тауы», «Түркістан» атты от-жалынды жырларын жатқыза аламыз. Бұл өлеңдерінде өзара тартылып жататын үлкен идеялық желіні байқаймыз. Бір жағынан біз бұл жырларын қуатты лирикаға балаймыз. Мәселен, «От» өршіл рухты өлеңінде:
Күннен туған баламын,
Жарқыраймын, жанамын.
Күнге ғана табынам.
Өзім – күнмін, өзім – от,
Сөзім, қысық көзім де – от.
Өзіме-өзім табынам, –
дейді. Бұдан ақынның арынды асқақтығы айқын аңғарылады. Өзін құдіретті отқа теңей отырып, өзінің «менін» қуатты күшті отпен байланыстырады. Мұнда метаформа тәсілінің өте көркем қолданғанын көре аламыз: «өзім – от, сөзім, қысық көзім де – от». Одан кейін мынандай көркем тіркестер кездеседі:
Шынында, менің өзі де – от,
Қысылған қара көзім де – от.
Мен – оттанмын, от – меннен,
Жалынмен мен, жанамын.
Оттан туған баламын.
Мұнда ақын от пен өзін одан әрі байланыстыра түседі. «Мен – оттанмын, от – менен» деп анықтай түседі әрі от пен өзінің біртұтас бүтін бейнесін жасайды. Демек, ақын дегеніміз ол – от, ал от – дегеніміз ақын. Басқаша айтқанда, от – Мағжан, ары қарай таратсақ, Мағжан – от.
Ал Мағжанның «Пайғамбар» өлеңінде ақын өзін пайғамбарға теңейді:
Қайғыланба, соқыр сорлы, шекпе зар,
Мен – Күн ұлы, көзімнен Күн нұры бар.
Мен келемін, мен келемін, мен келем,
Күннен туған, Гүннен туған Пайғамбар.
Ағыла, ақтарыла өзін жырға қосады. Ақын өзін Пайғамбарға теңей отырып, ақындық қуатпен айналасына, бүкіл әлемге тіл қатады. Өзінің «менін» бүкіл әлемге, жер-жаһанға көрсеткісі келеді. Бұл жырдағы Мағжан ақынның «мені» - пайғамбарлық, пайғамбарлық қылу. Әлемді қара тұманнан, азғындықтан, жамандықтан құтқару. Қуатты өлең жолдарымен ақындық табиғатын жеткізе түседі.
Мағжан Жұмабаевтың атақты жырларының бірі – «Мен кім?». Бұл жырда ақынның «мені» мейлінше айқындала түседі, өрлік рухы шабыт ала түседі.
Арыстанмын, айбатыма кім шыдар?
Жолбарыспын, маған қарсы кім тұрар?
... Көкте – Күнмін, көпке нұрым шашамын,
Көңілге алсам, қазір ғарышқа асамын.
... Жалынмын мен, келме жақын, жанарсың,
Тұлпармын мен, шаңыма ермей қаларсың.
Аң патшасы арыстанға кім қарсы тұра алады? Ешкім. Демек, арыстан айбатты ақынға кім қарсы тұра алсын?! Ешкім. Сол сияқты жолбарыс қайраттыға кім қарсы тұрсын? Ешкім де. Ақын осынау айбаты мен қайраты жарасқан қуатты күшке айналады. Жалын, Күн, Тұлпар, Арыстан, Жолбарыс – ақынның «мені». Және де Мағжаннан басқа ешкім де бұлай жеткізуі мүмкін емес. Арманы асқақ ақынның қиялы да ұшқыр, асқақ. Табиғаттың небір тылсым күштерін өзіне бағындырады, өзін сол күштерге теңейді, ұқсатады. Осылайша өз ақындық болмыс бейнесін қалыптастырады. Асау жырлары – ақынның осынау болмысын берудің бір жолы.
Мағжан арынды ақын мен асау жырларды ғана тудырушы қаһарман емес. Ол бірде нәзік, бірде айбатты, бірде алау сезім құшқан болса, бірде қап-қара түнек, кек пен ашу. Ақын дүниеде бар барлық күшпен сырласа алады, барлық сезім күйін бастан кеше алады. Сәйкесінше мұның барлығын жырына қоса алады, оларды жырына айналдыра алады. Бір сөзбен айтқанда, ақын өзінің жырына айнала алады. Өлең мен ақын – бір бүтін нәрсе. Оларды ажыратып, бөліп те тастай алмаймыз, өзге бір нәрсені үстіне әкеп қоса да алмаймыз.
Ақынның «Сырым» атты өлеңінде сыршыл әрі мұңға толы әуені еседі.
Мен қуансам, жас баладай қуанам,
Көрген адам талай деген: «Есалаң!»
Мен қайғырсам, орнатамын қиямет,
Жас баламын – тағы да тез жұбанам.
Күлсем егер, еміс шығып күлемін,
Жылағанда қап-қара қан төгемін.
Қасым болса, қанын ішкім келеді,
Досым болса, жолында оның өлемін.
Өлең шумағының бойында сыршылдықпен қатар шерменді көңіл-күйдің табы сезіледі. Ақын бір сәтте қуана да, қайғыра да алады. Ол оған кедергі емес. Ақын көңілі бірде суып, бірде ысиды. Бірде күйзеледі, бірде көңілді күй кешеді. Мағжанның мұндағы «мені» жоғарыда айтып отырған қуатты, басқыншыл, өр рухты «мен» емес, лирикалық толқынға үн қосқан, сыршыл сезімі санасын билеген нәзік «мен». Ақын деген осы ғой. Ақындар әртүрлі. Мына күй ақынның нағыз күйі, шынайы бейнесі деп дөп басып айта алмайсың. Олар – көбелек. Бірде бар, бірде жоқ. Бір күндік ғана ғұмырда талай күйде басынан кешіп үлгереді. Келесі «Жас сұлуға» атты өлеңінде де ақындық «меннің» жаңа бір қыры ашыла түседі:
Мен ақынмын – ағынмын,
Сылдыраймын, сүйемін.
Мен ақынмын – жалынмын,
Шапшып көкке тиемін.
...Мен ақынмын – жел жүйрік,
Гуілдеймін, ұшамын.
Мен – ойыншы көбелек,
Көрінген гүлді құшамын.
Ақынның әртүрлі көрсетілген мынау өлең шумақтары ақын бейнесін одан әрі аша түседі. Лирикалық леп пен жүрек қылының қатар қағыс табуы ақынның жырына ырғақ беріп тұр. Ақынның жүрегі – оның ақындығында. Жүрек қалауымен жасаған, қиял ұшқынымен қалаған, қаламмен жазған жырлары Мағжанның ақындық «менін» әр қырынан жасайды. Мынау өлеңінде Мағжанның ақындық «мені» жігерлі көрінеді. Алайда нәзіктің те орын алған: «сылдыраймын, сүйемін». «Сылдырау» мен «сүю» тек Мағжанға ғана тән құбылыс. Алау сезіммен құшу да, өте нәзік, сырлы сезіммен аймалау да «жел жүйрік» ақынға тән.
Ақынның «Сағындым», «Сарғайдым» атты өлеңдерінде сары сағынышқа малынған күйін көрсетеді.
Сарғайдым күннен-күнге қуат кеміп,
Қалың ой – қара жылан жүректі еміп.
Ақырын бітіп барам жанған шамдай,
Көзіме ыстық жастар мөлт-мөлт келіп.
Сонымен қатар:
...Алтын Күнді, қара жерді сағындым,
Жан жолдасым – жүйрік желді сағындым,
Асау тайдай еркелетіп өсірген
Ағайынды, туған елді сағындым.
Ақын сағынады, содан келіп сарғаяды, ал оның жұбанышы тек өлең ғана. Өлең – ақынның жан жолдасы. Сағыныш табын өлеңге салудан басқа амал жоқ. Қайғы, мұң-шер «қалың ой – қара жыланға» айналды. Шырағы сөніп, қуаты кеміп бара жатқан ақын жүрек сағынышын өлеңге «мөлт-мөлт» тамшылатып жазумен шектелді. Сезімнің тығырыққа тірелген, ақын жүректің шарқ ұрып, аспандағы ай мен күнге қол созып зарыққан күйі Мағжанның жеңілген ақындық «меніндей». Сырбаз көңілмен сырласа отырып сағыныш күйін баппен жеткізеді. Мұнда сонымен қатар, Мағжанның сағынышқа малынған «мені» көз алдымызға келеді. Жаралы жүректің жарлы әні естіледі.
Ақынды көбелекке теңегеніміз бекер емес екен. Мағжан өзін бірнеше өлеңінде көбелек ғұмырлы тағдырын бөліп-бөліп суреттегенімен «Көбелек» атты өлеңінде толықтай жеткізеді. Көбелек от-жалынмен ессіз ойнайды, кейін ойнап жүріп өлім құшады. Ақын да дәл солай. Сезім атты асау толқынды теңізге бас қойып кетеді де кейін малтығып жүзе алмай батып тынады. Себебі сезімнің жолы қашанда ауыр. Сезімнің қанатына сыймай, өмірде өз орнын таба алмай қанша ақын қайғы кешті екен. Мағжан да сыймай кетті. Ең соңында қайғыға көміліп келмеске кетті.
Қысқасы, Мағжанның ақындық «мені» мен қаһармандық болмысы бір бейнеге еш сыймайды. Ақын бірде өршіл рухты, асқақ мақсатты болса, бірде қылаудан да әлсіз нәзік сезім иесі болады, ол сарғаяды, сағынады, қайғы шегеді, ал ең бастысы – сүйеді. Сондықтан да Мағжанның ақынның лирикасы толып тұрған әртүрлі «мендер» десек болады. Қуатты жыр, салмақты жыр, сыршыл жыр. Әр жырда ақын әр күйде, ал әр күй – бір «мен».
Сурет: wallpaperswide.com
Ж. Өрісбай